Әлемге әйгілі пианиношы Астанада

2013 жылы құрылған «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының Симфониялық оркестрінің құрамында 110 музыкант барын біреу білсе, біреу білмес. Жыл сайын тыңдау байқауынан өтетін өнерпаздар айналдырған үш жыл ішінде айтулы жетістіктерге жетті. Мәселен, еуропалық және америкалық гастрольдер, халықаралық фестивальдерге қатысу және әйгілі әртістермен және дирижерлармен шығармашылық байланыстың орнауы өнер ордасының мерейін үстем етіп отыр. Ал, бүгінде оркестр театрдың жетекші репертуарлық спектакльдерін, ұлы классиктердің симфониялық шығармаларын, рухани музыкалар мен концерттерін орындап жүргенінен көзі қарақты көрермен хабардар.

     Ал, биыл екінші рет өткелі отырған «Жібек жолы» фестивалінің бір жаңалығы Корея Республикасының өзі назарын аударып, қызығушылық танытып жатыр. Мысалы, әлемді мойындатқан пианино шебері Пэк Кон У елордада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігіндегі «Астана Опера» Симфониялық оркестрімен бірлесіп өнер көрсетпекші. Концерт 4 қараша күні театрдың Үлкен залында өтеді деп жоспарланып отыр.

dsc0301

      Пэк Кон У Карнеги-холл, Линкольн орталығы (Нью-Йорк, АҚШ), Уигмор-холл (Лондон, Ұлыбритания), Берлин филармониясы (Алмания) және басқа да әлемдік деңгейдегі концерт залдарында қалың көрерменді пианиноның сиқырымен баурап, қошеметке бөленген. Биыл 70 жасқа толған атақты пианиношы Джульярд мектебінде (АҚШ), Ұлыбритания мен Италияда Розина Левина, Илона Кабош, Вильгельм Кемпф және Гвидо Агости сынды майталмандардың «ұстаханасынан» шыққан. Ол – Өнер және әдебиет орденінің (Франция), «Мәдениетке қосқан үлесі үшін» орденінің (Корея Республикасы), Больцанодағы Бузони атындағы халықаралық пианиношылар байқауының алтын медаль иегері, жас орындаушылар арасындағы Наумбург байқауының бірінші және Алтын камертон сыйлығының лауреаты. Осыншама атағы болса да, қарапайымдылығынан бір айнымаған Пэк мырза былай дейді:

– Қазақстан, аймақтағы басқа елдермен қатар, сағыныш сезімін ұялатады, неге десеңіз, біздің түп тамырымыз бір алтайдан тарайды. «Жібек жолы» фестивалінің арқасында қазақстандық әртістермен бір сахнада өнер көрсете алатыныма өте қуаныштымын. Музыка әлемі шексіз, ол біздің Жер шарынан да зор. Мен әлі орындайтын шығармалар қаншама. Сахнаға шыққан сайын бұл асқақ өнерге деген таным-түсінігім тереңдеп, кеңейіп, сенімді бола түседі. Коммерцияға айналған бұл әлемде нағыз музыкамен айналысқан қиын, әйтсе де біз өз әуестігімізге берік болып, ұстанған жолымыздан қайтпауымыз керек.

ЕРМҰРАТ НАЗАРҰЛЫ

 

     

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған