«Әкеден жақсы ұл туса игі, әкенің жолын қуса игі»

 

Марат Құдайқұлов туралы сөз

Тоқсаныншы жылдардағы аумалы-төкпелі кезең дамушы сектордың барлығына оңай тиген жоқ. Бұрынғы қора-қора қой, табындағы сиыр, үйір-үйір жылқы айналдырған бір-екі жылдың ішінде құмға сіңгендей жоғалды. Өнеркәсіптер құлдырап, әсіресе, ауылдар күннен-күнге көз алдымызда суалып жатты. Егістік пен жайылымдық жерлер бөліске салынып, ғимараттар, техника, қосалқы құралдар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Қараша халықтың ауылды тастап, қалаға кете бастаған шағы бұл.

Нарық қыспаққа алған осы бір тұста ауыл іргесінің сөгілуіне жол бермеген, бар дүниені талан-тараж қылмай, жұртты жұмылған жұдырықтай еткен, қазіргі таңда аты аңызға айналған «Қарабатыр» Агрофирмасы» ЖШС басшысы Жәзит Құдайқұлға қандай мақтау айтсақ та жарасады. Осыдан екі жыл бұрын өмірден озған ауыл шаруашылығы үздігінің ерлікке бергісіз жасаған істерін атамай кету азаматтығымызға сын болар.

Енді, міне, әке жолын қуып, бар шаруаны бүгінде елге беделді бола білген басшының ұлы Марат Құдайқұлов шашауын шығармай басқарып келеді. Марат Жәзитұлы облысымызды асып, республикаға, алыс-жақын шетелдерге аты шыққан әйгілі Қарабатыр елінің туын биіктетіп, жұртын жұдырықтай жұмылдырып отыр.

Қарабатыр десе, осы серіктестіктің негізін қалаған Жәзит Құдайқұлдың есімі қатар жүреді. Елге ең алдымен өз саласының білікті маманы, ұйымдастыру қабілеті жоғары басшы ретінде белгілі еді. Өйткені, ойын алыстан орайтын жетекшінің бастаған ісін жерге қалдырмай, аяғына дейін жеткізе білетін қабілеті көпті таң қалдыратын. Әйтпесе, сонау тоқсаныншы жылдардың қиын-қыстау күндерінде Қарабатыр елі секілді диірмен тартып, наубайхана, сұйық май шығаратын, шұжық өндіретін цехтар ашып, түйеқұс өсірген, қысы-жазы қымыз бен шұбат сапырған, жыл бойы жылыжайдан көкөніс жинаған қай ауыл бар? Немесе сол уақытта облыс орталығынан анағұрлым шалғайдағы ауыл орталық қазандық жүйесімен жылытылып отырды дегенге кім сенеді? Мұның бәрі ертегідей көрінсе де, сөздің шыны – осы. Заман түзелді десек те, қазір көп ауылдар тіршілік нәріне зар болып отыр. Ал Қарабатырда жердің астынан құбыр жүйесі арқылы келетін тұщы су, тіпті, кеңес заманынан бері үзіліп көрген емес.

Жәзит Кәрімұлы – ұлт жанашыры, заманымыздың нағыз патриоты. 1991 жылы сол кездегі Ворошилов кеңшарының директоры Моңғолияға өзі барып, ол жақтан алғашқы қазақ көшін Қостанай облысына бастап алып келді. Жәкең сол жылдың күзінде ауылда қазақ мектебінің ашылуына тікелей мұрындық болды. Сөйтіп, келген ағайынның балалары ана тілімізде білім алу үшін қалалардағы интернаттарды жағаламай-ақ, үйде жүріп оқуға мүмкіндік алды. Ал ересектер де жұмыссыз қалған жоқ, олардың көбісі күні бүгінге дейін Қарабатыр орта мектебінде ұстаздық етіп келеді. Жәзит Кәрімұлы өмірінің соңғы жылдарында ауылды басқару жұмысын Мараттың қолына сеніп тапсырып, өзі ақылшы болып отырды әрі алыс-жақыннан қандастарды көшіріп әкелуді тоқтатқан жоқ.

– Бір күні әкем Қызылорда жеріне бауыры аласа машинамен кетіп барады екен. Ол уақытта тізесі ауырып, жүріп-тұруы қиындаған кез болатын. Сондағысы, ауылға Сыр елінің жұртшылығын көшіріп әкелу. «Ұшақпен неге бармайсыз?» дегенімізге қараған жоқ. Әкемнің көрегендігін енді түсіндім. Ол кісі ауылымызға алдымен алыс жерден болса да еңбек ететін азаматтарды көшіріп әкеліп, екінші жағы қазақыландырсам деген ойы болған екен. Ертеңгі күнін ойлағаны ғой, – деп отырады Марат Жәзитұлы.

Жәкеңнің тағы бір жасаған еңбегі – Ворошиловтың атын иеленген ауылға байырғы Қарабатыр атын алып беруі. Бәзбіреулер қара басын күйттей алмай, тоқыраудан бас көтермей жүрген кезде, 1993 жылы ел болып, аруақ қонған батыр бабаның есімін ұлықтап, ас берді. Қарабатыр ауыл атының алысқа кетуі де – аруақтың разы болғаны деп біледі ел. Содан бері ауыл биіктегі тұғырынан түскен емес.

Биыл егін және мал шаруашылығын қатар ұстап келе жатқан Қарабатыр диқандары ауа райы шырай танытып жатса, күзгі жиын-терімді жылдағыдай уақытылы аяқтамақ. Астықты жауын-шашынның астына қалдырмай, үсік шалдырмай қырманға тасып алу – басты міндет. Жылда 25 мың гектардан астам алқаптың бидайы орташа он центнерден айналып келеді. Ал мал басын көбейтумен қатар, оны асылдандыру соңғы бірнеше жылда тәуір қарқын алып келеді. Мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасына қатысып, қазақтың ақбас тұқымды ірі қара төлдерімен қан жаңарту жүргізілді. Қазір серіктестіктегі мал саны 800 бастан асып отыр. Алдағы уақытта да тұрқы ірі, тұрпатты, етті Зеңгі баба тұқымын көбейту жоспарда бар.

Малды өсіру бар, оның жем-шөбін жеткізу де қысы-жаз күн тәртібінде тұратын мәселе. Көктемдегі егістік науқаны аяқтала салысымен, диқандар мал азығын әзірлеу жұмыстарына кірісіп кетеді. Азық бір қысқа ғана емес, келер жылдарға жететіндей етіліп қор жиналады. Күзгі орақтан кейін келесі көктемге дайындық жұмыстары бар.

Қарабатыр – бақ қонған, ырыс дарыған құт мекен. Атақты батырлар мен билердің елінде ел басқарған небір азаматтар, ақын-жазушылар, шетелдік қонақтар болып қайтты. Қарабатыр – мүсіндер мен көркем суреттер елі. Қазақ халқының ел басқарған хандары, билері мен ұлықтары, кеңестік дәуірдің тұлғалары, аң-құстардың бейнелері ауылдың есіктен төрге дейін ажарын енгізіп тұр. Шағын шаһарға кіре берістегі тұғырға қонған арғымақтың өзі ауыл атын әйгілеп тұр емес пе! Ауылға келетін меймандар ақшаңқан киіз үйде қонақ болып кетеді. Сол ақ орданың дастарханында Президент Нұрсұлтан Назарбаев та отырып, ақ батасын бергені елдің есінде.

Ал тоқсаныншы жылдың басынан бері ата өнеріміз жаңғырған дәуір болды. Қарабатырда жасалған ұлттық аспаптар мен тұрмыстық бұйымдар, киімдер, тоқыма кілемдер, сырмақ-тұскиіздер төрімізден орын тепсе, талай ел басшылары мен шетелдік меймандарға сый-тарту ретінде кетіп жатты.

Қарабатырда қонақ үй, асхана, стадион, кітапхана, мұражай, дүкен, монша дегендеріңіз алғашқы дағдарыс кезінен жұмысын тоқтатпай келе жатыр. Ол аз ба, осыдан бірнеше жыл бұрын ауылда балабақша ашылды. Ауылдағы мектеп те ауыл басшысының назарынан тыс қалып көрмепті. Білім ордасына күрделі жөндеу жүргізіліп, келешек ұрпақтың сапалы оқуы жолында ештеңеден аянған жоқ. Ал мәдени-бұқаралық, спорттық шараларға қаржылай-материалдық демеу жасау – жомарт басшы үшін дәстүрге айналған.

Қазір жас басшы Қарабатырды бір орнында ұстап отырмай, оны әлі де көркейтуге күш салып келеді. Соның бір көрінісі – ауыл шаруашылық техникаларын жаңарту жұмыстарын қолға алды. Мал қоралары жөнделіп, шатырлары қайта жабылып жатыр. Қарабатырда машина-трактор паркі, диірмен, қырман ауыл іргесі қаланғаннан бері жұмысын тоқтатқан емес. Төрт түлікті бағумен қатар, қысы-жазы қымызы мен шұбаты үзілмеген, республикада алғаш болып түйеқұс өсірген өңір. Серіктестік мектепке, қарттарға, аз қамтылған отбасыларға материалдық көмектерді үзбей көрсетумен келеді. Қоғамдық монша, ауылдық дәрігерлік амбулатория, балабақша, қауіпсіздік қызметі, мешіт, шіркеу халық игілігі үшін жұмыс атқаруда. Тазалық пен тәртіпке бағынған ел.

Айтпақшы, тоқсаныншы жылдар басында Қарабатырдың республикадағы елді мекендер арасында алғашқылардың бірі болып Алланың үйін салғанын ел біледі. Имандылыққа бет бұруды ауыл жетекшісі өзі бастап, басқаларға үлгі етуде. Марат Құдайқұлов ақсақалдармен жиі бас қосып, елдік, діни мерекелер, дәстүріміздегі шараларды өткізуді ұмыт қалдырған емес.

 

Қыдырбек Қиысханұлы,

Қостанай облысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған