ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІҢ ҚУАТЫ МЕН ҚАҺАРЫ халықпен санаспаған билікті де шошындырды

Қазір әлеуметтік мәселе — құнан қымыздай «ақырған», әлеуметтік желі — кәрі бурадай «құтырған», кей шенеуніктердің бет пердесі ашылған, ел шыдай-шыдай ақырында ашынған қиын кезеңді бастан кешудеміз. Осындай өлара шақта әлеуметтік желіні «жанып тұрған отқа» теңесек, ниеті бұзық сұрқия адамдар сол отқа «май құйып» арандатуға дайын тұр!
Сонымен тиімді пайдаланса — дәру, дұшпандық ниетпен қолданса — қару деуге келетін әлеуметтік желілердің мен білетін түрлері мыналар: Вконтакте, Facebook, Twitter, Однаклассники, M-agent, Whatsapp, Instagramm, Viber, Другвокруг, Cacao Talk, Line, Imo, Skype. Бәлкім бұдан да зорлары шығып жатса таңғалмаймын.

 

АҚЫЛЫҢДЫ ДОС ТҰТ, АШУЫҢДЫ АУЫЗДЫҚТА!

Сәуле Мешітбайқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Негізі әлеуметтік желілерді ойлап тапқандар — оны қолданушылардың көп уақытын сонда өткізуі үшін барын салуда. Жылда миллиардтаған доллар бөлінеді. Бұл олардың бизнесі… Сондықтан ақша табудың небір құйтырқы жолдары қарастырылған. Ақылыңды дос тұтып, ашуыңды ауыздықтамасаң құлтемірге айналуың бір-ақ сәт. Ойыңды өрістете алсаң әлеуметтік желі — көмекшің. Алыс-жақынмен табыстырар, жаманнан жирендіріп, жақсылыққа бастар — серігің! Осыларды сараптай келе, әлеуметтік желінің шабарманы, құлақ кесті құлы болмауға күш салу — адам баласының ұлы міндеті. Бала-шағаны да әлеуметтік желіге «табынып» кетуден сақтау аға буынға үлкен сын!
Алпауыт күшке ие әлеуметтік желіні, әлеуметтік мәселемізді билікке жеткізетін, олармен пікір алмасатын, санасатын диалог алаңы қылсақ ұтпасақ, ұтылмаймыз. Әйтпесе, құр дау-жанжалмен уақытымыз өтіп, кім көрінгенге жем болып кету қаупіміз бар…
Бір заманда дана Абай, «Өлең — деген өсекші жұртқа жаяр, сырымды тоқтатайын айта бермей» деп өлең арқылы ішкі жан тебіренісінің көпке тарайтынын астарлап жеткізсе, бүгінгі жаһандану ғасыры — екінің бірінің шынайы өсек-аяңын халыққа тарататын құралға айналды. Баяғының абыздары ел ішіндегі келеңсіздіктерді алқақотан отырып, жүйелі сөзге арқа сүйеп шешетін болса, бүгінгінің «данышпандары» көзге көрінбейтін виртуалды әлемде өмірдің күрмеуін тарқатады. Тіпті бәрі шетінен көсем де шешен. Кесіп-пішіп сөйлейтіндерін қайтерсің. Өзі заңгер, өзі адвокат, өзі прокурор, өзі сот. Ұрымтал сәт келді ме, қапы жібермейді. Ұнатпай қалды ма, сойып салады. Өйткені «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ. Ар мен ұят жайына қалды кей адамдарда. Адамдық болмысты тануға, сананың ішкі иірімдерін білуге әлеуметтік желі — рентген сәулесіндей қызмет жасап тұр.
Әрине, аударылып-төңкеріліп жатқан лентаның өне бойында оның жақтаушылары мен даттаушылары өріп жүреді. Бейне қазақтың делебесін қоздыратын көкпар секілді! Ақыр аяғында жақ-жақ болып ғайбат айтып, әлгі «құрбандыққа шалынған» бишараның түте-түтесін шығарады… Бұл ең жеңілі.
Ең қауіптісі — бір кезде билікте болып, түрлі жолдармен қуғынға ұшырап, қара басын күйттеген «қайраткерлердің» қоғамда кездесіп жататын түрлі оқиғаларды тиімді пайдаланып, бар кінәні билікке қарай бұруға дайын тұратындығы. Сол жерден ұпай жинап қалуға өлермендене ұмтылатыны. Бар көксегені: тақтағыны тайдырып, қара сөзбен — жарлы-жақыбайды бай қылмақ. Ондай мансапқорлардың «ізбасарлары» да көбейіп барады. Қит етсе, «сынықтан сылтау» іздеп, билікке қарата өсек-оқты боратады-ай келіп. Тіпті біреулер жалған аккаунт ашып алып, «аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып» жатады. Ойлап қараңызшы, миллиондаған адам отыратын әлеуметтік желіде — сенің бірауыз сөзіңнің бағасы қандай?! «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» дегеннің салмағы да осы арада білінеді.

 

ХАЛЫҚПЕН САНАСПАҒАН БАСШЫНЫҢ ҚҰНЫ КӨК ТИЫН

Иә, Елбасының ақ, адал ниетін, ұлтына деген жанашырлығын халыққа дұрыс жеткізе алмай жатқан басшылар бар. «Бір қарын майды, бір құмалақ шірітіп жатса» қайтеміз енді. Соған бола тұтас билікті қаралау қай жағынан қарасақ та әбестік. Әрине ана ретінде, бүгінгідей әлем дүрліккен, әлеуметтік желіге ғалам көз тіккен дәуірде, ел қызметінде білімді, білікті, елге жаны ашитын азаматтар отырса дейсің. Себебі халық сауатты. Бәрін көріп-біліп отыр. Артық ауыз сөзің — жарға тығып, дандайсып кетсең жалаң сөзің — орға жығып кетуі әбден мүмкін. Сол себепті ел тұтқасын ұстаған азаматтар халықтың алдында өздерін әдепті, әділетті ұстаса деймін. Халыққа деген жанашырлық олардың жүздерінен көрініп тұруы керек қой. Халықты — айна деп бекер айтпаған. Одан өзін көрмеген басшы кімге керек?
Әлеуметтік желі туралы мақала жазып отырып, сол әлеуметтік желіде Асылхан Мамашұлы деген журналистің жазған пікірін көріп қалдым. Басшылар оқыса сабақ алатын-ақ нәрсе! Бірге оқиық жазбаны.
«Алатау ауданы басшыларының халықпен кездесуінде байқағаным:
1. Әкім екі орынбасарымен көпбалалы әйелдерге қарсы бетке, биік төрге отырмауы керек еді. Халыққа қарсы отырудың өзі қарсылас екенін көрсетеді. Биікке отыру — өзін халықтан биік санау. Бұл да негативті күшейтеді.
2. Әкім бастаған шенеуніктер халықтың келетінін алдын ала білді. Сондықтан ақ көйлек, галстук, сым шалбарды қоя тұрып, водолазка мен пиджак, я свитер кие салса болар еді. Үйінде көмірі жоқ әйелдер сықиған шенеунікті қайбір ұнатады.
3. Әкім жас жігіт бола тұра бұйыра, жеки сөйлеуге, әйелдердің мысын баса сөйлеуге тырысты. Жаргон сөздерді әрең ұстап отырғаны байқалды. “Біздің балдар көмектесіп жатыр” деп өз қызметкерлерін айтқаны, т.б. сөз қолданысы халықты жұбатуға келген адамға ұқсамады. Әкім негізгі мәселені шеше алмайтынын біледі. Сондықтан оның міндеті — ашынған аналарды барынша зейін қойып тыңдап, солармен бірге жылап жіберетіндей боп көріну керек еді». Дұрыс пайым. Зерделі пікір. Салмақты ой.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерді желпіндіріп тұрған тақырып — ашынған аналардың зар-мұңы. Біреулер шынымен-ақ аяп пікірін жазып жатса, баз біреулер «аттандап», «ұрандап» жатыр. Жоғарыда жазғанымдай кейбір жік туғызушылар, оңтайлы сәтті пайдаланып, «әкімдіктерге басып кіруге», «көшедегі көліктерді тоқтатуға» т.б. шақырып, тасадан билікке тас лақтырып әуре.
Осылардан менің пайымдағаным, әлеуметтік желінің, ондағы таралып жатқан сан қилы видеолардың қарапайым халыққа әсері күшті. Жақсылық та, жамандық та тез тарайтын болғандықтан, «екі елі ауызға төрт елі қақпақ» қою мүмкін емес. Билік басындағы азаматтар осыны қаперде ұстағандары абзал. «Қате болайын десе быламыққа да тіс сынады» деген. Мысалы, 20 жылдан аса Парламент Мәжілісінде міз бақпай отырған Мұхтар Тінекеев деген депутат, былайғы жұртқа «қойдан жуас» көрінетін. Бір күні абайсызда «маскасын» шешіп тастап еді, шынайы бет-бейнесі жарқ ете қалды. Оны қасында отырған адамдардың бірі видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктей қойыпты. Сонда ол не істеді дейсіз ғой, өзінің ежелгі танысын бастан ұрғылап, небір боғауыз сөздерді төпелеп сазайын берді. Осылайша «құтты орнынан, құтырып кетті». Сондағы әлеуметтік желінің шулағаны-ай. Президенттен бастап лағнеттеген пікірлердің шегі болмады. Ол мырза, жай кетпей, өзіне сенім артқан билікті, президентті жерге қаратып кеткенін сезінді ме екен?!. Бұл биліктегі шенеуніктерге сабақ болуы керек еді…. «Әттең тонның келтесі-ай». Одан бері де талай сұмдықтарды көзіміз көрді… Бәрі де әлеуметтік желі арқылы дер кезінде тарап отырды. Міне, саған әлеуметтік желінің күші мен қаһары! Ол жерде кілең ығай мен сығай отыр деуге болмас. Бірақ қоғамға ой тастайтын, билікке «Қызым саған айтамын, келінім сен тыңда» дейтін емеуірін айтылатын жер деп бағалауға болады. Керегіңді ал да, керек емесін күресінге лақтыр! Болды!

 

БИЛІКТІҢ БЕТІН БЕРІ ҚАРАТҚАН ДАУЫЛ КҮШ

Әлеуметтік желі де бес баланың шырқырап отқа жанғаны, әлеуметтік мәселенің ушыққаны, соның ішінде көпбалалы аналардың тұрмыс-тауқіметіне қатысты көтерілген пікірлер, бірнеше күннің ішінде қоғамды дүр сілкіндірді.
Ақиқатын айтайын, аналардың ашынуына, олардың көшеге шығуына, әкімдіктерге баруына — билік тұтқасын ұстап отырған кей азаматтардың тікелей қатысы бар. Жауапты министрліктерде көпбалалы аналар мәселесін талқылаған жиындар өтпеді деуге дәтім бармайды. Бірақ сөз бұйдаға салынып, қаржылық тетіктер дұрыс жолға қойылмай, «Сен саларда мен салар, қойға шөпті кім салардың» кебін киді. Егер бәрі дер уақытында шешілген де бүгінгідей айқай-шу белең алмас та еді-ау. Ақыры, жағадан алған қымбатшылық, көпбаланың тауқіметі, әсіресе Мәдина секілді министр қыздың «16 мың теңгеге көпбаланы асыруға болады» деген ұшқары, халықтың, соның ішінде әйел затының, аналарымыздың ашуын туғызды.
Әсілі, қазақ халқы «Өкпеге қисада, өлімге қимайтын» халық. Ойлағандары іске асып жатса, «Бетегеден биік, жусаннан аласа» болып қалуға бейім…
Билік басындағы азаматтар әлеуметтік желінің құдірет-күшін соңғы күндері сезінсе керек әлеуметтік желі арқылы елге көрсетіліп жатқан қызметтерді тарата бастады. Жаңа жобалардың құлақтары қылтиады. «Ғұмырлары» ұзақ болсын дейміз. Демек сең қозғалды. Қате-кемшіліктер жолға қойыла бастағанына шүкір етейік…
Сонымен жаңа жоба «Нұр Отан» партиясының бастамасымен қолға алынып отыр. «Ештен кеш жақсы» дейік. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен өткен брифингте белгілі болды.
Аталған жоба бойынша партия жанынан құрылған Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес аясында партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істемек. Онда көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мен барлық мұқтаж жандарға мемлекеттік әлеуметтік көмекті қалай алуға болатындығы туралы толық ақпарат беріліп, нақты көмектер көрсетіледі. Мұның бәрі «халық қаласа, хан түйесін сояды» дегенге жақын пайым. Немесе «Жыламаған балаға емшек бермейді» деп тәпсірлеп қойсақ та жарасады.
Жиында Мәулен Әшімбаев Елбасының тапсырмасымен елімізде әлеуметтік саланы дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол аталған жүйенің маңызына тоқталды. «Бүгінде түрлі себептерге байланысты көптеген қазақстандық отбасылардың заң бойынша өздеріне тиесілі көмекті ала алмай отырғанын көріп отырмыз. Сол сияқты жергілікті атқарушы органдар тарапынан берілетін көмектен қағылып отырған отбасылар да бар. Сондықтан партия Бірыңғай әлеуметтік терезе жобасын қолға алды. Ол жерде біздің қызметкерлеріміз тек кеңес беріп қана қоймай, істің соңына дейін жеткізілуіне көмектеседі», — деді нық сеніммен.
Көпбалалы аналардың талап-тілегінен, әсіресе әлеуметтік желідегі пікір таластардан туындаса керек (Билік ол жерге де көз жүгірте бастағаны байқалады). Әлеуметтік терезе арқылы мұқтаж жандарға көмектескісі келетін үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіпкерлерге де мол мүмкіндіктер туғызуға жағдай жасамақ. Яғни қайырымдылық жасағысы келген азаматтар партияның қабылдау бөлмелерінен мұқтаж отбасылардың тізімін алып, оларға тікелей көмектесуге мүмкіндік алады.
Іс-шара барысында «Бақытты отбасы» партиялық жобасының қайта жанданатыны туралы да айтылды. Сол арқылы мемлекеттік орган өкілдері мен нұротандықтар әр үйді аралап, көмекке мұқтаж отбасылар мен зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар туралы мәліметтер жинақтайды.
Мұның бәрі әлеуметтік желі арқылы қанаттанған пікірлердің жиынтығы. Билік халықпен санаса бастады. Демек, алда үлкен таңдаулар мен талғамдар күресі тұр.

 

ҚОҒАМ — ҰЛТТЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ОЙЛАЙТЫН ТҰЛҒАҒА ЗӘРУ

Әлеуметтік желіні қотара жүріп айтылған сөзбен — жасалған істің аражігін сараптай келе мынадай ой түйдім. Ел іші ғой, бәлкім қоғамда ұлттық деңгейде ойлана алатындар бар шығар, оған дауым жоқ. Бірақ ашық айтарым: оларда мінез жоқ. Батыл емес. «Арбаны сындырмай, өгізді өлтірмей» алып шығатын саясаткерлігі шамалы. Бәлкім 1-2 рет төбе көрсетіп, аузы күйіп, жүрегі шайлығып қалғандікі шығар. Сол үшін қазір бейтарап. Көрінбейді, халық танымайды.
Мүмкін мен тұлғамын деп жүрген біреулер бар шығар, өте батыл. Шешен. Саясаткер. Бірақ халық құрметтемейді. Себебі ақша бергеннің әнін айтып, бермегенді қаралайтын қасиетін ел біліп қойған. Мүмкін ол кемшілігін өзі көрсетіп алған. Сол үшін де оларды ел тұлғалыққа жаратпайды.
Жоғарыда айтқанымдай әлеуметтік желі үлкен күш. Бірақ сарабдал саясат ұстанатындар легі тым аз. Жоқ деуге де болады. Осыны көре-тұра, біз тұлғалы азаматтары бар қоғам болуға лайық болмай қалдық па деген күдік басады еңсені! Себебі, аңдитынымыз дау, айтатынымыз өсек. Талқылайтынымыз өнбес іс. Тілеулестік азайып, көре алмаушылығымыз басым. Болам дегеннің белін бумай, бетін қағамыз. Өссе күндейміз, артта қалса табалаймыз. Осыларды ойласам жүрек ауырады. Құдай сақтасын!
Бұл бір өтпелі кезең болып, алдымызда жақсылық болсын ылайым! Әлеуметтік желінің әлегі ме, әлде өр кеуде басшылардың кесірі ме, аналар биліктен теңдік сұрап емес, көпбалалы отбасыларды қорғайтын кеңдік сұрап көшеге шықты. «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді», «Әйел — қырық шырақты», «Әйел — қоғам айнасы» деген тәрізді ұлтымызда тағылымды сөздер бар. Шындығында, әйелдің болмысы қаншалықты нәзік болғанымен соншалықты қайратты. Бүгінгі қоғамда гендерлік саясат — нәзік жандылардың ер адамдармен өзара билікке таласуы деп түсінетін жандар да бар. Жалпы, мен бұл пікірмен келіспеймін. Себебі, әйел ең алдымен ол жар, ана, келін. Сондықтан да қоғамда болып жатқан кейбір мәселелерге әйел адам ең алдымен, өзінің аналық жүрегімен қарайды және даналық пен парасат биігінен талап етеді. Қай қоғамда болмасын аналары дорба арқалап, тұрмыс тауқіметін шексе — ол қоғамның басқару тетігінің бір жерінде ақау бар деген сөз!..

 

ТҮЙІН:

ЦИФРЛАР МЕН ПАЙЫЗДАР ЕМЕС, ӨМІР САПАСЫ КЕРЕК

Әлеуметтік желілер мен сайт біткен, күрмеуі қиын әлеуметтік мәселелер жайлы, көпбалалы аналардың хал-ахуалына қатысты жарыса жазып жатыр. Әлеуметтік желіде: «Ау, бұрын қайда қараған? Егер бес бала өртенбесе, көпбалалы аналар талап етпесе, мұның бірі де жасалмай ма?» — деушілер де қара көрсетіп жатыр. Тіпті әкімдіктің алдына барып жылаған аналардың арасында өзге ұлт өкілдерінің қарасы көзге шалынбағаны да қызу талқылануда. Ауылды жерлерде әлі күнге мемлекеттің назарынан тыс қалған көпбалалы аналардың бар екендігін ащына жазып, биліктің соларға мойын бұруын талап етіп жатқан адамдар да көп.
Егер билік әлеуметтік желідегі халықпен санасып, сын-ескертпелерге құлақ түріп отырса, ұтары мол.
Айтпақшы әлеуметтік желіде таралған, бұрыннан елдің ықыласына бөленген Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың мына сөзі талайға ой салары анық. «Мен өзім де 11 бала дүниеге келген отбасынан шыққанмын. Оныншы баламын. 14 жасымнан жұмысқа салып, тәрбиелеген ата-анама ризамын. Өзім бес бала тәрбиелеп отырмын. Бүгінгі кездесуге 300-ден астам адам жиналды. Көтеріліп жатқан мәселелерді жақсы білеміз. Бір күннің ішінде барлық мәселені шешу мүмкін емес. Дегенмен, әрбір жағдайды қарастырып, қажет болса үйлеріңізге барамын… Көпшілікті тұрғын үй, жәрдемақының көлемін арттыру, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жеңілдікпен ем алу, қоғамдық көлікте жүру жолақысы мазалайтыны белгілі. Көпбалалы отбасыларға депутаттар, бизнесмендер, шаруа қожалықтардың басшылары бекітіледі. Олардан бір реттік көмек талап етілмейді. Адамдарға балық емес, балық аулау үшін қармақ беру керек. Яғни, жұмысқа орналастырып, білім алуға және тағы басқа мәселелерін шешуге көмек көрсету қажет», — депті. «Жақында Instagram желісінде жеке парақшам ашылды», — дейді Болат Бақауов. Алғашқы күндері-ақ оған жеті жарым мың пайдаланушы жазылды. Тұрғындар сол арқылы өз өтініштерін жолдап, өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарын жолдауда. Барлық әкімдерге әлеуметтік желілерде жұмыс істеуді қолға алуды тапсырамын.
Әлеуметтік желіде халықтың ризашылығына бөленіп жатқан әкімнің бірі — Қарағанды облысының басшысы Ерлан Қошанов. Халық ерлікті сүйеді. Мәрттікті бағалайды. Ұлтжандылықты құрметтейді. Күні кеше Қарағандыдағы «Көне Рим» мейрамханасындағы армян жігіттері мен қазақ балаларының арасындағы қанды оқиғада, қалың жұртының ортасынан табылып, басу айтқаны ел есінен өлсе шығар ма?
Осындай ұлтжанды әкімнің: «Мемлекеттің ең басты құндылығы — адам және оның өмірі екені сөзсіз. Сондықтан халық табысының өсуі мен өмір сапасының артуы — біз үшін аса маңызды. Сол себепті мен бүгін бірінші кезекте тұрғындар үшін ең маңызды мәселелерге көңіл аударғым келеді. Олар — халықтың табысы мен бағаларды тұрақтандыру, білім, медицина, тұрғын үй және экология мәселелері. Бұлар біздің азаматтарымыздың әл-ауқатының негізін құрайды. Адамдарға цифрлар мен пайыздар қажет емес. Олар өмір сапасының нақты іс жүзінде артқанын қалайды. Сол себептен де мен осы мәселеге назарларыңызды ерекше аударғым келеді, — деп аналардың талап-тілектерін ескеретінін анық аңғартып жатыр.
Әлеуметтік желідегі көпшіліктің ризашылығына бөленгендердің сапында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облысының әкімдері де бар. Барлық облыстардың әкімдері де «Нұр Отан» партиясының бастамасын қолдайтындарын ашық жазып, қоғам талқысына ұсынып жатыр. Бұған «әп бәрекелді» дегеннен басқа не айтуға болады. Халық қалаулыларының белсенділігі де артты. Ештен кеш жақсы. Енді осы қимыл-қозғалыс науқанды болмай берген уәделер орындалса игі…
Сөз соңында әлеуметтік желінің жақсылығы мен жамандығын, итжығыс түсіп жататынын айтқым келеді. Өйткені сіз ұнатқан тұлғаның, енді біреудің көңіліне жақпасы тағы белгілі. Ұлы Абайдың: «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып» деген ойын осы араға сыналап енгізіп жібергім келіп тұр…

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған