Әдеп кеңесі әдеп нормаларын бұзудың алдын алады

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, Астанадағы әдеп жөніндегі кеңестері Агенттіктің алқалы органдары болып табылады.

Әдеп жөніндегі кеңес өз қызметін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына, Әдеп жөніндегі кеңестер туралы ережеге, өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады және заңдылық, объективтілік пен әділдік, әдептілік, қоғамдық пікір мен жариялылықты ескеру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын қолдану қағидаттарын басшылыққа алады.

Осы барыста атқарылған жұмыстар жөнінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ұлан Серікұлы Қалжанов Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерімен өткізген брифингінде кеңінен баяндап берді. Әдеп жөніндегі кеңестің негізгі міндеттері — сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шаралар әзірлеу, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау, әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіру және мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу, — деді баяндамашы өз сөзінде. Ағымдағы жылдың 9 айында Әдеп жөніндегі кеңестің 9 отырысы өткізіліп, онда 121 мәселе қаралған. Оның ішінде: 104-і тәртіптік іс, 7-і өзге де мәселелер, сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындылары, мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың профилактикасы бойынша жұмысының қорытындылары, Әдеп жөніндегі кеңестің және Әдеп жөніндегі уәкілдің жұмысы туралы мәселелер қаралып, талқыланған. Әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымы бойынша тәртіптік жауапкершілікке 70 мемлекеттік қызметші тартылған, оның ішінде 50 мемлекеттік қызметшіге Әдеп кодексін бұзғаны үшін, 20-сына мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін шара қолданылған.

Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасымен биылғы жылдың 9 айында мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуы және мемлекеттік қызметшілермен қызметтік әдепті сақтауы бойынша 42 тексеріс жүргізілген. Оның ішінде: 4-і ішінара тексеру, 3-і мемлекеттік қызметшілердің өтініштері бойынша, 29-ы өзге де жеке тұлғалардың өтініштері бойынша, 4-і заңды тұлғалар мен мемлекеттік органдардың өтініштері бойынша және 2-і прокуратура органдарының тапсырмасы бойынша. Жүргізілген тексеру қорытындылары бойынша 492 бұзушылық анықталып, мемлекеттік органдарға заңбұзушылықты жою туралы 19 ұсыныс енгізілген.

Аталған ұсыныстарды қарау нәтижелері бойынша 20 мемлекеттік қызметші әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылған, атап айтқанда: 9-ы ескерту, 5-і сөгіс, 3-і қатаң сөгіс, 2-і қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, 1-і атқаратын лауазымынан босату. Мемлекеттік автокөлік құралдарын қызметтік емес мақсатта пайдалану фактілерін алдын алу және жолын кесу мақсатында Алматы облысының Ішкі істер департаментінің Жергілікті полициясы қызметімен бірлесіп 15 рейдтік шара өткізілген. Нәтижесінде Әдеп кодексі нормаларын бұзудың 13 фактісі анықталып, оның ішінде 3 факті Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралды, 7 факті бойынша мемлекеттік органдарға анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыныстар енгізілді, 3 факт бойынша мемлекеттік органдардың басшыларына алдағы уақытта мұндай бұзушылықтарға жол бермеу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізу ұсынылған. Алматы облысының әкімі аппараты басшысының 2016 жылғы 25 қаңтардағы бұйрығымен Әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары Алматы облысы әкімінің кеңесшісі Өмірәлиев Талғат Әбенұлына жүктелген. Алматы облысының 14 ауданы мен 3 қаласында, сондай-ақ Алматы облысының Экология департаментінде семинар-кеңестер ұйымдастырылған. Текелі, Талдықорған қалалары мен Көксу, Ақсу, Алакөл, Сарқан, Жамбыл, Талғар, Қаратал аудандарында жеке сұрақтары бойынша азаматтарды қабылдаулар өткізілген. Мемлекеттік қызметшілердің әрекеттеріне қатысты 27 шағым қаралып, белгіленген нысанда түсіндірмелер берілген. Еңбекшіқазақ және Қарасай аудандарының бас архитекторларына қатысты арыздар сол жергілікті жерлерге барып, қаралған. Брифинг соңында басқарма басшысы Ұлан Қалжанов БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған