Әйелі – Ханафи, күйеуі – «Сәләфи» немесе шариғатта жоқ қазақ дәстүрлері

Болашағын мөлдіретіп елестететін Нұрия әр істе байыппен шешім шығаратын. Бақытты әйел, ақылды ана болу оның маңызды мақсаттарының бірі еді. Тұрмысқа шыққан жылдары бәрі көңіліндегідей еді. Соңғы үш жылдың көлемінде отбасынан бір салқындық сезілді…

Бұрын шәй үстінде шүйіркелесіп отырушы еді, қазір отағасы бір жақта, өзі бір жақта мардымсыз хәлде отырады. Жолдасы тым тұйықталып, бұрынғы араласатын достарынан жырақтай бастады. Сылтауы – жұмыс. Сүттей ұйыған отбасыға салқындық қайдан келді деп ойларсыз. Алыстан емес. Ел ішін алатайдай бүлдіріп, дінді дүбәра, дәстүрді қор еткен түсінік үйдегі отағасының басына да бұлттай үйіріліп алған. Сөзіне құлақ салсаң, түңіліп кетесің. Мүфтият бас болып елдің барлығы мәулітті мерекелеп жатқанда, бұлар: «Мәулітті тойлау – бидғат. Мұхаммед пайғамбар туған күнін тойламаған» деп білімге емес, білімсіз пәтуаға жүгініп жүр.

Бүгін де екеуі сөзге келіп қалды. Сабыры жетпеген Нұрия:

Жарайды. Енді, мынаған не дейсіз? Біздің үлкендерге сәлем салуымыз ширк пе?-деп сұрақты отағасына төтесінен қойды. Отағасысы:

Сәлем салмаған дұрыс. Сен сәлем салмай-ақ қой,-деді.

Сонда маған үлкендер белің бүгіліп қалды ма деп айтпайды ма? Ертеңгі күні қызың тұрмысқа шығады. «Сәлем салма үлкендерге» деп үйретсең, тәрбие көрмеген деген жаман аты маған келмейді ме?, — деп, санасын сансыратқан ойын жеткізді.

Мына қыздың тұсауын қашан кестіреміз?

Тұсаукесер де шариғатта жоқ. Мен Құран және сахих хадиспен жүремін,-деді отағасы.

Ойпырым-ай! Сонда қазақ халқы дым білмей істеген бе бәрін?! Мұнан әрі айтысып-тартысудың қажеті шамалы еді. Өйткені, әйелі – ханафи, жолдасы – «сәләфи» еді. Қызықтың көкесі әлі алда. Ұл өссе, қыз бойжетсе, кімнен үлгі алады?.

Тамағына ащы өксік тығылған Нұрия жүзін бұрып, көзіндегі жасын көрсеткісі келмеген.

Білім қажет болса, сестралар бар ғой. Солардан сұра,-деген күйеуі дастархан басынан тұрып кетті.

Мешітке бір бас сұқпайтын, өздерінше хадис талдайтын қандай ғалымдар ол сестралар. Көзіңді ашып, балаларыңның болашағын ойламайсың ба?-деп Нұрия да сөзін батыра айтты. Бұл – ішінде арпалысып жатқан шыңғырған шындық болатын.

Иә, жүре берсең, көре бересің. Мұндай оқиғалар аз емес. Өкініштісі, тар түсінік шеңберіндегі жастар отбасын ойрандап, «ерге бағыну» ұғымын теріс пайдаланып жүрген секілді. Бір келіншек күйеуінен қорқып, бірде мәзһабпен, бірде мәзһабсыз жүр. Күйеуіне ұйыған уақытта намазын басқаша оқыса, ол үйде болмаған уақытта өз қалауынша оқиды екен. Себебі, күйеуі: «Сен ханафи бойынша неге намаз оқисың?» — деп бірнеше рет таяқтап тастаған.

Қайран сенім! Иманды ұрпақ тәрбиелеу мақсатында шаңырақ көтеріп, бір сенімде болғанға не жетсін?! Қазақтың дәстүрін түбегейлі жоққа шығарып, «бидғат» деп безілдеп жүргендердің жағдайы қандай аянышты!? 

Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ,

дінтанушы 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған