Notice: Constant WP_DEBUG already defined in /var/www/www-root/data/www/minialgo.kz/wp-config.php on line 52
ӘР БАЛАҒА 21 МЫҢ ТЕҢГЕ ТӨЛЕУ, ДЕМОГРАФИЯҒА ДЕМЕУ! БІРАҚ… – “ЕлАна” әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайты

ӘР БАЛАҒА 21 МЫҢ ТЕҢГЕ ТӨЛЕУ, ДЕМОГРАФИЯҒА ДЕМЕУ! БІРАҚ…

«НұрОтан» партиясы съезінен кейінгі ой-толғам

 

Сәуле Мешітбайқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

 

Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі де тарихтың қойнауына кетті. Артында түрлі саяси пікірлер мен мақтау-мадақтаулар ғана қалды. Адамзат жаратылғалы неше мың құрылтай, қаншама жиын-кеңестер өткені белгісіз. Белгілісі — дәуірінің тамырын дөп басқан, келешек ұрпаққа жалғасқан данагөй шешімдер ғана. Әйтпесе «Күлтөбенің басында күнде жиыннан» халыққа не пайда? Бай мен бағыланның, жарамсақ ақындар мен көзін шел басқан данышпандардың мадағы мен одасынан «қой үстіне бозторғай жұмыртқалап» кетсе, Рим империясы күйремес еді ғой. Заманында дүрілдеген, Мәскеу княздіктеріне салық төлеткен «Алтын орданың да» түбіне мақтан мен мақтау жетті дейді бізге жеткен жылнамаларда. Әріге бармай-ақ, «мәңгі жасайды деген» КСРО-ның да құрдымға кетуіне «Бізде бәрі жақсы» деген мақтаншақтық, дарақылық себеп болғаны өтірік емес. Сол кезеңдегі жалғыз партия КПСС-тің де қаншама съездері ұранға толы жалынды сөздермен көмкеріліп, алақан қызарғанша соққылаған шапалақтармен «төңкеріліп» халықтың жадында сақталып қалды. Қайтеміз, бәріне уақыт — таразы. Өзі өлшейді. Өзі салмақтайды. Балғын ұрпаққа мұның бәрі — тарих! Тек, келер ұрпақтың алдында ұялмасақ болғаны…

 

Бұқараның кедейленуі емес, теңелуі маңызды

Сонымен съезде Елбасы елдің күткенін, болжағанын, аңсағанын түгелге жуық қамтымаса да, қоғамды мазалаған, көпбалалы аналарды ашындырған, әлеуметтік мәселелерге ерекше ден қойды. Съездің алдында ғана жасақталған Үкіметке берілген тапсырма да өте қатқыл… Бейнелеп айтсақ: Олар алмас кездіктің жүзін жалаң қолмен ұстап отырған бала секілді. Қате қадам, оқыс қимыл «тағдырларын» шешеді… Сондықтан оларға елдің дүрлігуі емес, бірігуі, кедейленуі емес, теңелуі маңызды! Олай болса, Үкіметтегі жиындар саны артқан халықпен санасып жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, қоғамның саяси тұрғыдан өскендігі де ескерілуі керек. Әйтпесе, қаншама жыл қаудырап кепкен қау шөп аңызақ аптапқа да гүр етіп тұтанып кету қаупі басым…..
Съезде «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы туралы да мәселе қозғалды. Ел Президентінің «Маған сенім артқан елімнің, бақытқа ертең емес, бүгін жеткені маңызды» деген сөзі, үнемі «болашаққа телміретін» халықтың көңілін көтеріп тастағандай болды… Соңғы уақытта қоғамда билікке қарата сын-пікірлердің көптеп айтыла бастағаны қуанышты хабар емес, әрине. Партия төрағасының «Халықпен ашық әрі әділ диалог жүргізу керек» деген тапсырмасы осы орайда айтылғандай әсерге бөледі. Басқа да жағымды жаңалық көп. Атап айтсақ:

1. Республикалық бюджет шығындарының 45 проценті әлеуметтік салаға бағытталады;
2. Бюджеттің әрбір тиыны халыққа жетуі керек;
3. Толық емес көпбалалы отбасыларға үйден жұмыс істеуге мүмкіншілік жасау қажет;
4. Көпбалалы отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңге төленеді;
5. «Құтты мекен» жобасы 7,5 млн. ауыл халқының жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді;
6. Мүгедек балаларды асырап отырған ата-ана жәрдемақысы 30 пайызға өседі;
7. Президент ауылдарды дамытуға 90 млрд. теңге бөлуді тапсырды;
8. Көпбалалы отбасыларға 2-3 пайызбен баспана сатып алу мүмкіндігі беріледі;
9. 1 шілдеден бастап бюджет саласындағы айлығы төмен қызметкерлердің жалақысын 30 процентке арттыруды тапсырамын:
10. Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосымша 120 млрд. теңге бөлінеді;
11. Ірі қалаларда баспана салуға қосымша 90 млрд. теңге бөлінеді;
12. Көпбалалы отбасыларға 40 мың жалдамалы пәтер салынады;
13. «Құтты мекен» жобасы 7,5 млн. ауыл халқының жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Мұның бәрі жақсылық нышаны. Бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда, ел ішінің ынтымағы мен татулығынан асқан байлық жоқ. Президентіміз оны терең сезінгені көрініп тұр. Сондықтан да халықтың алдына ең өзекті деген мәселелерді қойып отыр. Әрине бәрі шешімін тауып жатса, халықтың әлеуметтік жағдайы түзу жолға түсіп, Асан қайғы бабамыз аңсаған «Жер жәннәті» атанар күн де туар… Бірақ оған жетер жолда түрлі бюрократиялық кедіргілер тосқауыл болмаса игі.

 

Тауығын, жұмыртқасын есептесек… онда бәрі бекер

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» айтсам, бұлардың бәрі бір-бір мақалаға жүк болатын бастамалар. Сондықтан бәрінің басын шалып отырмай, дәп қазір шиқандай сыздап, өзегі бетін шіреп тұрған әлеуметтік мәселені тарқатып көрмекпін. Көшеге көпбалалы аналарды шығарып, әкімдіктердің есіктері мен көшелерді жауып тастаған — бала тауқыметі, жетіспеушілік, жоқшылық емес пе еді? «Шын жыласа соқыр көзден жас шығады» демекші, шын жанайқайдың да Ақордаға жеткенін көріп қуанып қалдым. Себебі атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге көтеру жайы, түсіп кеткен еңсені тіктегендей болды. Әліптің артын бағып отырмай, Президенттің, ушыққан мәселені съезде ашық көтеруінің өзі — ерлік! Әйтсе де, көңілді күпті еткен мәселеге тоқталайын.
Мысалы, Елбасының айтқандарын тәпсірлейтін министрлер көп. Оп-оңай нәрсені қиындатып, арлы-берлі шапқылатып қоятындар бар. Осы тұрғыдан келгенде 21 мың теңгені жайдан-жай беріле салады дегенге сену қиын. Оның да өз машақаты, өз қиындығы бола ма деп ойлаймын. Көпбалалы ана мен әкенің қолында шал мен кемпір болса олардың да табысын, яғни зейнетақысын т.б шотқа қақса бұл жеңілдікке жетуге жол жабық. Ауылдағылардың қорадағы малы мен ақыр аяғы тауығы мен жұмыртқасын да есепке алса, бәрі бекер іс… Онда бұл көз алдау…
21 мың теңге әр балаға төленсе, көптеген жыртыққа жамау болуға жарап қалар еді, шіркін. Және де жастарға стимул қалыптастырар еді. Ұлан-ғайыр далаға көз алартушылар көп. Демек, демографиялық мәселе де өзінен-өзі жолға қойылып, көптеген түйткілді жайттар шешім табары сөзсіз! Тағы бір қорқыныш мынау. Мәселен, Отбасыда 5 бала бар дейік. Сол балаларды елден қалдырмау үшін әке мен шеше күн-түн демей жұмыс жасайды. Осы кезде маңдай термен тапқан ақша есепке алынса, бұл отбасыға Үкіметтен көк тиын берілмесі анық. Енді қызық сұрақ туады. Сонда ата-ана Үкіметтен жәрдемақы алу үшін істеп жатқан жұмыстарын тастауы керек пе? Мұның арты жалқау ана мен масыл әкелердің толып кетуіне апарып соқпай ма? Бұл ақырында «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» дегенге барып саймай ма? «Қорыққан бұрын жұдырықтайды» демекші, бұған дейін «соққы алып» қалған жұрт енді қорғанысты да ұмытпайды. Өйткені дамыған елдердің көпбалалы аналарға деген құрметін күнде ғаламтордан көріп отыр. Егер бәрі біз жоғарыда айтқандай жүзеге асса, (беті аулақ!) біздің елде демографиялық өсім ешқашанда болмайды деп кесіп айтуға әбден болады…
Тіпті қазба байлықтан жұрдай мемлекеттердің өз халқының өсіп-өркендеуі жолындағы өлермендіктеріне таңданасың. Олар ана капиталына ештеңені аямайды. Себебі ұлттың жойылмауы үшін, тілінің тоқырамауы үшін бәріне баруға дайын. Бізде бұл басқаша сипат алғандай көрінеді. «Бала таптың ба, өсір! Әйтпесе неге табасың?» дегенге саятындай кейіп байқалатындай. Дәлел ме керегі? Бір кездері көпбалалы аналарды сөккен шенеуніктер әлі күнге алшаңдап билік дәлізін таптап жүр. Сол жетпей ме?
Көкейге тағы бір қызық сұрақ кептеліп тұр. Егер де ата-анада мүлде кіріс көзі болмаса ғана әр балаға 21 мың төленсе, онда жұмыссыздықпен күрес қайда қалады? Демек, 30 дамыған елдің ішіне кіруге таяу қалған елімізде әл-ауқаты төмен отбасылар көп деген сөз ғой бұл?!

 

Ұлттық қордың аузы ашылса, жемқорлар қарап жата ма?

Бұл жағдайда қуанышпен қатар қауіп те бар: Қазақ «Жылқы аласы сыртында, адам аласы ішінде» деп бекер айтпаған болар. Қалайда 21 мың теңгеге қол жеткізу үшін кей пенделер әртүрлі айла-тәсілдерге бармасына кім кепіл! Мысалы:
1. Фиктивный ажырасу өсуі мүмкін. Қосымша тиын ешкімге артық болмасы белгілі.
2. ЗАГС-ке тіркелмей-ақ, бірге тұрып бала таптыра беретіндер көбейсе, кім жауап береді?
3. «Үкімет өлтірмейді, өзі асырайды» деп, жатып алатын жалқаулар шықса масқара сонда болмақ!
Елбасы: «елдің әл-ауқатын жақсарту үшін Ұлттық қордан ақша бөлу туралы шешім қабылдадым», — деді. Олай болса, қазақтың сайын даласы малға ғана емес, жанға да зәру. Алла Тағала адамға таңдау еркін берген. Осыған сүйенсек, келер күннен күмәнді көптеген жастар бір-екі баламен шектеліп қалуда. Оларды да түсінуге болады. Бастарында баспана жоқ. Айлықтары да көңіл көншітпейтін деңгейде. Осындай өлара шақта мемлекет қолдап жіберсе, күн ертең толысып, тоғайған Қазақияны көз алдыма елестетем… Демек, мемлекет ешкімді алаламай, әр балаға 21 мың теңгеден аударып отырса, о баста, қиын кезең үшін және болашақ ұрпақ үшін деп жинақталған ұлттық қор өз миссиясын орындаған болар еді-ау… Сосын шикізат сату мен одан түсетін пайданың ашықтығы болса, қазынаға жиналған қаржының мөлшерін біліп отырсақ та ана мен баланың жағдайын жасауға мүмкіндік зор.
Президент елімізде баспана мәселесінің күн тәртібінде тұрғанын жасырмады. Егер бәрінен хабарсыз болса: «Баспанамен қамту мәселесі де маңызды. Үкіметке «Нұрлы жер» арқылы 40 мыңға жуық пәтер салуды тапсырамын. Ол аренда жүйесіндегі пәтерлер болады және әлеуметтік аз қамтылғандарға арналады. Бұл үшін 7 жыл бойы жыл сайын 50 млрд. теңге бөлінеді. Көпбалалы мен толық емес отбасыларға, мүгедек баласы бар адамдар үшін тұрғын үй несиесін ТҚЖБ арқылы 2-3 пайызбен беруді тапсырамын. Ол үшін ТҚЖБ-ға қосымша қаржы керек» демес еді ғой.
Осы жерде есіме мына оқиға түсіп тұр. Сингапур 60-жылдары Малайзиядан азаттық алғаннан кейін, билік басына жап-жас Ли Куан Ю деген жігіт келіпті. Оның кереметі баспана мәселесін азаттықтың алғашқы жылдары ғана шешіп тастағаны. Оның логикасы — «үйі жоқ халық өз жері үшін соғыспайды, сондықтан халқымның өз үйі болуы керек» деген сөзіне байлаулы болыпты.
Шерхан атамыз айтпақшы, біздің биліктегілер «Президент біреу, қалғанымыз болайық оған тіреу» деп жүрген жоқ қой. Сондай ниеттері болғанда 28 жылда берекесін көрер едік қой.
Егер бәрі Президентіміз ойлағандай болса, Қазақия бүгінде гүлденген елдердің алдында тұрар еді қасқиып. Әттең жемқорлық көп… Ұсталып та жатыр. Бірақ азаяр емес.
Ұлттық қордың аузын ашқалы жатырмыз, көздің қарашығындай сақтаған ақшамыз, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесе екен дейміз.

 

Мемлекеттік тілге құрметпен қарамаған шенеунік қазаққа
жаны ашымайды

Кейде маған елімізде жағымпаздық қатты белең алып кеткен жоқ па деген ой келеді. Көпке топырақ шашпаймын. Бірақ ел арасында күлкіге қалып жүргендер аз емес. Әкім-қаралар халықтың алдына шықса, «бәрі Елбасының тапсырмасы, бәрі Елбасының арқасы» деп сөйлейтінді шығарды. Тіпті билік арнайы дайындай ма, білмеймін, қазір кей аналар, көп бала туса да Елбасының арқасы дейтін болыпты. Бәлкім қыжыртпа, бәлкім шынайылық!
Осындайларды көргенде ойға көп нәрсе түседі. Соның біреуі, баяғыда, Бауыржан Момышұлы атамыз пойызбен жол жүріп келе жатып, омырауына Еңбек Ері жұлдызың таққан бір кісімен сапарлас болыпты. Пойыз қозғалып, ұзақ жолға бет алған кезде Баукең:
— Ал, енді таныспаймыз ба кім боласыз? — депті. Ана кісі Баукеңнің бетіне қарап:
— Кім екенімді көрмей отырсың ба? Герой болам! — дейді.
— Бұл Батыр атағын не үшін алдыңыз? — деп сұрайды Баукең.
— Жүз биеден жүз құлын алғаным үшін! — депті бейтаныс қазақ. Сонда батыр:
— Айғыр шапты, байтал тапты оған сенің қандай қатысың бар. Герой атағын саған емес, жүз биеге жүз құлын таптырған айғырға беру керек еді, — деген екен. Жоғарыдағы айтқандарыма Бауыржан Момышұлы тірі болғанда өлтіріп жауап берер еді-ау… Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың екі тілге шешендігі көпке мәлім. Бірақ Елбасының жақсылығын көрген кей басшылардың істерінен халық жирене бастады. Өзі қазақ бола тұра, қазақ тілін үйрене алмау — менсінбегендік емей не? Мемлекеттік тілге құрметтің жоқтығы да — қазақ ұлтына деген ниеттің дұрыс еместігі — деп бүгін ашық айта аламыз.
Қазақтың нанын жеп, орыстың тілінде сөйлеп, үйлерін шетелден салған, ақшаларын шетел банкілеріне тыққан басшылар қазақ халқына жаны ашиды деп айтуға хақымыз жоқ.
Саясаттанушы Айдос Сарым: «Жағдай қиын қазір. Жұрттың жиған-тергені түгесілуде. Мүлкі тозып, мәшінесі сынып, үйдегі техникасы істен шығып жатыр. Оның орнын алмастырар қаражат жоқ қолында. Бала-шағаны асырау қиынға соғуда. Бұрынғыдай «көппен көрген ұлы той, жұрт қатарлы өмір сүріп отырмыз ғой» деген көңіл күй қалмаған қазір. Тағы бір байқағаным бұрындары біздің алдымыздағы буын, тіпті біздің замандастарымыздың аузынан «әйтеуір, не болса да соғыс болмасыншы, еліміз тыныш, Елбасы аман болсыншы» деген әңгімені жиі естуші едім. Ал қазір байқасаңыз, үлкені де, кішісі де «не болса да бірдеңе болсыншы» деп тілеп отыр. Ашу-ыза жатыр астарында. Елдің пікірі күрт өзгерген. Билік мұны қазірден ұқпаса, қазірден назарға алмаса, күндердің күні оңбай опық жейді» дегені маған да көп ой салды.
Негізі біз шындықтың арагідік дәмін татып тұрғанымыз дұрыс. Ол — ақырған ащы болуы да мүмкін. Бірақ өте пайдалы… Шынында да бүгінгі билік, біз бәрін бақылап отырмыз, ешкімді тырп еткізбейміз деп ойласа қатты қателеседі. Себебі қоғам Елбасының көзін алдап іс ететіндерден әбден қажи бастады. Шыны керек, қоғам өзгеріс күтіп отыр. Осыны биліктің ұғынуы керек. Ол үшін халыққа бетбұруы, біртабан жақындауы керек мұндайда. Халықтың сынын қабылдайтын, пікірін тыңдайтын кез келді. Қарап отырсақ, билік: «ауқымды бағдарламаларды жүзеге асырып жатырмыз», — дейді. Бұлдамасын. Бұл біздің нәпақамыз әрі-беріден соң. Ата-бабамыздың маңдай тері, найзаның ұшымен сақтап қалған қара жердің қазба байлығы. Мұны бізге баяғыда беруі керек еді. Дегенмен әлі де кеш емес.
Қарап отырсақ, Президенттің ойлары да біздің пікірлермен сабақтас екен. Біз билік халықтан алыстады деп үнемі жазып келеміз. Елбасы да: «Қазір әкім жылына бір рет есеп беретін болды. Бұл не деген сөз? Әкім халықпен бір күн емес, күнде кездесуі керек. Халықпен кездесу үшін бір жыл күтудің қажеті қанша?! Әкімдер халыққа жақын болуы керек», — деп ойымызды тамыршыдай тап басты.

 

ТҮЙІН:
Съезде билік тарапынан мынадай ой ұшқыны айтылып қалды: «Бізге мемлекеттік бірлік: экономикалық, саяси және әлеуметтік бірлік керек» деген сыңайда. Тәпсірлеп көрейік. Әлеуметтік бірлік дегеніміз халықтың бұл елде әділеттің бар екенін сезінуі ғой. Бүгінгі қоғамда бай мен кедейдің арасы алшақтап бара жатқаны бесіктен белі шықпаған балаға да белгілі. Шенеуніктер зәулім үйлерде тұрады. Қос-қостан шетелдік қымбат көлік мінгендері. Мемлекет төлейтін айлықпен осыншама баю мүмкін бе?.. Көпбалалы ата-аналар өлместің күйін кешіп жүр. Бар арман-тілектері: «балаларымды қалай жеткіземін, қалай асыраймын» дегенге барып тіреледі. Қазір көпбалалы аналарға берілетін 21 мың теңге әжептәуір әңгіме болып жатыр…. Демек, әділет мәселесін бір жөнге келтірмей, қазіргі жасалып жатқан қарекеттердің барлығына қол шапалақтау қалай болар екен?
Ел Президенті съездің ашылу салтанатында «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толғанын айта келіп, «Тарих үшін 20 жыл көп уақыт емесін» қадап айтты. Егер сол кезеңде партия құрылмағанда, бүгіндері дамыған елдердің көшінен қалып, саяси тұрғыдан жетілмегендердің санатында жүретінімізді еске салды… Қазақы салт-дәстүрді, ізгі-құрметті бекем ұстанатын Елбасы сол әдетінен бұл жолы да жаңылмады. Өзіне адал жандардың еңбегін жадынан әсте шығармайтынын тағы да бір байқатты. Бүгіндері миллиондаған гектар жерге иелік етіп отырған Сергей Терещенкоға, партияны құру кезіндегі жанкешті еңбегі үшін рақмет айтуы сөзімізге дәлел. Қақ төрде отырған Сергей мырза мұндай жылы сөзді күтпесе керек қопаңдап, президентке ризашылығын білдіріп, жүзінен мейірім төгіліп, көзі де жасаурап кеткендей көрінді…
Бұдан көңілге түйгеніміз: Президент Нұрсұлтан Әбішұлы өзіне сенім білдірген, сыртынан сатпайтын, достыққа берік жандарды ешқашан оққа да, отқа да тастамайтыны. Осындай нар тұлғалы кісінің өзіне сенім артып келе жатқан туған халқын да қысылтаяң шақта алға бастайтыны шүбәсіз!
Еліміздегі демократияның жарқын көрінісі мынау емес пе! «НұрОтан» партиясының кезекті съезі қарсаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлық үшін сотталған лауазымды тұлғалардың статистикасын жариялады.
Осы уақытқа дейін елімізде 2 Премьер-Министр, 22 министр, агенттік төрағасы мен олардың орынбасары, 17 облыс пен қала әкімі, 11 ұлттық компания басшысы, 8 генерал жемқорлық үшін сотталған екен. Солардың көбінің «НұрОтан» партиясының мүшесі болғаны анық. Осындай Партия атына кір келтіретін, Партияның атақ-даңқына күйе жағатын шенеуніктердің әлі қаншасы жүргені бір Аллаға аян. Ондай екі жүзді оңбағандар елдің дамуына тосқауыл болары тағы ақиқат. Олардың түбіріне балта шаппай, өсіп-өркендейміз деуге ауыз бармайды….
Жоғарыда айтқанымыздай, Елбасы аузынан шыққан көпбалалы аналарға берілетін 21 мың теңге төңірегінде билік баспалдақтарында алып-қашты әңгіме көп. Бұл — демография мемлекеттің негізгі стратегиялық мақсатына айналмай тұрғандығын көрсетеді.
Сөзімнің соңында біздің кейбір басшылардың Президенттің аузынан шыққан сөзді іліп әкетуге деген «құштарлығының» көп жағдайда өз жемісін бере бермейтінін баса айтқым келеді. Мәселен, Президент съезде халықтың қарсылығына тап болған, сөйте тұра күштеп енгізіле бастаған Үштілділікті сын тезіне алды. Демек, «Үштілділікті енгізу ақылға қонымды жүргізілуі тиіс» деген Президент ескертпесі, «алақайлап» шауып жүргендерді қамшымен осып өткендей болғаны анық…

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған