Әкім болcаң халқыңа жақын бол..

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың аудандарға сапарында, жұртшылықпен кездесу, алқалы жиындарда сөйлеген сөзі ел назарын ерекше аударып жүр. Әкімнің атап айтқанын бүгін де оқырман назарына ұсындық.

 Ескі ұңғымалар залалы

«…… Атырау өңірінде бұрын игерілген 89 ұңғыма бар. Олар күні бүгінде  апатты жағдайда. Кей жерлерде сол ұғымалардан май ағып, жерді, суды бүлдіріп, экологиялық зардап әкелуде.Мұнымен қоса, Атырау облысында 180 гидрогеологиялық ұңғыма тіркелген. Олардан да су атқылап, қазіргі таңда бақылаусыз жатыр. Бұл – өте қауіпті жағдай. Қазір шара қолданбасақ, соңынан кеш болуы мүмкін».

Ата-ана бейқам болмасын!

«Қоғамда болып жатқан небір құқық бұзушылық, қылмыс, келеңсіз жағдай, осының бәріне жұртшылық бейжай қарамауы қажет. Әрине, қылмыспен күресу – құқық қорғау органдарының міндеті. Дегенмен, әр баланың дұрыс тәрбиеленуіне, тәлім алуына, саналы азамат болып қалыптасуына ең алдымен жауапты – ата-ана. Әркім өзінің жауапкершілігін сезінсе ғана қоғам алға басады».

Жақсылық жасау – парыз

«…..Санасында түйсігі бар, үлгерімі де, мінезі де жақсы балалардың оқудан қол үзіп қалмауын әріптестеріме үнемі айтып отырамын. Өмір ғой, кейде олар ұлттық бірыңғай тест кезінде сынақтан сүрініп немесе бір балл  кем алып жатады. Сондай білімді жастарды ел ішінде қаржысы бар, ауқатты адамдар қолдап жібергені, оқуын әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік жасағаны жөн. Мұндай жомарттық көрсеткен азаматтар да бар. Олар жасаған жақсылығын жария қылып жатпайды. Осындай жандардың қатары көбейе түссе нұр үстіне нұр».

Су қоры зерттеуді қажет  етеді

«….. Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында Көкжиде жерасты су қоры бар. Мамандардың айтуынша, ол толығымен зерттелмеген. Егер осы қорды  игерсе, оның тәулігіне 500-600 мың текше метр су беретін мүмкіндігі болады. Суды өндіру жерасты су қорына өте пайдалы. Себебі, фильтрациялық қасиеттері жұмыс жасап тұрған кен орнында оның  сапасы  жақсарады. Осыны ескеріп, Көкжидеден Құлсары қаласына дейін құбыр тарту мүмкіндігін қарастыру қажет».

Жақсы  сөз – жарым  ырыс

«….. Бірде Атырауға басқа облыстан жолдасым келді. Ол жол қозғалысына назар аударса керек, мынадай пікір айтты: «Сіздерде жүргізушілер жол жүру ережесін қатаң сақтайды екен. Белгіленген жерлерде жүргіншілерді өткізіп, асықпай күтіп тұрады. Адамның арына тиіп, балағаттап жатқан ешкімді де көрмейсіз. Атыраулықтардың мәдениеттіліктері жоғары екендігін байқадым» деді.

Жақсы сөз – жарым ырыс. Бұл алдымен әрбір адамның тәрбиесіне, қоршаған ортасына байланысты дер едім. Қазір Атырауда еңбек етіп жатқан шетелдік компаниялар көп. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұнда сырттан келгендердің қарасы мол еді. Қазір, керісінше, өзіміздің отандастарымызға өндірістің жауапты учаскелері сеніп тапсырылуда. Ал, инвесторлар заңдылықтың сақталуына, қоғамдағы тұрақтылыққа баса маңыз береді. Қызметкерлеріне де сондай талап қояды. Жаңағы танысымның сөзінен шығады ғой, Атыраудағы жол қозғалысындағы мәдениеттіліктің орнығуына осындай жайдың септігі бар. Бір-бірімізді қашан да сыйлап жүрейік».

 Азамат БАЗАРБАЕВ

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған