Әлиханға арналған монета жарыққа шықты (ФОТО)

Бүгін Елордадағы «Ақжол» демократиялық партиясының Орталық кеңсесінде тағы бір айтулы оқиғаның куәсі болдық. Бұл жолы ҚР Ұлттық Банкі белсенділік танытып, ЮНЕСКО-ның өзі ілтипат танытып, әлемдік деңгейде 150 жылдық мерейтойы тойланып жатқан Әлихан бейнесі салынған «100 теңгелік» монетаны жұртшылыққа таныстырды. «Ақжолдықтардың» ұсынысын жерге тастамай, Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына орай сүбелі сый жасаған ҚР Ұлттық Банкіне алаштанушы-ғалымдар дән риза. Рәсімге қатысушылардың бірі, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, Алаш оқымыстысы Қошке Кемеңгерұлының ұрпағы Қайырбек Кемеңгер былай деп өз ойымен бөлісті:

-Дәл бүгінгі күні қазаққа рух керек. Сырттан келетін қауіпке қарсы ішкі бірлігімізді нығайтатын рухты күшейтетін бірден бір нәрсе, ол – Алаш мұрасы дер едік. Осы орайда бүгінгі атқарылған игі шара мұның бәрі құптарлық дүние. Әр қазақ Әлиханды іздеуі керек, Әлиханды жоқтауы керек. Ол – қазақтың тұңғыш кәсіби журналистерінің бірі, саясаткер ғана емес, ол – ең алдымен ұлтын сүйген азамат. Қазақтан шыққан алғашқы депутатты бүгінде «Ақжол» партиясының депутаттары іздеп, алдыңғы атқарылған жұмыстарды былай қойғанда, осы шығарылып отырған монетаның өзі мақтауға тұрарлық іс.

%d0%bc%d0%be%d0%bd%d0%b5%d1%82%d0%b04

     Иә, Алаш идеологиясын, тіпті, Алаш ұғымын, Әлихан есімін Парламентте көтерген Ақжол» партиясының депутаттары екені баршамызға мәлім. Қазақ елінің тәуелсіздігі жолында аянбай еңбек еткен, «Алаш-Орда» қазақ ұлттық автономиялық  үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның құрметіне жасалған мерейтойлық монетаның салмағы 11,7 грамм, диаметрі 31 миллиметр. Салтанатты рәсімге қатысушыларға естелік ретінде тарту етілген монета 100 мың таралыммен шықпақ.

%d0%bc%d0%be%d0%bd%d0%b5%d1%82%d0%b02

-Бұл таныстырылым шарасы – Әлихан Бөкейханның тұлғалық қасиетін айқындау ісіне қосылған үлкен үлес. Қазақ айтады: «Тасқа басылған таңба ешқашан өшпейді» деп. Әлихан Бөкейханның тұлғалық қыры енді міне ұлттық банктің мерекелік монетасына бейнеленіп отыр. Бұл дегеніңіз – болашақ күндері ұлттық музейлер мен көрмелерге қойылып, өзінің тарихи құнын арттыратын, сапалы әрі құнды, қымбатты экспонат болары хақ. Монетаға Әлиханның тұлғалық келбетін бейнелеу дегеніміз – оның тұлғалық қырын жастар мен жасөспірімдерге насихаттау, таныту деген сөз. Қазақ еліне шет елден келетін қонақтар, туристер ұлттық банктің шығарып отырған бұл монетасын өздеріне кәдесый ретінде сатып алып, Қазақ елінен әкелген тәберігіміз деп ұрпақтарына айта жүрері анық,-дейді жас та болса Алаш идеологиясын насихаттап, Әлихан есімін дәріптеп жүрген әдебиеттанушы Елдос Тоқтарбай.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ,

Суреттерді түсірген Ержан ЖАУБАЙ

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған