Әр желтоқсаншы атынан монолог

Қаламын деп тарихта ойламадым бұлай мен, 

Бас тiктi деп жас өскiн, өтiнемiн, мұңайма ел.

Айдағандай қасқырға, қуса-дағы құмаймен,

Қорықпадық қаскөйден бiрге болып Құдаймен.

Оты барлар кеудеде жану керек халқы үшiн,
Отаны үшiн күйгеннiң, әу бастан-ақ даңқы – шың!
Сақамыздың жаратқан түсiргенде алшысын,
Мойындатты жас Алаш бүкiл әлем жартысын.

Өзегiнен өркеннiң тепсе-дағы со жылы,
Жат боп қала жаздады өз елiне өз ұлы.
Руhы асқақ адамның асқақ әр кез сезiмi,
Руhы ақсап қалмастан жеттi қазақ төзiмi.

Намысы үшiн, ары үшiн, ұяты үшiн, жаны үшiн,
Өктем шықты оның да, менiң және дауысым.
Қайталанбас бұл бiзге сабақ болды, әрi сын,
Сондықтан да бүкiл жас қайрап салды намысын.

Жалындаған жас едiк жаңа келген ауылдан,
Қимай-қимай қол үзiп ата-ана hәм бауырдан.
Тәуелсiздiк ұлы арман, қорықпадым жауымнан,
Қорықпады арулар. Қорықпадық қарудан.

Ендi мiне үңiлем көктен кейде қызыға,
Ерiдi ақыры кеудемнiң қатқан сеңгiр мұзы да.
Құрғап қапты бiз сұлап жатқан жердiң сызы да,
Алаң бiткен көгерiп, қызыл гүлдер сызыла.

Тәуелсiздiк қол жайсақ өздiгiнен жетер ме,
Құрбан болып кетпеппiз сол кезеңде бекерге.
Жұрт тағдырын тапсырып қояр ма едiк бөтенге,
Ел бақыты, байлығы – азаттығы екен де…

Көк туыңда қыран құс күн астында самғады,

Дербес елдiң жадырап қуаныштан жандары.

Жарқын болсын әрқашан болашағы, бағдары,

Бабалардың арманы, балалардың таңдары!

©ДӘУРЕН АЙМАНБЕТОВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған