Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті

Мемлекет басшысының төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Жиында Қазақстан президентінің Америка Құрама Штаттарына ресми сапарының нәтижелері мен қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру жөніндегі шаралар қарастырылды.

Елбасы: «Біз бүгін Қазақстан делегациясының АҚШ-қа ресми сапарының қорытындысын, соның ішінде АҚШ Президенті Дональд Трамппен, вице-президент Майкл Пенспен, басқа да басшылармен өткен келіссөздердің нәтижелерін талқылаймыз. Сондай-ақ, еліміздің мүддесі үшін бұл уағдаластықтардың орындалуына септігін тигізетін шараларды қарастыру қажет.

АҚШ-тың ірі компанияларымен және қаржы институттарымен жасалған келісімдерді іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударғым келеді. Біз америкалық бизнес «капитандарымен» нақты уағдаластықтарға қол жеткіздік. Бұлар біздің экономикамызға, әсіресе инновацияны енгізу, цифрландыруды дамыту және Қазақстанға инвестициялар мен жаңа технологияларды тарту салаларына тың серпін беретін болады», – деді.

Соңында мемлекет басшысы Қазақстан мен Американың жоғары деңгейдегі диалогы еліміздің экономикасын дамыту және өңірдегі қауіпсіздікті нығайту тұрғысынан маңызды екенін атап өтіп, Қауіпсіздік кеңесі отырысының қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.