1 ақпаннан бастап Қарағанды облысында коронавирусқа қарсы вакцинация басталады

Бірінші ақпанда Қарағанды облысы коронавирусқа қарсы жаппай вакцинацияға қосылады. Бірінші кезеңде өңірдің 9 мыңға жуық медицина қызметкерін «Спутник V» препаратымен егу жоспарлануда. Қарағанды облысының Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің басшысы Бибігүл Төлегенова вакцинациялау туралы айтып берді.

Қазір өңірде вакцинация орталықтары дайындалуда. Барлығы 115 кабинет ашылады. Вакцинация орталықтарында егуден кейінгі бақылау аймақтары қарастырылған. Препарат енгізілген сәттен бастап жарты сағат ішінде адам медбикенің бақылауында болады. Содан кейін алты күн бойы вакцина алғандардың барлығы аудио және бейне қоңыраулар арқылы учаскелік дәрігерлердің бақылауында болады.

Облыстың түрлі қалалары мен аудандарынан 500-ден астам медицина қызметкерлері оқытудан өтті. Ресейлік сарапшылар да денсаулық сақтау басқармасының қарағандылық мамандарымен бейнебайланыс арқылы өз тәжірибелерімен бөлісті. «Спутник V» вакцинасы туралы ең өзекті мәселелер талқыланды. Спикерлер құрамына вакцинаны тасымалдаумен айналысатын мәскеулік және Петербургтік мамандар, сондай-ақ биолог және инфекционист дәрігерлер кірді.

Вакцинаны 18 жастан 60 жасқа дейінгі ересектер ала алады. Басқа жас санаттары үшін сынақтар әлі жүргізілген жоқ. Созылмалы аурулары бар адамдарды да вакцинациялауға болады, бірақ дерттің жіті кезеңінде емес. Сондай-ақ, егер адам алты ай бұрын КВИ-мен ауырса, бұл вакцинацияға қарсы көрсеткіш болмайды. Иммунитеттің қандай мерзімге қалыптасатыны әлі белгісіз.

Бірінші кезеңде Қарағанды облысында инфекциялық ауруханалардың, жедел медициналық жәрдемнің, реанимация, БМСК бөлімшелерінің, қабылдау бөлмелерінің, санэпидқызметтің 9 мың медицина қызметкерін егу жоспарлануда.

Наурыз айында екпені бірінші санатқа кірмеген дәрігерлер, жалпы білім беретін мектептер мен университеттердің педагогтары алады. Үшінші кезеңде мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтарын, студенттерді және созылмалы аурулары бар адамдарды қамтиды.

 

                                                                                                        Жомарт Шаймұрат