ӨРКЕНИЕТКЕ ЖОЛ АШҚАН ИСЛАМ ӘЛЕМІ ТЫҒЫРЫҚТАН ҚАЛАЙ ШЫҚПАҚ?

Астанада өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының саммитінде осы сауал бірінші кезекте тұрды

Биылғы саммиттің бұрынғылардан өзгешелігін «Бірлік пен ынтымақ, әділеттілік пен бейбітшілік үшін» деген тақырыбынан-ақ аңғаруға болатындай. Өйткені соңғы уақыттағы түрлі лаңкестік оқиғалар, мұсылман әлеміне қатысты жалған айыптаулар, етекті жиып, еңсені түзеуге, бірлесе ауызбіршілікпен іс етуге мәжбүрлеп отырғаны сөзсіз! Бір заманда өнер мен ғылымға сара жол салған Ислам ғұламаларының бүгінгі ізбасарлары атыс-шабыстан көз ашпай, дамудың даңғыл жолынан адасып, адамзаттық игі істерден шеттеп бара жатқаны да жасырын емес. Жиында бұл мәселенің де ескерілгенін айта кетуіміз керек.  Оған дәлел Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті барысында ғылым, технология және инновация бойынша маңызды бағыттарды анықтауға  да күш салынды.   Содан да болар, ИЫҰ  мүше 56 елдің өкілдері, соның ішінде 30-дан аса мемлекет пен үкімет басшылары ислам дүниесіне ортақ тақырыпты екі күн бойы талқылады.

Ел Президенті осы саммит барысында араағайындықтың, татулықтың ерен үлгісін көрсетті.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елорда төрінде басталған Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитін өзі ашты.

«Құрметті саммитке қатысушылар, ханымдар мен мырзалар! Қонақжай қазақ жеріне қош келдіңіздер! Елордамыз Астанада осы жоғары деңгейдегі құрылтайды өткізу біздің ел үшін  зор мәртебе. Бұл басқосуымыз ислам үмбетінің тарихында ерекше із қалдырады деп сенеміз. Отырыстың төрағасы ретінде Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым және  технологиялар жөніндегі бірінші саммитінің жұмысын ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!» — деді Қазақстан Президенті. Осыдан кейін Құран аяттары оқылып, саммит жұмысы басталды.

Алғашқы болып сөз алған Ел Президенті мынадай айшықты ой айтты.

— Ислам дүниесінің артта қалуы дінмен байланысты деген тұжырым ақиқатқа мүлдем жанаспайды. Кейбір  сыншылар ислам дүниесінің көп бөлігінің  басқа аймақтардан артта қалуы діннің өзімен байланысты деп санайды. Бұл — ақиқатқа  мүлдем жанаспайтын тұжырым.  Ислам өркениеті өз кезеңінде  әлемнің ең дамыған орталығы болды. Ол бүкіл адамзаттың өркендеуіне  зор үлес қосты. Қазіргі цифрлық экономиканың  үш тұғыры бар. Яғни, сандар, алгебра, алгоритм. Ол 1 ғалымға байланысты екендігін атап өткен жөн. Ол біздің өңірде, Әмударияның саласында туған, 12 ғасыр бұрын Мұхамед ибн Мұса әл-Харазми деген ғалым өмір сүрген.  Алгоритм термині әл-Харазми есімінің латын тіліндегі транскрипциясы болып табылады. Егер де Батыс әлі күнге  дейін Рим сандарын қолданып келген болса, алгоритм түсінігін білмес те еді», — деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы алғашқы тригонометриялық функциялар  математик, астроном  әл-Баттани есімімен байланысты екендігін де атап өтті. «Бұл ғалымдарсыз әлемдік ғылым, математика, медицинаның  дамуы мүмкін болмас еді. Қазір дамудың жаңа ұйымдастырушылық сатысына өтуге бізге мүмкіншілік бар. Мұны пайдалануымыз керек. Пайғамбарымыздың хадистерінде мынадай  жолдар  бар: «Кімде-кім  білім  іздеу жолына түссе, Алла Тағала оның жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Таң сәріден ғылым ізденуге және оны зерттеуге шығу 100 рәкат намаз оқудан да артық». Осыған байланысты бізге нақты іс-қимыл  жоспары қажет. Оның шеңберінде заманауи даму  мәселелері жөнінде Ислам ынтымақтастық ұйымының арнайы кеңесін құруға болар еді. Ортақ ғылыми-инновациялық қор құрған  дұрыс деп ойлаймыз», — деді Қазақстан Президенті.

ЕЛБАСЫ: «БӨЛІНГЕНДІ БӨРІ ЖЕЙТІНІН» ЕСКЕРТТІ

Саммитке қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде ҚР Президенті ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер үшін өзекті мәселелерді шешудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Олардың қатарында жаһандық адами даму индексінің ең төменгі көрсеткіштері, білім беру және медициналық қызметтерге қолжетімділіктің төмендігі айтылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, осы қиындықтар Ислам әлеміндегі көптеген елдердің дамуын барынша тежеп отыр.

Бұл ретте мемлекет басшысы мұсылман үмбеті үшін басты қауіп ішкі жанжалдар мен қақтығыстар екенін жасырмады. Атап айтқанда, Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше 11 мемлекет осындай қиындықты бастан өткеруде. Жуықта ғана өркенді ел саналған Ливия, Сирия сияқты мемлекеттердің ойраны шықты, Ирак соғыстың салдарынан қатты күйзелуде. Ислам әлемі суннит және шиит болып бөліну қаупінің алдында тұр. Нұрсұлтан Назарбаев бұған жол бермеу қажеттігін  атап көрсетті.

Ел Президенті мұсылман елдерінің ішінде бір-біріне қарсы әскери блоктар  құру идеясына да жол бермеу керектігін, бұл еш пайда бермейтін, болашақ тұрақтылыққа балта шабатын әрекеттер екеніне жиналғандардың назарын аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев ислам әлемі елдерінің жаппай қарулану бәсекесіне түсуі, әсіресе жаһандық ядролық қаруды таратпау режимін бұза отырып жанталасуы мүлдем ақылға сыймайтынын сөз етті. Қазақстан Таяу Шығыста ядролық қарудан азат аймақ құруды жақтайтынын ескертті.

Сонымен қатар Елбасы Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше 15 ел халықаралық лаңкестердің қысымына ұшырағанын, соның кесірінен сан миллион мұсылман үмбеті әлемнің әр қиырында жанына сауға сұрап, жайлы өмір іздеген босқынға айналуға мәжбүр болғанын қадап айтты.

САММИТТЕ МЬЯНМА МҰСЫЛМАНДАРЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ ҚЫЗУ ТАЛҚЫҒА ТҮСТІ

Саммит қарсаңында Мьянма мұсылмандарына жасалған зорлық-зомбылық әлем назарын аудартқаны белгілі. ИЫҰ саммитінде бұл қанды оқиға жайлы да келелі әңгімелер өрбіді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы орайда мынаны ашып айтты: «Жақында Мьянмада болған шиеленіске қатысты қатты алаңдаушылығымыз болды. Барлық тарапты зорлық-зомбылықты дереу тоқтатып, диалогты Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында жалғастыруға шақырамыз. Үшіншіден, 1,5 миллиардтан астам адамды біріктіретін ислам әлемі бүгінде, өкінішке қарай, ауызбіршілік таныта алмай отыр. Содан біз көп ұтылып отырмыз. Мұсылмандар арасындағы бытыраңқылық пен конфессияға бөлінуді сыртқы күштер өз мүддесіне пайдалануда. Біз мұны артта қалдыруымыз керек».

Өз кезегінде Түркия басшысы Режеп Ердоған Нұрсұлтан Назарбаевты ИЫҰ-ның бірінші саммитін сәтті өтуімен құттықтап, алғыс айтып: «Осындай жиындарда іске асырылатын маңызды шешімдер қабылдау өте маңызды. Олар келешек ұрпаққа пайдасын әкеледі… Мьянмадағы бауырларымыз қиын жағдайда. Олар өз үйлерін тастап, жан-жаққа босып кетуге мәжбүр. Біз осы бір әділетсіздікті бірге тоқтатуымыз қажет. Бангладеш пен Мьянма үкіметтерімен келісе отырып, ол жердегі «адамзат драмасын» шешкен жөн. Барлық мұсылман мемлекеттері бірігіп, бауырларымызға қол ұшын созуымыз керек», — деді ашынған дауыспен.

Отырыс барысына Түркия басшысы Режеп Ердоған Мьянмадағы шиеленісті бірге реттеу керектігін айтса, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл жағдайды БҰҰ аясында шешу қажеттігіне баса назар аударды.

Осы жерде Иран Президентінің Түркиямен арадағы өзара сауда айналымын 30 миллион долларға дейін жеткізуді жоспарлап отырғаны еске түсіп тұр. Саммит аясында жолыққан екі ел президенттері өзге де өзекті мәселелерді талқылай келе,   рохинджа мұсылмандары жайына ойысқанда  ондағы қатыгездікті тоқтату үшін бар күштерін салатындарын аңғартты. Сондай-ақ, Иран президенті шиеленіс жағдайындағы аймаққа гуманитарлық көмек көрсетуге әзір екенін жеткізді.  Өз кезегінде Түркия президенті де Мьянма өкіметінің әрекетін сынға алғаны белгілі.

Саммит барысында түрік тарапының бастамасымен осы тақырыпта Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым және технологиялар саммиті шеңберінде Мьянмадағы рохинджа мұсылмандары мәселесі бойынша мемлекет және үкімет басшылары отырысы төрағасының қорытынды есебі әзірленді. Аталған отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар Мьянма Үкіметін БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мониторингтік миссиясын қабылдауға шақырды.

Сонымен қатар, аталмыш есепте Мьянмадағы рохинджа мұсылмандарына азаматтық берудегі проблемаларды тез арада шешу үшін осы елдің билігіне қажетті қадамдарды бастауға шақыратын үндеу жасалған. Бұл тұрғыда өз үйлерін тастап кеткен босқындарды үйлеріне қайтаруға қатысты тиісті шараларды қабылдау ескерілген.

Мұнымен қоса, отырысқа қатысушылар Мьянма Үкіметінен елде бейбітшілік пен келісімді қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға, Ракхайн штатында гуманитарлық ахуалды ушықтырмай, нақты қадамдарды тезірек іске асыру керектігін қаузады.

ИЫҰ САММИТІ НЕСІМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ?

Енді саммитке арнайы келген ислам мемлекеті басшыларының кездесулерінен ақпарат бере кетейік.  Қандай жаңалықтар болды, қандай ұсыныстар айтылды? Мұсылман мемлекеті басшылары қандай бастамаларымен есте қалды?

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  G20 баламасы ретінде ислам мемлекеттерінің ұйымын құру жөнінде ұсыныс білдірді. Ғылым мен технологияны дамыту маңызды бағыттардың бірі саналатынын тілге тиек еткен Елбасы,  батыс елдері мен ислам әлемін жақындастыратын форумдар мен кездесулерді жиі өткізіп тұру керектігін жаһанға жариялады.

Мьянмадағы жанжалдан бірінші болып Бангладештің жапа шегіп отырғанын сөз еткен сол елдің президенті Абдул Хамид ислам әлемінде білім мен ғылымды дамытуға үндеу тастады. Президент Хамидтің айтуынша, ИЫҰ саммитінің басты мақсаттарының бірі — ғылым, технология және инновацияны пайдалана отырып өмір сүру сапасын жақсартып, қоғамды трансформациялау. Бангладештің фармацевтика, балама медицина және ауыл шаруашылығындағы жетістіктерін тарқата келе, Президент дербес жерсерігін ұшыруға әзір екенін де айтып қалды.

Бір таңқаларлығы, осы самитте «бір қазанда бастары көп қайнай бермейтін» Иран Президенті Хасан Рухани мен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы достық қарым-қатынасқа тоқталып, ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жоспарларымен бөлісті. Ирандық ИРНА агенттігі журналистері  «Иран мен Түркия экономикасы бір-біріне тығыз байланысты. Иранға қойылған санкциялар алынып тасталған соң, өзара ынтымақтастық одан әрі дами түседі. Екі елдің орталық банктері қарым-қатынасқа кедергі келтіретін мәселелерді жедел шешуге тиіс», — деген Түркия президентінің сөзін сүйіншілеп таратып жатты.

Пәкстан басшысы Мамнун Хусейн жаңа дәуірде ғылым мен технологияны дамытуға бірлесе күш салуға үндеу тастады. Ол ислам әлемін ауылшаруашылық өнімдерін жақсартуға және аталған салада қолданылатын технологияларды дамытуға шақырды. Оның пікірінше, іргетасы берік білім мен денсаулығы мықты әрі тәжірибелі адами ресурс арқылы аталған салаларды бағындыру тіпті де қиын емес.

  ИЫҰ ИСЛАМ ҒАЛЫМДАРЫНА ӨЗ СЫЙЛЫҒЫН ТАҒАЙЫНДАДЫ

Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ғылым мен технологияларды дамытуға зор үлес қосқан ислам елдерінің ғалымдарына арнайы сыйлықтар табыстады. «Мен ғылым  мен технологияларды дамытуға зор үлес қосқан ислам елдерінің ғалымдарына арнайы Қазақстанның сыйлығын тағайындауды ұсынған едім. Бұл бастамамды кейінге қалдырмау үшін біздің ел Ислам ынтымақтастық ұйымының бас хатшылығымен бірге ислам елдерінің үздік ғалымдарын іріктеп, оларды саммитке шақырдық. Енді сол сыйлықты тарту ету рәсімін бастауға рұқсат етіңіздер», — деді Елбасы.

Сонымен, ғылым мен технологиялар саласының дамуына қосқан үлесі үшін Ислам ынтымақтастық ұйымының арнайы сыйлығы Ыстанбұл техникалық университеті химия факультетінің профессоры Юсуф Ягжыға полимерлер саласындағы ғылыми еңбегі үшін, Король Абдалла атындағы ғылым және технология университетінің профессоры Мухаммед Салим Алоуиниге электр техникасы саласында жасаған  ғылыми еңбегі үшін, Гамбия медициналық зерттеу орталығының аға менеджері Ассан Жайеге  вирус иммунологиясы және медицина мамандарын даярлау саласында жасаған ғылыми еңбегі үшін, 5-ші Мұхаммед атындағы университеттің профессоры Райя Чиркауи әл-Мурслиге ядролық физика саласында жасаған ғылыми еңбегі үшін, ҚР БҒМ Ғылым  комитеті «Ұлттық биотехнология орталығы» РМК-ның бас директоры Ерлан Раманқұловқа биотехнологиялар саласында жасаған ғылыми еңбектері үшін берілді.

ИЫҰ: БАР МӘСЕЛЕНІ ШЕШІП ТАСТАМАСА ДА, ЫҚПАЛ ЕТУГЕ ҚАУҚАРЛЫ

Қуандық Шамахай, халықаралық журналист:

— Ислам елдерінің саммитін өткізу әлем ақпаратындағы танымалдылық үшін қажет те шығар. Тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр ғана өткен жас мемлекет үшін өзінің сыртқы имиджін белсенді, бастамашыл, әлемдік саясатқа ықпал етуге тырысқан ел ретінде көрсетудің сөкеттігі де жоқ шығар. Жалпы, әлемдік аренада мәмлегер, бейбітшілікті жақтайтын  ел болып көрінудің пайдалы жақтары да болуы бек мүмкін. Шетелден инвестиция тартуға, айнала әлеммен тіл табыса алатын, қаржы құюға қолайлы ел етіп танылсақ, экономикалық әлеуетімізді көтеруімізге септігі тиетін болар. Осындай ниетпен саммит өткізуге біз таяу жылдардан бері біршама машықтанып алдық. Енді, осыдан көп айнымайтын да шығармыз. Үйренген әдеттің сондай бір тұстары болады ғой. Жалпы, ниет жақсы. Бірақ сол саммиттер арқылы әлем бізді қаншалықты таныды екен деген сұрақ туындайды. Ол жағынан нақты зерттелген, сараптама жасалған ғылыми немесе ресми расталған дерек болмағандықтан, бірдеме деп сырттай тон пішу қиындау болып тұр. Ол енді, сыртқы фактор. Сонымен қатар ішкі фактор тағы бар. Жыл сайын біздің атқарушы үкімет Парламентке есеп бергенде бюджетке бөлінген көптеген қаржы-қаражат игерілмей кері қайтып жатады. Бөлінген қаржы игерілмеудің түпкілікті мағынасы  жұмыс істелмеді деген сөз.  Бірақ сол үшін жүктеліп жатқан жауапкершілік те байқалмайды. Міне, жыл аяқталуға да 3-4 ай ғана қалды. Олай болса, қаржы игерілу керек. Зауыт ашу, жаңа технология ойлап табу, ұлттық брендтік өнімдер шығарып әлемге танылу — оңай игеріле қоятын шаруа емес. Ондай жаңғақты шағу үшін де мықты азу тіс керек. Ең қолайлы жол — саммит өткізсек, біршама қаржы игерілмей ме? Бұл тұрғыдан келгенде, үкіметті кінәлауға да болмайтын секілді. Әркім өзінің оң жамбасына келетін шаруамен айналысады ғой. Біздің қолымыздан саммит өткізу әбден келеді екен, тамаша етіп ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізіп жатырмыз дегендей. Ал енді ислам әлеміне келсек, бұл өзі әлемдегі ең бір мазасыз аймаққа айналды. Ислам діні — өте мейрімді, бейбітсүйгіш ғажайып құндылық. Бірақ ислам елдері қазір өз дамуымен, өркениетімен әлем халықтарына үлгі бола алмай отыр. Соғыс өрті, лаңкестік, босқындық дегендей проблема шаш етектен. Біздей ел олардан сақтанудың, қорғанудың жолдарын қарастырғанымыз жөн болар. Ал оны ауыздықтауға ықпал етуіміз екіталай-ау. Ондай миссияны  БҰҰ мен әлемдік алпауыттар ғана атқара алады ғой.

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған