Ә.Кекілбаевтың М.Әуезовтен алған сұхбаты

Әбіш екеуміз үзілісте он шақты сұрақ дайындап, оны бір бет қағазға жазып, қазақ әдебиеті кафедрасында отырған Мұқаңа апарып бердік. Екі күннен кейін кафедра есігіне қарасам Мұқаң отыр. Қасында қоғадай жапырылып, бас изеп, әңгімесін тыңдаған доцент, профессорлар. Мені көре сала: – Е, бала, мында келші, мына анкетаны алып келдім. Өздеріңіз сұрақтарыңызды қысқа жазған екенсіздер, мен де қысқа бердім, – деп өзіміз жазған бір бет қағазды қолыма ұстатты. Сол сұрақтар мен Мұқаң жауабы мынадай еді: – Сіздің алғаш жазған шығармаңыздың аты не, оның тағдыры қандай болды? – «Еңлік – Кебек», «Бәйбіше – тоқал». Соңғы пьеса жақында шығатын жинағымда басылады. – Сіз қойын дәптерін жүргізесіз бе, жүргізсеңіз оған не жазасыз? – Жолда жүргенде жол дәптерім болады. Оған тек фактылар ғана емес, жолай туған ойларды да, табиғат суреттерін де жаза жүрем. – Сіз шығарма жазу үстінде отырғанда қандай жағдайды ұнатасыз? – Алаңсыз көңіл – ең үлкен шартым дер едім. – Сіз шығарма жазу үшін алдын-ала жоспар жасауға қалай қарайсыз? – Ол қажет, бәрінен қажет. Мен үшін ең ұзақ «пісу», «қайнау» шақтары сол. – Сіз шығарманы жазу үстінде өңдейсіз бе? Әлде әбден жазылып біткен соң, біржолата редакциялайсыз ба? – Бөлім-бөліммен үзіп-үзіп түзеп отырам. – Сіз бір шығарманы әбден аяқтап болып, екіншісіне көшесіз бе, әлде бірнеше шығарманы қатар жаза бересіз бе? – Көркем шығарманы екеуін қатар істемеймін. Ал зерттеуді аралас істей беру – әр кездегі дағдым. – Шығарманы жазу үстінде айлап, апталап үзіліс жасаудың қандай пайда-зияны бар деп ойлайсыз? – Аса көп пайдасы бар. Бірталайды жазып қойып, тастап кетіп қайта оралып еңбектену өте нәрлі болады деп білемін. – Сіз қай мезгілде, күніне қанша сағат жазасыз? Қанша уақытыңыз оқуға, демалуға кетеді? – Шығарманы таңертең, кейде кешке жазамын. Зерттеуді де солай. Көп уақытым оқуға кетеді. – Дүниежүзі әдебиеті классиктерінен ерекше бағалайтыныңыз кім? – Әрі прозаны, әрі драманы қатар жазатындығымнан – Л.Толстой мен Шекспир. – Жаңа жаза бастаған жазушыдан Сіз ең алдымен нені талап етер едіңіз? – Бір жазғанын қайта-қайта жаза беру, өзін-өзі сынап қарай білу. Ғұлама ғалым-жазушының қаламгерлік сырларының кейбір қырларынан қызықты мағлұмат беретін бұл анкетаны біз «Жас шабыт» газетіне жарияладық. «Мұхтар Әуезовтің жастарға берген жаңа жылдық анкетасы» деп бізден көшіріп, «Лениншіл жас» газеті шығарды. Менің қолыммен жазылған сұрақтар арасына Мұқаңның әдемі уақ әріптермен жауаптары жазылған бұл қымбатты қағаз қазір Әбіш Кекілбаев архивінде сақтаулы.

Қабиболла Сыдиықұлы «Ұлы ұстаз ұлағаты»

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған