Notice: Constant WP_DEBUG already defined in /var/www/www-root/data/www/minialgo.kz/wp-config.php on line 52
ӨРШІЛ РУХ ЖЕБЕГЕН АҚЫН – “ЕлАна” әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайты

ӨРШІЛ РУХ ЖЕБЕГЕН АҚЫН

Құдияр ағаның «Шай үстіндегі əңгімесін» оқи жүріп, Мұхтар аға жайлы өз пайымымды ой елегінен өткізіп көпшілікке жеткізгім келеді. Біріншіден, Мұхаң қазақ поэзиясындағы ерен жүйрік ақындардың бірі. Поэзияға «Жыл құсындай жаңалық» əкелген тұлға! Ол кісіге ұлылықты қимайтындар барын да білемін. Алайда нағыз күрескер ақынға тəн қайсарлық, өршіл Рух, кез келген мəселеге шындық биігінен қарау тұрғысынан Мұхтар Шахановқа жететіндер аз. Мұны мойындау керек. Əрине Мұхаң да пенде. Қате-кемшіліктен ада деу асылық болар. Əйтседе əлемдік деңгейде ой қорытуға келгенде, саясаттың ығына жығылып «домалап» кетпей, өз ұстанымын бүкпесіз жариялап, биліктің де кейбір ширатылмаған арқандай боскерсең, болбыр талаптарына дер кезінде үн қатып келе жатқаны да өз принципіне адалдығы. Жалпы шындықты айтқан адамның көпшілікке жағуы қиын нəрсе ғой. Билікке екі бастан…

Мұхаңның «Күрескерлік ерлігі үшін, Абайдан Махамбетті артық көрем» деп жазғаны талайлардың шамбайына батқаны да рас. Елдік, ұлттық мүдде тартысқа түсіп жатқанда, ода өлеңдер жазып, қожайынынан жуынды дəметкен сабалақ иттей жалақтаған ақындар аз ба? Ондайлар қарасы тіпті көп. Абайдың ұлылығын ешкім жоққа шығармайды. Мыңғырған байдың баласы. Ақыл-ойдың кені. Бірақ тартысқа толы ғұмыр кешкен Махамбеттің ерекшелігі «Хан емессің қасқырсың» деп айта білуінде секілді.  Тіпті Ұлы Абайды орыстың отарлау саясатын көре тұра, не өлеңмен, тым құрыса қара сөзбен сынамады деп айтып, жазып жүргендер бар. Елдің аузына кім қақпақ қоя алады?! Дарабоз ақын көпшілік халық білетін, түйсінетін ақиқатты ашық айтты. Сонысымен де Мұхтар болып тарихта қалмақ!

Бүгіндері Мұхаңды бүргедей жабыла талап жүрген ақындардың көбі – Мұхаңның «шекпенінен шыққандар». Анықтама берсек: ақынның жырымен «ауызданып», кейін «ауырып» поэзияға келгендер. Бүгінде олар «Өзі болған қыз, төркінін танымастың» кебінде жүр…

«Сені Мұхтар Шаханов іздеп жатыр» деген хабар жеткенде таңданысымда шек болмады. Енді ше? Мұхаңдай дара тұлғаның көзіне түсу, оның ақ батасын алу екінің бірінің пешенесіне жазылмағаны айдан анық. Өлеңге деген құштарлық, поэзияға деген іңкəрлық бала санаға ұрығын себе бастағанда, еліктеген ақындарымның ішінде Төлеген Айбергенов, Жүмекен Нəжімеденов, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов секілді дарабоздардың болғанын кімнен жасырамын. Олардың жырын жастанып оқып, жатқа соғатындардың санатынан екенімді мақтана айта аламын.

Сонымен Мұхаң мені неге іздеді, соған тоқталмас бұрын мына жайттан құлағдар ете кетпекпін. Соның алдында ғана қазақ киносына сүбелі еңбек сіңірген, даңқы жер жарған, кинодағы əр образы шедевр, қайталанбас тұлға Асанəлі көкемнің телеарнада сұхбат беріп отырып, Жаратушы иеміз Алла Тағалаға деген күпірлік ойын естіп шалқамнан түсейін. Соншалықты жақсы көретін жамандыққа қимайтын абыз ақсақалдың, ағымнан жарыламын деп арындап кеткеніне қатты ренжідім. Үндемей қалу қолымнан келмеді. Елге тұтқа, ұрпаққа үлгі ақсақалдың, өзім пір тұтатын көкемнің қылығы жаныма қатты батты.

Содан отыра қалып, көкірекке кептелген ащы ойларымды фейсбук арқылы көпшілікке тараттым да жібердім. Қызықты қараңыз, жайшылықта салиқалы ойларға терең үңілмейтін, үңілсе де көз жүгіртіп қана өте шығатын оқырмандарым жақ-жақ болып айтысқа түссін! Мені қолдап жатқандармен бірге, мені айыптап «атақты, абзал қарияны жер қылды» деп тілі жеткенше ғайбаттағандар да жетерлік. Бір-екі күн өтті ме, өтпеді ме əлгі жазбамды сайтттар «жерден жеті қоян тапқандай» көшіріп басып бір жырғап қалды. Сөйтіп «жұлдызға» айналып шыға келдім.

Бірді айтып, бірге кете бердім-ау, сонымен Шаханов мені іздеген екен, демек бір шаруасы бар деген сөз. Іле-шала сұрастырып отырып, аяулы ақынның ұялы телефонына қоңырау шалдым. Есендік саулықтан соң Мұхаң Астанаға келгенін, әуежайдан баласы күтіп алғанын айтып, қай жерде болатынымды сұрады. Мен қысылып: «өзім-ақ сізді іздеп барамын ғой», – деп келе жатыр едім, Мұхаң «көп сөзді қой, тұрағыңды айт», – деді кесімді үнмен. Амал жоқ, журналисттер үйіндегі «Qazaqstan dauiri» газеті офисінің адресін нұсқадым. Сөйтіп, Құдияр мырза айтпақшы, шай үстіндегі əңгімеге дайындала бастадық.

Мұхаң шай үстіндегі əңгімесін былай бастады. «Мен шама-шарқым жеткенше шындықты айтып жүрген адаммын. Сол үшін де мені ұнатпайтындар көп. Тып-тыныш қана өлеңімді жазып жүре берсем болар еді. Бірақ тілім мен ділім көкпарға түсіп, кім көрінгеннің қанжығасында мазақ болып, ол аз десең ата-баба аманаты биліктегі кейбір космополиттердің мазағына айналып бара жатқанда, үнсіз ғана өлең жазып, сый-сияпат дəметіп, сарай ақыны болу өліммен тең азап қой. Соны түсінетін кез əлдеқашан жетті емес пе? Ертең тілім жойылса, менің шимай-шатпағым кімге керек? Мен Расул Ғамзатовпен достық қарым-қатынаста болған адаммын. Мен сол авар ақынының Дағыстанның келешегіне алаңдап, тіліне қарайлап жылағанын көрдім. «Тілім ертең жойылатын болса, мен бүгін өлуге дайынмын» деген өлеңін өз аузынан естідім. Бұл үлкен қасірет еді». Айтпақшы,  – деді маған қарап: «Сенің жерлес жазушы ағаң (Сабыржан Жұматаев ағаны айтып отыр ) біздің бір белді ақынымызды сынағаны бар. Əй, сонда бір айызым қанды-ау. Əлгі мықты ақынымыз, «Егер тілің жоғалса, өзге тілмен де тіршілік кешуге болады» дегендей дүбəрə «ой» айтып лағады ғой. Бұл не алжу ма, əлде қажу ма? Кітап болып шыққаннан кейін де тырыс еткен жан болмады əлгі қарияға. «Əу, ағасы, мұнымен не айтқың келді» деген біреу шықпады тіпті əдебиет ордасынан. Кəрі ақынды өкпелетіп аламыз деді ме, кім білсін, тыныштық ұзаққа созылды! Соған дер кезінде соққы берген Жұматай азамат еді ғой. Риза болдым. Сондай журналистер, жазушылар қайда бүгінде?! Біздің əдебиетте, əсіресе сын жанрында көңілжықпастық басым. Содан келіп əлжуаз, дүмбілез дүниелер салтанат құруда. Өкінішті жері, осының бəрін көре тұра бізде əлі күнге шабыттана өлең жазып, «толағай табыстарға» басы айналып, онысын том-том кітап етіп шығарып жүрген ақындар көп. Бірақ одан халыққа не пайда? Менің пайымдауымша поэзия күрескерлік рухпен біте қайнасып кетсе ғана елдің еңсесін көтереді. Əйтпесе бəрі бекер. Құр əурешілік! «Өлең құрау ақындықтың көп қырының, бір қыры», – деп сəл тыныстап алды.

Осы сəтті пайдаланып, «Қазір кімдерді оқып жүрсіз? Қай ақындарды мықты деп санайсыз?» дедім журналистік əуестікпен. «Көпке топырақ шашпайын жақсы ақындар бар ғой. Бірақ көбі жазбай жүр. Жазса да мен оқымаған шығармын. Жастардың ішінде де уытты жігіттер бар»,  – деді Мұхаң қою шайға қыртыс-тыртысы жазылғандай кейіпте. – бірақ əлі де қайнай түсуі керек олардың.

Мұнымен не айтқысы келді екен дегенімше, қолындағы босаған кесені газетіміздің үйлестірушісі Анар ханымға ұсынып жатып: «Маған қатты ұнаған бір өлең болды», – деді кенет. Біз елең ете қалдық. «Авторы Қарағандылық ақын Ақсұңқарұлы. Оның «Қазақ бүгін – Кенесары, денесі бар, басы жоқ» деген өлеңі керемет! Алдыңғы шумақтары есіме түспей тұр. Ойымда сақталғаны осы екі жолы ғана»,  –  деді.

Мұхаң маған шай үстінде: «Нағашыбай, сенің мақалаңды оқып шыққаннан кейін, тілге, ұлтқа қарсы шыққандардың тағдыры неге қасіретпен бітеді?» деген өлең жаздым. Міне, өзіңді де іздеп келіп отырмын», – деді. Менің төбем көкке екі елі жетпей қалды. Қуаныштан, əрине. Əйтпесе, мен Мұхтар Шахановтың екі туып бір қалғаны емеспін. Жерлес деуге де келмейді. Екі аралық жеңіл көліктің өзіне үш күндік жер. Рулық қатынасымыз тіпті қабыспайды. Ол кісі менің сөзіме зəру жан емес, шындығында. Алайда шындық биігінен көрінген кез келген жанға бүйрегі бұрып тұратын, сөзі мен ісі қабысқан ақын.

ТІЛГЕ, ҰЛТҚА ҚАРСЫ

ШЫҚҚАНДАРДЫҢ ТАҒДЫРЫ

НЕГЕ ҚАСІРЕТПЕН БІТЕДІ?

 

Қарсы пікір айтылса да, сан алап, сан тараптан,

Жер бетінде ұлт пен тілді Құдай ғана жаратқан.

Болсадағы жан-жағында жағымпаз бен қосшы көп,

Тіл мен ұлтты жасай алған әлемде бір басшы жоқ.

 

Өз тіліне тас ататын қазақ бізде аз емес,

Тек олардың тағдыры мен болашағы мәз емес.

Сонау Кеңес Одағының кезінде,

Сатқындықтың шуағы ойнап көзінде,

«Қазақ тілі керек емес,

орыс тілі жетеді,

Бар қазақтың орыс тілі болсын арман, мекені»,

Деп қорлаған және тепкен ұлттық мүдде есігін,

Іле-шала Степнов деп өзгертіп ап есімін,

Мұсылман дінінен христиан дініне ауысқан,

Тек билікке жағынумен күш-жігерін тауысқан,

Әліби Жанкелдин деген болды атаңыз бөлекше.

Ол кезеңде сондай адам құрметтелді ерекше.

 

Неге әлі ұлттық мүдде күні теріс батуда,

Неге мектеп, көшелер көп сол Жангелдин атында?

Қостанайда үлкен аудан таппай шыншыл шешімін,

Иеленіп жатыр әлі Жангелдинің есімін…

Ойланған жөн, бұл заманда кім боркемік, кім мықты?

Қалың қауым білгені жөн бір өте ауыр шындықты.

Ұлтын, тілін менсінбесе, ұмытып бас міндетін,

Ұлтқа, тілге ашық түрде қарсы тұрса кімде-кім,

Мейлі, тіпті шіріген бай атанса да дағдылы,

Қасіретпен бітеді екен сол адамның тағдыры.

Өз тіліне қарсыларды жаны – жалған, сөзі – уақ,

Жазалайды екен Алла, тіпті тірі кезінде-ақ.

Ұлтқа, тілге сатқындықтан болашағы тұсалған,

Біреу жайлы айта жүрер аянышты мысал бар:

«Ықыласы билік сүйген тілге ғана құлаған,

Туған тілін менсінбейтін болды басшы бір адам.

Қартайғанда кезікті ол қасіретті түйінге,

Баласы мен әйелі өліп, жалғыз қапты үйінде.

Құдайдың бұл қасіреті бостан-босқа төне ме?

Екі көзі тұманданып, көрмей қапты және де…»

Елімізде ұлтқа, тілге тас лақтырса қанша адам,

Барлығын да осы іспетті қасірет, мұң қоршаған…

Біраз бұрын, саналатын кеудесі – тау, шашы – бұлт,

Телеарнада, ел ағасы – Асанәлі Әшімов,

«Құдай жоқ» деп өзеуреді, ел сенімін қашырып,

Зор атеист екендігін айтты жұртқа ашылып.

Ұлт алдында қалды оның бар беделі шашылып.

Мұсылмандық діннің парқын жеткізген зор сенімге,

Мынадай бір болды оқиға Англия жерінде.

Бұл ел түгел христианша дінге ғана табынған,

Бір адамның зор дауымен,

Және билік қолдауымен,

Қаладағы мұсылманша мешіт мүлдем жабылған.

Неге, неге, ел ойланды, толғанды әрі тамсана.

Ал мешітте микрофон мен үнтаспа жоқ болса да,

Намаз уақыты келген кезде,

жұрттың бәрін таң қылып,

Азан даусы естіледі, бар қалаға жаңғырып.

Таңғажайып оқиғаны бұған дейін кім көрген,

Содан кейін көп христиан мұсылманша дінге енген.

Сан құпия жатыр бүгіп алыс ғалам, алыс төр…

Американдық Армстронг деген алғыр ғарышкер,

Айға барып қонғанда,

Мұсылманша азанды есітіп сол маңда,

Кейін жерге оралғанда, өрлеп сенім толғағы,

Құлшыныспен, мұсылмандық дінге өтіпті олдағы.

Шетке ысырып, тілге, дінге қарсыларды өр кеуде,

Мұсылмандық діннің даңқы күллі әлемде өрлеуде.

Шындық парқы биік ұшып, рухсызға ес берсін!

Мейлі ол күш біреуге ерте, ал біреуге кеш келсін.

Дін де, тіл де – ұлт мұраты ең ірі!

Бірақ тілге, ұлтқа қарсы шыққандардың өмірі,

Қасіретпен бітетінін әрбір адам ескерсін!

 

ШЫНДЫҚ БИІГІНЕ КӨТЕРІЛГЕН АҚЫН

Қазақтың Мұхтар сынды адуынды ақыны күнде қолға түсе бермесі белгілі. Астанаға да көп келе бермейді. Пенде болғасын ба, кейде асыл мен жасықты шатастырып алып жатамыз ғой. Қадірін кеш біліп «ах ұрып» жүретініміз де рас. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген бабалар даналығы да мына фəни дүниенің зу етіп өте шығарынан хабар беріп тұрғандай. Соны білсек те ақылға салмай боқ дүниеннің қызығына алданып айтысып-тартысуға құмармыз көбіміз. Жақсыны бағалауға келгенде кежегеміз кері тартып, тəкаппарлығымыз асқынып кететіні несі екен, ə?!. Тіпті мойындағымыз келмейді ғой ешкімді. Тек қана, «өзім, өзім» деп өршеленіп, шайтанның қолбаласына айналып кете барамыз. Көп жағдайда арты өкінішпен бітіп жатады. Көзден кеткесін «арысым» деп жылағанымыз кімге керек, ағайын?! Мұқағали ақын бір өлеңінде: «Өлгенді жоқ ешқашан жамандауға, сол үшін рахмет адамдарға» деп күйініп жазуының да астары терең. Осы ретте Мұхтар ақынның: «Нəрестенің қолындағы қанжардай, Ақымақтың қолындағы жомарттық» деген өрелі өлеңі де ойға оралады. Елі үшін отқа да, суға да түскен, ұлттық мүдде жолында басын бəйгеге тіккен, еліміздегі түрлі деңгейдегі атақ-даңқтан саналы түрде бас тартқан Мұхаңдай асылдың бағасына жете алып жүрміз бе деген сауалға, ешкім де, «иə» деп сенімді жауап бере алмасына бəс тігемін. Бəлкім, ұлттық мүдде жолындағы күрес осылай аяқталуы да керек шығар.

Ұлы Мұхтар Əуезов: «… бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бəріміздікі күмəнді, өте сенімсіз деп білемін» деп ағынан жарылғаны есіңізде бар ма? Бұл сөзді айтқан Əуезов кішірейіп қалған жоқ қой, керісінше Шолпан жұлдыздай жарқырап əлемге нұрын шашты. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген бабаларымыз неткен данышпан еді, шіркін! Ал біздің кемеңгер жазушыларымыз бір-біріне жылы сөз айтуға келгенде өте сараң.

Мұхаңның тағы бір қайран қалдырғаны, өте қарапайымдылығы, кішіпейілдігі, əзілкештігі. Талай «тау тұлғалармен» кездесіп, сұхбаттасып жүрміз ғой, дəл Мұхаңдай ыңғайлы, сөзге шешен, еш бүкпесіз ақтарылатын жанды кездестірмеппін. (Кешіріңіздер, бір жылдары ғарышкер Тоқтар Əубəкіровке қатты тəнті болғанымды ұмытып барады екенмін ғой). Мұхаң сөйлесе жалықтырмайды екен. Қоғамдағы келеңсіздіктер əңгімеге арқау болса уытты əзілдері сарказмге толып, арнасынан асып тасыған өзендей жайылып жататыны байқалады.

Мен баяғы журналисттік əдетіме басып, бір жағы мүмкіндікті пайдаланып қалғым келіп:   «Мұха, сіз тіл туралы үнемі айтып келесіз? Билікті де, елбасыны да сынайсыз? Шындық биігінен қарасақ бүгінгі айтқандарыңыз жоғарыға, елбасына жетіп жатыр дегенге ақылы кірген бала да сене қоймас? Үлкен кісі сенім артқан кей басшылардың өзі тілден махрұм. Айтқым келгені, сізде бір кездері үлкен мүмкіндік болды ғой? ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты деген мандатыңыз қалтаңызда жүрді. Ол  үлкен күш қой, білгенге. Президенттің өзімен жиі кездеспесеңіз де, жүздесуге жол табуға болар еді ғой? Сондай жарқын сəттерде елдегі қазақ тілінің пұшайман халін патшаның өзіне қасқайып тұрып айтсаңыз, сізді жапқызып, болмаса атқызып жібермес еді ғой» дедім төтесінен тартып. Мұхаң қою шайдан бір ұрттап алды да, тамағын бір кенеп: «Сипай қамшыламай осылай шыпқыртып тартып-тартып жібергенді ұнатамын өзім», – деді жымиып. «Марқұм Асқар Сүлейменов, кеңес заманында «біреулер маймылдан жаратылдық» деп шулап жатқанда, «онда мен жылқыдан жаратылғанмын» дегенін естіген едім. Сол айтқандай менде жылқы мінезді секілдімін. Шабыма қол жүгіртсе тулаймын. Секіремін. Өйткені бойымда қыжыл-намыс бар. Анау биліктегі тілін сатқан кейбір намыссыз қазақтар есектен несі артық?! Балаларын орыс мектебіне беріп жүргендер қазақ мемлекетінің тəуелсіздігіне сенбейтіндер ғой. Қанша қамшылап жатсаң да, бойындағы қаны тасымайды олардың.  Теппейді. Шаппайды. Рухы оянбайды. Тепең-тепең етіп қамшы тигенде ғана бір ақырып қойып жүре береді. Оларға екі дүние бірдей ғой». Осылай деген Мұхаң біздің бөлменің терезесінен көрініп тұрған Ақорда мен Парламентке, Жоғары сотқа тесіле қарады. Сұлулығымен көз тартатын əсем ғимараттар тотыдай түрленіп, бүкіл құпияны іштеріне бүккен қалпы тəкапарлана биіктен маңғаздана қарайды төменге.

«Парламентке келген заң жобасы орысша жазылып, орысқа бүйрегі бұрып тұратын министрлер депутаттар алдына келгенде қай мемлекетте жүргендерін шатастыра бастағанда шыдамым таусылып Президенттің қабылдауына жазылдым. Қанша күткенім есімде жоқ. Əйтеуір қабылдады» деді Мұхаң өткен күндердің қақпасына жол тапқандай кейіпте. «Атшаптырым залда президенттің алдында отырмын. Əңгімені неден бастағанымызды нақты білмеймін. Əйтеуір, президент уақытының аз екенін айтып, Парламенттің жұмысы туралы, т.б жайттар туралы сұрады-ау деймін. Жадыма сақтамаппын. Маңдайы жарқырап көңілді көрінеді президент. Менің «басты тақырыбым» тіл екенін білетіндіктен, тілді дамытуға қыруар қаржы бөлініп жатқанын сөз етті. Мемлекеттік тілді дамытуға кешенді жоспарлар жасалғанын, оны өзі үнемі қадағалап отыратынын да жеткізді. Сонымен не керек, Нұрсұлтан Әбішұлының айтуынша бізде бəрі тамаша көрінеді. Алаңдауға еш негіз жоқ. Сабыр сақтап, сөзін бөлмей тыңдап отырмын. Асығып отырған президентім жетістіктерді айтқанда ұзаққа шапты. Бір кезде уақытының аз екені есіне түсті ме, сағатына қарағыштап: «Иə, Мұхтар, шаруаңды айт!» демесі бар ма? Сөзді неден бастарымды білмей, тосылдым да қалдым. Айтатын мəселе көп. Тілдің жағдайы мүшкіл. Беріліп жатқан мəліметтің көбі өтірік. Тілді дамытуға бөлініп жатқан қаржы есепсіз, бақылау аз. Неден бастарымды білмей отырдым да: «Нұрсұлтан Əбішұлы, көп нəрсе сізге байланысты» деп қойып қалдым. Президент отты көзіменен мені бір атты да, «Иə, не болып қалды?»  – деді. «Тəптіштеп жатпай-ақ қояйын, ұзын сөздің қысқасы, əңгіме былай өрбіді. Президентке сіздің өзіңіз көп жиындарда орысша сөйлейсіз, шет елге шықсаңыз да Ресейдің мемлекеттік тілі үстемдік құрады. Егер сіз, өзіңіз бастап қазақшаға көшсеңіз, анау жүгеріп жүрген министрлеріңіз, үкіметіңіз бəрі қоғадай жапырылып, бір айдың шамасында ешқандай мемлекет бюджетін шығындамай-ақ даңғыл жолға түседі. Тəуелсіздік алғанымызға бəленше жыл болды. Жағдайымыз əлі шатқаяқтап тұр. Кейбір мəселелер де алға жылжу болғанымен, толеранттылық жасампаздық көрсеткенімен, тіл мəселесі мəз емес. Сізден мұны халық талап етеді!»  – дедім дауысымды қатайтып.

Бұл сөзім Президентке ұнамады қайтейін. Шат-шадыман кескіні бұзылып түнеріп кетті. Одан кейін əңгімеміз жараспады. Сөйтіп мен көксоққан Президенттің көңіл-күйін түсіріп кеткенім бар.  Менің қайбір Құдай сүйер қылығым бар дейсің»,  – деп маған күле қарады.

Нағашыбай Қабылбек

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған