Өзіңе сен!

Жасым 17-18 болғанда, мен ылғи лотерея ұтып алсам ғой деп армандайтынмын. Джек-пот деген қиял өзіне баурап алатын. Қомақты қаржы ұтып алсам, талай шешуін таппай тұрған мәселе бір заматта шешілер еді. Өмірім күрт өзгеріп сала берер еді. Эх, шіркін! Бірақ ештеңе өзгермеді. Білесіз бе, неге? Себебі, мен лотерея ұтып алмадым. Бірақ бұл жағдай мен үшін трагедияға айналған жоқ. Өмір жалғасып жатты. Бірақ бір нәрсені анық ұқтым. Адам өзінің өміріне жауапты. Үшінші біреудің келіп саған өмір сүруді үйретуі мүмкін емес. Өз өмірің үшін жауапкершілікті мойныңмен көтерсең ғана сен өмірді түсінесің. Өмір жолында кездескен көп адам қолыңнан түк келмейді, анау мүмкін емес, мынау сұмдық, болмайды деп айтады, сенімсіздік білдіреді. Тіпті ішкі дауысыңда дегеніңе жете алмайсың, елден ұят, жұрт не дейді деп талай шектеулерді алға тартады. Мәселені шешуге басқалар көмектеспесе болмайды деген ой ұшығынан құтылу оңай емес-ті. Басқалар деп билікті, бастықты, рухани қолдаушыны, тіпті болмаса Құдайды атарсыз. Бірақ адам өз мәселесін өзі ғана шеше алады. Ол үшін өзіне деген сенім ғана керек.
Өз өміріңіздің жауапкершілігін сезініңіз
Егер кінәнің бәрін сырттан іздесең, өзіңе қалай сенбексің? Өзгені айыптап өзіңді құрбандық деңгейіне түсіресің. Осындай қақпан ойдан құтылуға тырысу керек. Өз тағдырың үшін жауапкершілігіңді өзің көтер.
Кешірімді бол
Өмірдегі сүрінген, жаза басқан қателіктеріңді мойындап, сол үшін өзіңді кешіруге дайын бол. Сәтсіздік үшін өзіңді кінәлай берме, тек оларды жабулы қазан күйінде қалдырмай, сабақ алуға тырысқан абзал. Ендігәрі қайталамайтындай. Жолың неліктен болмағанын түсінесің. Сол қателіктерді болдырмау үшін олардың себеп-салдарын байыптау керек.
Өзіңді қалай кешіруге болады?
Өзіңді кешіру ұзақ уақыт алатын үдеріс. Бірақ, кешіруге талпынысты тоқтатуға болмайды. Дәтің жетпей тұрған іске бел шеше кіріскенде өзіңе алғыс айтуды әдеттенген абзал. Қателік жасамаудың бір ғана жолы бар – ештеңе жасамау. Олай өмір сүру мүмкін емес.
Өткен шағың үшін қорланба
Өткен өмірің туралы көп дауласуға болады. Бірақ оны бәрібір өзгерте алмайсың. Бұрыс әрекеттеріңді жоқ қылуға, айтқан ауыр сөз бен оқиғаларды түп тамырымен жұлып тастауға келмейді. Ол енді тарих. Кеткен ағаттықтар үшін өзіңді кінәлау еш нәтиже бермейді. Жаныңдағы жара жазылмаса, бүгінгі өміріңде де алдыңнан шығып, маза таптырмайды. Тек сенімсіздік сыйлайды.
Өткен шағын өзгерте алмағаны үшін көп адам өзін қауқарсыз сезінеді. Бірақ бұл үлкен қателік. Өткенді өзгерту мүмкін емес. Ол рас. Алайда бүгінгі өмірді өзгертуге болады. Ал, сенім жойылса, өзіңді де жоғалтып аласың. Өткенін түзей алмаған жан жалпы өмірге ие болу мүмкін емес деп келте қайырады. Ең басты қателік осы. Әр адам өз келешегін өзгертуге қауқарлы. Тек ниет пен сенім керек.
Жүрегіңді тыңда
Өзіңе сен деген сөз өз түйсігің мен жүрегіңе сенім арту. Жан дүниеңді тыңдасаң, соның кеңесіне құлақ ассаң, тура жолға түсесің. Тек нәпсінің жетегінде кетпе. Өзіңнің «Меніңді» тыңдай алу үшін айтарлықтай қайсарлық қажет. Өйткені, ақыл мен өзімшілдік кері бағытқа сүйрейді. Дұрыс таңдау жасай білу үшін де көп қуат-күш сарп етіледі. Сенім керек. Өзіңнің жан дүниеңе сен. Жүрек таңдауын қабылда.
Жүректі тыңдауға мына нәрселер көмектеседі:
– есті әрі ұтымды ақыл
– медитация жасай білу
– жағдайды жылдамдатпау, ағынмен ағу
– түйсікке сену
– шығармашылық ыңғай таныту
– тәннің берген белгілерін тыңдау
– ішкі ойдың жетегіне ілесу
Өзгенің ақыл-кеңесіне қарамастан өзіңе сену
Өзгенің ақылына ден қоятын адам өзіне сенбейтін жан. Бұл сенімсіздіктің бір белгісі. Өзгеден ақыл сұрайтын адамдарды көптеп кездестіреміз. Тағдыр шешетін сауалдар кезінде ақыл-кеңес тыңдаған жөн, әрине. Бірақ соңғы сөз өзіңнің жүрегіңмен саралануы қажет. Мұны әдет еткен адам адаспайды.
Өз өміріңнің иесі бол
Өзің біліп қимылдап үйрену керек. Өзгенің тілін алған сайын өзіңнен алыстай бересің. Өзіңді тығырыққа түсіре бересің.
– Өзіңнің ұстазыңнан асып кете алмайсың
– Өзгенің сені басқаруына мұқтаж боласың
– Ұстазыңмен бір деңгейге шыға алмайсың
Ешбір ұстаз сенің киген етігіңді киіп жүрмейді. Өзін сенің орныңа қоя алмайды. Осыны естен шығармау керек!

Аударған Шынар Әбілдә

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған