Әлеуметтік қамқорлық

Павлодар облысында қазір 7993 отбасындағы 35 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) беріпліп жатыр. Мұны облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Айнұр Мұқашбекова баяндады.

Төленген қаражат көлемі – 2,6 млрд. теңге. Әлеуметтік жағдайы Үкімет ұсынған талаптар мен ережелерге сәйкес келмеген 526 отбасыға көмек беру тоқтатылды. Сондай-ақ, 16 отбасы алған ақшаларын өз еріктерімен қайтарған.

Биылғы сәуір айында ғана жаңа талаптары бекітілген атаулы әлеуметтік көмек жүйесі тағы өзгеріске ұшырады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 7 қазан күнгі Үкімет отырысында жан-жақты түсіндіріп, аталған көмек келесі жылдан бастап шын мұқтаж адамдарға ғана рәсімделетінін айтты. Сонымен қатар, көпбалалы, яғни, 4 және одан көп баласы бар отбасыларға табыс көзінің аз-көбіне қарамай жәрдемақы тағайындалатын болды. Бұл 2020 жылдың 1 қаңтарынан беріле бастайды.

Министрдің сөзінше, атаулы әлеуметтік көмек дегеніміз табысы төмен отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған ақшалай төлем түрі. Екінші жағы адамдарды қам-қарекетсіз жатқызбай, еңбекке ынталандыру. Бұл – табысы төмен жандарды қайта оқытып, жұмысқа орналастыру және кәсіптерін бастауға қолдау көрсету арқылы іске аспақ. Яғни, мемлекет берген азын-аулақ көмекпен де күн көруге болады деген қағиданы халық санасынан шығару керек деп есептейді ведомство басшысы.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетовтің сөзінше, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау жүйесі төмендегідей үш бағытта жүзеге асырылады.

Олардың біріншісі – көп балалы аналарды жеке санатқа шығару және оларға кепілді жәрдемақы беру. Аталған мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына байланысты болмайды. 4 және одан көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға төленеді. Жалпы мөлшері баланың санына қарай 42500-ден 73375 теңгеге дейін. Әр балаға орта есеппен 10-11 мың теңгеден айналатын болады. Егер, төрт баласының бірі 18 жасқа толып кеткен жағдайда ол жоғары оқу орнының күндізгі бөлімінде оқып жүрсе 23 жасқа дейін алуына құқығы бар. Бұл – біріншіден көп балалы отбасыларды қосымша қолдау болса, екіншіден, олардың барлығы «аз қамтылған отбасы» деген қағидадан арылады. Яғни, мұндай жанұялардың қоғамдағы мәртебесі арта түседі деген сөз. Сондай-ақ, бұл елдегі бала туу көрсеткішін арттырып, халқымыздың демографиялық жағдайына оң әсер ететін тиімді өзгеріс болмақ.

Екіншісі – бұған дейін төленіп келген атаулы әлеуметтік көмек (АӘК). Бұл аз қамтылған азаматтарды қолдау және олардың жұмысқа орналасуына ынталандыру. Әсіресе, көп балалы отбасыларға көп мән беріледі. Оның көлемінде өзгеріс жоқ. Әр балаға 21 мың теңге қалпында қала бермек. Бұл көмек қазір азаматтардың әлеуметтік жағдайына байланысты шартты және шартсыз болып қарастырылса, келесі жылдан бастап олай бөлінбейді. Қандай отбасы болса да үш айға ғана бекітіледі де, құжаттарын үш ай сайын жаңартып отырады.

– Табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау арқылы еңбекке қабілетті адамдарды жұмысқа тартатын боламыз. Егер, еңбекке жарамды бола тұра ұсынылған жұмыстан бас тартса, ондай отбасыға АӘК төлеуді бірден тоқтатамыз. Біз бұл жерде «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасының әлеуетін барынша пайдаланамыз. Яғни, жұмыссыз жүрген азаматтарға жұмыс тауып беру. Сонымен қатар, кәсіп бастау үшін жеңілдетілген шағын несиелер мен қайтарымсыз гранттар да ұсынылады, – дейді Қайрат Қайыржанұлы.

Үшіншісі – аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына арналған міндетті әлеуметтік пакет. Мұның өзі екі түрге бөлінеді. Бірінші, 1-6 жасқа дейінгі балалардың тағамы мен гигиеналық заттары тегін болады. Екінші, 6-18 жас аралығындағы балалар мектептерде ыстық тамақпен, мектеп формасымен, оқу құрал-жабдығымен қамтылады және жол жүру шығындары төленеді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 2019 жылдың алғашқы тоғыз айының ішінде 415647 отбасыға АӘК тағайындалды. Бүгінде осы арқылы көмек алушылардың саны 2 миллионнан асады. Олардың 165 мыңнан астамы көпбалалы ана болса, 1,5 миллионға жуығы – бала. Биыл табысы төмен отбасыларға АӘК ретінде төленген қаражат мөлшері 146,4 млрд. теңгеге жеткен. Сондай-ақ, 73 мыңнан астам заң бұзушылық тіркеліп, 155 млн. теңге мемлекет бюджетіне қайтарылды.

Тілеуберді САХАБА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.