Өмір дегеніміз үш-ақ күн ғана!

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мұрагерлері саналған ғалымдард тіпті өмірдің арқауы болған ас ішу кезінде де уақытты үнемдеп, қою тамақтың орнына сұйық тамақ ішкен. Дәуіт Ат Таий қою тамақ жеу мен сұйық тамақ ішудің арасындағы айырмашылықты есептеп, сұйық тамақ ішу арқылы үнемдеген мезгілде елу аят оқуға болатындығын айтқан.

Атақты сахаба Ибн Масғут (р.а.) былай деген: «Ақылды адам уақытын үшке бөледі: бірінші Жаратқанға, екінші істеген амалдарының есебіне, үшінші бөлігін адал жолмен нәпақа табуға».

Ал Хасан Басри: «Уақыт – өмірдің нақ өзі», – дейді.

Хз. Иса: «Өмір дегеніміз үш күн: бірінші күн – кеше. Ол өтіп кетті. Оны енді қайтару мүмкін емес, қолымызда ештеңе жоқ. Екінші күн – бүгін. Осы шақ, бұны үлкен олжа деп біл, өте жақсы қолдан. Үшінші күн – ертең. Келешекте ол көмескі, оған жетуіміз екі талай», – дейді.

Исламдағы қасиетті айлар, күндер, тілектердің қабыл болатын сағаттары, құлшылықтың мезгілдері – бәрі де уақытпен тікелей әрі тығыз байланысты. Күнделікті бес уақыт намаз белгілі аралықпен бекітіліп, мұсылман өміріндегі уақытты қолдану тәсіліне баулиды. Ол мұсылманның әрбір ісі жоспарлы мерзіммен бекітілген. Түнгі намазда түнді тиімді түрде пайдаланудың артықшылығы жатыр. Бес уақыт намаз оқитын кісі түске дейін теңкиіп ұйықтап жатпайды, ерте тұрады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Тәңірім! Үмбетім үшін таң сәрінің ерте уақыттарын берекелі қыл», – деп тілеген (Әбудәуіт, Жиһат, 78, Тирмизи, Буюғ, 6).

Қазақтың: «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық», – деген даналық сөзінің төркіні осы хадисте жатса керек.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған