Астана күніне орай «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан Республикасының шекарасы» жолын қайта жаңарту жұмысы басталды (Фото)

Астана күніне орай Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан Республикасының шекарасы» автомобиль жолын қайта жаңарту жұмысы басталды. Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов қатысты.

«Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан Республикасының шекарасы» автомобиль жолы аса маңызды көлік инфрақұрылымдық нысаны болып табылады. Ол Құрық портынан басқа елдерге жүк тасымалдауға мүмкіндік береді. Жолдың екінші категориясы 85 шақырымды құрайды. Ол Өзбекстан шекарасынан басталып Бейнеу ауданынан өтеді. «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан Республикасының шекарасы» автомобиль жолы – Маңғыстаудың  ірі көліктік күретамыры.

– Өткен жылдың соңынан бастап еліміздің Өзбекстан Республикасымен қарым-қатынасы нығая түсті. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында екі ел арасындағы сауда айналымы 37 %-ға өсті. Республиканың Өзбекстанмен байланыс жолы тек Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданы мен Бейнеу ауданында ғана бар. Бейнеу ауданы Өзбекстанмен теміржол мен автомобиль жолы арқылы қатынас жасайтын еліміздің киелі қақпасы ғана емес, Орта Азияның Ресейге, одан әрі Еуропаға шығатын бірден-бір қатынас жолы. Маңғыстау облысы ірі көліктік логистикалық орталыққа айналып келеді, – деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

     

     

Жолдың құрылыс жұмыстары 2018 жылы аяқталады деп күтілуде. Жоба құны 20 млрд теңгеге жуық. Мердігер мекеме «Теміржол Жөндеу» ЖШС. Жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Ералы Тоғжанов автомобиль жолының реконструкция жасау жұмыстары қарқынды жүргізілетінін атап өтті. Өйткені бұл Каспий көлік дәлізінде жүк тасымалдауды қамтамасыз ететін маңызды нысан.

АУЫЛІШІЛІК СУ ҚҰБЫРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Астана күніне орай Бейнеу ауданының, Сарға ауылында су тазалау ғимараты мен ауылішілік су құбырының құрылысы басталды. Мақсат – тұрғындарды тазартылған ауыз сумен қамтамасыз ету. Нысан құрылысының құны 487,583 млн теңге. Мердігер мекеме  «Сико» ЖШС. Жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылды. ­­Құрылыс жұмыстары 2018 жылы аяқталады деп күтілуде. Су құбырының ұзындығы – 27,275 шақырымды құрайды. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін, 200 тұрғын үй сапалы ауыз сумен қамтылады.

    

    

Сарға ауылының қуанышына қатысқан облыс әкімі Ералы Тоғжанов Елбасы Жолдауында ауыл экономикасы мен инфрақұрылымын дамытудағы мемлекеттік саясат аймақтарда замануи стандарттарға сәйкес  тұруға қолайлы жағдай жасау үшін бағытталғанын атап өтті.

МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ТАРИХИ-МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРДІҢ ДАМУЫ – ТУРИЗМНІҢ ТІРЕГІ

Бейнеу ауданына сапар аясында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов «Ақпанның үйігі», «Сам қаласы»  Маңғыстаудың тарихи-мәдени ескерткіштеріне барды.

«Ақпан үйігінің» сыртында, оңтүстік-батыс, оңтүстік және шығыс жағында бес-алты қоршаулар сақталған. Диаметрлері бір-екі метрден аспайтын қоршаулар ғұрыптық мәнге ие болуы мүмкін. «Сам қаласы» Тұрыш елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан.

Мұндай киелі жерлер біздің облысымызда аз емес. Егер бүгін тарихшы-ғалымдар қызығушылық танытса, ертең ол саяхатшылардың жиналатын орнына айналуы мүмкін. Елбасымыздың «Рухани жанғыру» бағдарламасы аясында ғылыми зерттеу жұмыстары барысында  көріктендіру,  туристік ескі және ортағасырлық археологиялық ескі қаланың орны мен мекенін қолдану бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәдени инфрақұрылым кеңейтіліп, мәдени мұраларды зерттеудің толық жүйесін құрудың тетіктері жүзеге  асырылуда.

Ералы Тоғжанов тарихи-мәдени ескерткіштердің бірегейлігін атап өтіп, бұл нысандар туристердің баратын жеріне айналуы тиіс деді.

Айман Оңғарбайқызы

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған