Әулиеатадағы ардагерлер аламаны

Бұқаралық спортты дамытуда жамбылдық ардагерлер белсенділік  танытуда. Сөзіміздің дәлелі ретінде өткен аптада республикалық Ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толуына орай  «Тараз-Арена» спорт кешенінде облыс ардагерлерінің спартакиадасы өтті.

Ардақты ардагердердің спорт сайысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков арнайы қатысып, көпшілікті мерекелерімен құттықтады. 

img_8514-1024x682

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай, аймақта бұқаралық спортты дамыту барынша алға жылжып келеді. Бүгінгі ардагерлердің  спартакиадасы соның бір айқын дәлелі. Бәсі биік спорт бәсекесінде ардагерлер барын салады деп ойлаймын.  Сондықтан, бұл жарыс көпке үлгі болары сөзсіз. Осы орайда, ардагерлерімізді бүгінгі мерекелерімен құттықтай отырып, спартакиаданы ашық деп жариялаймын, – деді Бекболат Серікбекұлы.
Жалпы, спартакиада спорттың шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, асық ату, бильярд және үстел теннисі түрлерінен өтті. Және спорттың түріне қарай жарыстар көне шаһардағы әр түрлі спорт кешендерінде ұйымдастырылды.
«Тараз-Аренада» өткен асық ату аламаны тартысқа толы болды. Ұлттық спортты ұмыт қалдырмаған ардагерлер бестабан бәсекесінен сынға түсіп, асықты шиыра атып талайды тәнті етті. Әсіресе, қордайлық Тынышбек Мадышаевтың шеберлігі өзгелерден оқ бойы озық болып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Шахматтан ерлер арасында Т.Рысқұлов ауданының ардагері Серікбай Кабираев шашасына шаң жуытпаса, әйелдер арасында Елена Деревянко биіктен көрінді. Ал, бильярдтан тараздық Анатолий Кимнің шоқтығы биік болды.

Үстел теннисінен ерлер арасында меркілік Артур Лидің айы оңынан туса, әйелдер арасында да меркілік Вера Приданова қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырынан көрінді.17838535_1852350705026279_1015644798_o

Дойбы ойынында Т.Рысқұлов ауданының ардагері Тоқабай Тастанбеков пен Қордай ауданынан Айсұлу Биғазиева жүзден жүйрік шықты.
Нағыз ойшылдар ойыны саналатын тоғызқұмалақтан байзақтық Сыпатай Төребеков пен жамбылдық Райхан Туғанбаеваға ешкім тең келмеді.17858717_1852350721692944_57478182_o

Осылайша тартысқа толы өткен ардагерлер аламанында жалпыкомандалық есепте Тараз қаласының ардагерлері бас жүлдені жеңіп алса, Қордай ауданының ардагерлері ІІ орынды иеленді. Т.Рысқұлов ауданының құрамасы ІІІ орынды қанағат тұтты. Сондай-ақ,  түрлі номинациялар бойынша бірқатар ардагерлер марапатқа ие болды.

 

Дәулет Төлендіұлы

Жамбыл облысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған