Өзбекстан атынан ән салып жүрген қазақ қызы елге қалай оралды?

Роза Бағланованың естелігінен:

Мектеп бітірген соң Қызылорда педагогика институтына түстім, бірақ кенеттен әкем қайтыс болып, туыстарды жағалап, тұрмыстық жағдайға орай Ташкенттегі тоқыма институтына ауыстым. Институт жатақхана мен ішер асыңды тегін беріп, болашақ тоқымашы қыздарға қамқорлық жасайды екен. Менің балалық, бойжеткен шағым ашаршылық пен аласапыран жылдарында өтті. Тағдыр айдап, ағайындарымды паналап, күнкөріс қамымен туған елден жыраққа — Ташкентке солай кеткенмін…
Әдетте үйдің тіршілігін жасай жүріп, ән салатын әдетім бар еді. Әлі есімде, есіктің алдын сыпырып, әндетіп жүргенімде өзбек филармониясының директоры дауысымды естіп, “Ән айтқан кім?” деп аулаға кіріп келді. Содан филармония директоры Кари Якупов әканың көмегімен Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде әнші болдым. 1941 жылы Москва консерваториясына жолдама алғанымда соғыс басталып кетті.
Мен өзбек халқының қамқорлығын көп көрдім. Өзбекстаннан Қазақстанға келуіме тікелей себепші болған — ақын ағамыз Жұбан Молдағалиев. Москвада Жоғары партия мектебінде оқып жүрген ол Өзбекстан атынан ән салып жүрген қазақ қызы бар деп естіп, арнайы іздеп келді. “Перизаттай қыз екенсің, қарағым! Өзбекстанда не бітіріп жүрсің?” — деді өктем дауыспен. Қандай келбетті жігіт еді. Жұбан ағаның қолдауымен 1949 жылы елге келдім. Маған әкемдей қамқоршы болған біртуар азаматтың жақсылығын қалай ұмытам. Будапештте өткен ән жарысына мені мәпелеп қосқан да Жұбан аға болатын.

Әсет Ақмолданың фб парақшасынан

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған