Қазақстан Қытайдан жеміс-жидек алып келуді тоқтатты

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, 2 наурыздан бастап Қытайдан сүйекті, шекілдеуікті және цитрусты дақылдарды алып келуге уақытша тыйым салды.

АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аталған тыйымды енгізуге Қытайдан Қазақстан аумағына кіргізілетін өнімдерде «карантиндік объектілердің» жүйелі түрде анықталуы негіз болған.

«Фитосанитарлық шаралар жөніндегі Халықаралық стандарттың ережелеріне сәйкес, ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті ҚХР-ның Бас кеден басқармасының атына карантинге жатқызылған өнімді алып келу кезінде халықаралық және бірыңғай карантиндік фитосанитариялық талаптардың бұзылуы туралы нотификация жолдады. ҚХР карантиндік қызметі ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті жолдаған ресми хабарламаны қарастырып, әрекет ету шараларын күшейтуді ұсынды. Атап айтқанда, Қытай тарапы жүйелі сипатта орын алған бұзушылықтар жекелеген жеміс-жидек бақшаларының карантиндік объектілерге қарсы алдын алу шараларын жүргізбеулеріне байланысты екенін анықтады» делінген хабарламада.

Айта кетейік, былтыр Қазақстан аумағына Қытайдан карантин кезінде өнімді алып кіргенде 52 заңбұзушылық анықталды.