Күйеуі мен әйелі (әзіл өлең)

Күйеуi:

Мынау iстi бүйтер ек,

Анау iстi сүйтер ек.

Кешке дейiн жалпиып,

Отырасың жүйкелеп.

Әйелi:

Маза бершi, ей, күйгелек,

Анау шөптi жый бөлек.

Ұзақ күнге жатасың,

Көзiңе шыбын үймелеп,

Күйеуi:

Жисаң өзiң жый бөлек,

Айттым маған тиме деп.

Өсек десе, шiркiн-ай,

Кiрер ме едiң кимелеп!

Әйелi:

Тағы ұтқыздың серкенi,

Жат ендi илеп көрпенi.

Тауды үйiне тасып жүр

Елдiң сендей еркегi.

Күйеуi:

Уа, кемпес ақырын,

Бұл сөзiңнiң аты кiм?

Бермесiңдi алады

Көрдiң бе елдiң қатынын!

Әйелi:

Сапылдап қал шешенiм,

Дұрыс болсын есебiң.

Бәрiн салдың картаға,

Қалды жалғыз есегiң.

Күйеуi:

Тарт, әй, байқұс, тiлiңдi,

Не дүниең бүлiндi?

Сенi де салам картаға,

Төлегемiн құныңды.

Әйелi:

Шығып па едi тиының,

Өттi маған күйiгiң.

Орта жолда өлмеп пе едi,

Бiзге апарған сиырың?!

Күйеуi:

Ой, көгергiр көсегең,

Қиқуладың кешеден.

Қонақ отыр, ұят қой,

Неткен өзiң есек ең?!

Мен:

Оу, кiдiршi, туысқан,

Жаман ғой сөз қуысқан.

Айтысам деп жеңгеймен,

Қаласың ғой жұмыстан.

Әйелi:

Әй, қайным, қайным,

Қайтем айтып айыбын!

«Мал табады» картамен,

Бұл отырған жайының.

Сауыншы ем мен фермеде,

Суретiм тұр көрмеде.

Жiбермедi қызғанып,

Мына надан көрмеге.

Кеше мынау мас едi,

Былай дедi Кәсенге:

Осы бiздiң Құйқабай,

«Как собака на сене».

Мен:

Бармаса өзi жұмысқа,

Сiздi ұстаса қуыста.

Ендеше сол Кәсендi,

Бұлай деуi дұрыс па?!

Оспанхан Әубәкіров

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған