Әлем мойындаған Желтоқсан көтерілісін қазақ неге мойындамайды? немесе «JELTOQSAN, 86» орталығы кешенін салған тараздықтардан үлгі алайық!

Қазақ халқы Ресей империясында үш ғасырдай уақыт бодандықта болды деп айтылып та, жазылып та жүр. Империяға қарсы қазақ үш жүзден аса көтеріліске шыққандығын тарихшыларымыз зерттеді. Осы үлкенді-кішілі көтерілістердің соңғысы Желтоқсан көтерілісі екендігі де ақиқат. Биыл осы көтерілістің өткеніне бақандай отыз үш жыл болады екен.
Алматы қаласының қазіргі Тәуелсіздік алаңына 1986 жылы 16-19 желтоқсан күндерінде жүз мыңдай көтерілісшілер атойлап шыққандығы айтылып жүр. Бұл бас көтеру бүкіл төрткүл әлемді дүр сілкіндірді, азап шеккен КСРО бодандығындағы елдерге рух берді. Қызыл империяның мызғымас шаңырағын шайқалтты, тәуелсіздігімізді жақындатты. Осы көтерілістен соң іле-шала басқа елдерде де толқулар орын алды.

 

Горбачевті сотқа берген ұйым

Желтоқсан көтерілісіне шыққандарды Мәскеу аяусыз басып жанышты. Жұмыстан, оқудан шығарды, азаптады, қорлады, зорлады, соттады, түрмелерге айдады. Жүзден аса адам сотталды. Екі адам ату жазасына кесілді. Оның бірі Қайрат Рысқұлбеков, екіншісі Мырзағұл Әбдіқұлов. Мырзекең жайлы көп айтыла бермейді. Ол өлген жоқ. Қазір жер басып тірі жүр. Жеті жыл итжеккенде отырды. Өзгелер сияқты Мырзекеңнің де отбасысы азап шекті. Зайыбы Қазына жеңгеміз қудалау көріп, тергеушілер түн бойына тергеп азап шектірді. Соның зардабынан ішіндегі нәрестесі ерте түсіп қалды. Бес баласы да қуғын көрді. Қызы он екіде гүлі ашылмаған күйі қаза тапты. Ұлының қасіретіне шыдамаған анасы да көз жұмды…


Мырзекең әлі де толық ақталған жоқ. Өтемақысы берілмеді. Бірақ қайсар мінезді ағамыздың ату жазасы алынып тасталынып, ол дозақтан амам-есен оралды. Ол төрт баласын өсірді, бәрі жеке-жеке үй болды. Өздеріңіз білесіздер Желтоқсан көтерілісіне байланысты оннан аса қоғамдық ұйымдар ашылды. Алайда олардың арасында ынтымақ- бірлік болған жоқ. Аға ретінде Мырзекең іні-қарындастарын бірлікке, ынтымаққа шақырып, ел үшін қызмет етуге шақырды. 2005 жылы өзі бастап «Желтоқсан көтерілісі» атты қоғамдық бірлестік құрды. Денсаулығына байланысты біршама жылдар бірлестіктің жұмысын жандандыра алмады. Соңғы бір-екі жылда ғана бірлестіктің жұмысын қайта жаңғыртып, жүргізе бастады. Қазір ол бастаған жігіттер мен қыздар алдарына зор мақсаттар мен міндеттер қойып отыр. Бірлестік ең алдымен Желтоқсан қаһармандары отбасыларының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жасауға тырыспақ. Сондай-ақ көтеріліске қатынасқандардың арасында ынтымақ-бірлікті нығайтуды мансұқ етпек.
Олардың тағы бір қолға алған мәселесі желтоқсандықтарды қатаң аяусыз жазалауға бұйрық берген М.С.Горбачевті халықаралық сотқа берді. Осы мәселе бойынша білікті азаматтар жүйелі жұмыс істеуде. Енді бір билікке қойып отырған талаптары қазақтың қанымен жуылған қасиетті де киелі Тәуелсіздіктің алаңын Аспан асты мұражайына айналдыру. Егер бұл талап жүзеге асып жатса алаңның екі жағына алып арқалар жасалып, ал мұражайда қазақ халқының барлық тарихы, басқыншыларға қарсы жасалған ұлт-азаттық көтерілістері, соғыстары, майдандары, ерліктері паш етіледі. Бұл кейінгі ұрпаққа ата-баба, ағалардың тамаша ерлігі өлшеусіз үлгі-өнеге болатыны даусыз.

 

«Асқар Мырзахметовке алғысымыз шексіз»

Әрине қоғамдық ұйым елімізде жасалынып жатқан жасампаз істерге де араласады. «Рухани жаңғыру» майданы, «Ұлы даланың жеті қыры» сынды Елбасының тамаша бастамаларынан шет қалмайды. Мәселен Жастар жылына деген үндеулерінің мәтіні дайындалып жатыр. Бірлестіктің қатары көбейіп келеді. Олардың қатарларында қазір тарихшылар, белгілі-белгілі ғалымдар, қаламгерлер және өнер адамдары және де басқа мамандық иелері бар. Өткен демалыста бірлестіктің төрағасы Мырзағұлдың басшылығымен Тараз қаласына барып қайтты. Жай барған жоқ филиал ашты. Қаланы да аралады. Облыс басшысы А.Мырзахметовтің соңғы кездері қаланы көркейтудегі жүзеге асырған тамаша жұмыстарына риза болды. Тараз қаласының тұрғыны Желтоқсан көтерілісіне қатысушы, облыстық Ардагерлер ұйымының жанындағы Салауатты ұзақ өмір сүру орталығының басшысы Исмаил Хаджимұратовтан қаланың көркіне көрік қосқан архитектуралық құрылыстар жөнінде айтып беруді өтіндік.


«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, халқымыз игі істер атқарған басшыларды ешқашан ұмытқан емес. Мәселен олардың қатарына марқұм Асанбай Асқаров ағамызды қосуға болады. Ал облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің атқарған жұмыстарын ерекше айтып кеткім келеді. Мысалға, «Жеңіс» саябағы ерекше көрініс тапты. Драма театрдың алдында елеусіз болып тұрған батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы ескерткішінің осы саябаққа әкелуінің өзі ұтқырлық болды. Жастар аллеясын жасады. Ол алдағы уақытта одан сайын гүлдендіре берілмек. Енді бір жасалған зор құрылыс «Jeltoqsan, 86» орталығының кешенді бейнесі. Төрт бірдей кешеннен тұратын бұл жасалған орталық қазір қалаға ерекше көрік беріп тұр. Оның біріншісі Қайрат Рысқұлбековтың жаңа бейнесі. Бұрын елеусіз бір жерде оның бюстісі тұратын. Бұл қойылған рухты ескерткіш халықтың көңілінен шықты. Екінші кешен «Желтоқсан ұсқыны» деп аталады. Үшіншісі екі жүз қырық метрге созылып жатқан «Желтоқсан толқыны» су бұрқағы. Су бұрқағы іске қосылғанда қазақтың күйлері ойнап тұрады. Төртінші «Желтоқсан» мұражай орталығы. Семей полигонына, репрессияға арналған символикалардың өзі неге тұрады. Желтоқсандықтарға арналған мұндай кешен меніңше республикамыздың бірде-бір қаласында жоқ. «Рақмет, Асқар бауырым!» — деп желтоқсандықтардың атынан алғыс айтқым келеді.
Әрине, бұл тамаша нәрселер жасалмай тұрғанда Асқар Мырзахметов ардагерлермен, халықпен кездесіп ақылдасты. Мақтанғаным емес, көптен ойда жүрген көкейтесті мәселелерді сөзіме арқау етіп мен пікірімді білдіргенмін. Қалада төрт каналдың тазаланбай сасып жатқанын айттым. Қазіргі «Желтоқсан орталығы» кешенінің орнындағы иттер қыдырып, алқаштар, қаңғыбастар жататынын айттым. Мені ардагерлер қостады. Осы игі жұмыстарға үлес қосқан тағы бір азаматтың ерекше еңбегін атап айтқым келеді. Ол облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы болған Берік Уәли бауырымыз. Берік келіп кездесу жасады. Мен Желтоқсан орталығы туралы пікірімді білдірдім. Оның мына сөзі менің көкейімде қалып қойыпты. «Әлем мойындаған Желтоқсан көтерілісін қазақ мойындаған жоқ», — деді ол. Мен бұған қосыламын…
Исмаилдың айтуынша, тек Комсомол көлінің маңынан 700 тонна күл-қоқыс шығарылған. Алматыдан келген қонақтар осы айтылған орындарда болып ерекше ризалығын білдірді. Расында мұндай «Желтоқсан орталығы» кешені сынды құрылыс бүкіл республикамызда әлі салынған жоқ. Үлгі алайық, ағайын!
Сөйтіп «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігінің ресми жиналысы болып, филиал ашылды. Оның төрағасына Мұрат Бердалиев бірауыздан сайланды. Бір өзгешелігі жаңа қабылданған филиал мүшелерінің арасында билік өкілдері де бар. Біз оларға жұмыстарының жемісті болуына тілектестігімізді білдіреміз.

Ертай Айғалиұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған