1-сыныптан бастап баланың басын қатырудың еш қажеті жоқ!

Мен  ҚР Білім және ғылым  министрлігінің білім беру саласында жүргізіп жатқан сансыз, сапасыз реформаларының бірі төңірегінде ой қозғамақпын. Сансыз дейтін себебім: еліміз  егемендік алған кезден бастап білім беру саласында неше түрлі бастамалар көтеріліп, аяқсыз, нәтижесіз қалып жатқаны жалпы халыққа беймәлім болғанымен, педагогтар қауымына белгілі. Сөзім дәлелді болу үшін «жалынды» бастамалардың  бір-екеуін ғана атап  өтейін.

  1. 1990 жылдан бері қолға алынып, 2003 жылы эксперимент ретінде алғаш мыңдаған бүлдіршін 12 жылдық бағдарлама бойынша мектеп партасына отырған болатын, солардың 341-і ғана былтыр мектеп бітіріп, 11 жылдықтармен бірге ҰБТ тапсырды. Одан кейінгі жылдары ол эксперимент жалғасын таппады. Одан әрі қалай болды деген сан сұрақтарға  министрліктен ешкім де жауап берген жоқ.
  2. 1998 жылдан бастап енгізілген кешенді тестілеу, одан әрі Ұлттық бірыңғай тестілеу төңірегіндегі дау-дамайлар да жыл сайын жаңаша сипат алуда. Жылма-жылғы енгізіліп жатқан түзетулер мен толықтырулардың да бір тоқтамға келері көрінбейді.

 3.Төл оқулық, отандық оқулық, жаңа буын оқулығы т.с.с.  атаулармен  министр өзгерсе,  оқу-әдістемелік құралдар топтамасы  да жаңартылып,   бірақ бірер жылда қолданыстан алынып тасталып отырды, қайсыбіреулері баспадан шығарылғанымен, оқу  үдерісіне енгізілмей қалып жатты.

  1. Деңгейлік, I-Learning бағдарламаларына да қыруар қаражаттың бөлінгендігі және оның нәтижесіз екендігі де айқын. Оның бәрін тізе берсек өте көп. Енді негізгі мәселеге көшейік.

 «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында оқушылардың функционалдық сауаттылығын жетілдіру мен шығармашылық қабілеттерін дамыту» бағытында орта мектептердегі  сабақтарды үш тілде жүргізу, ағылшын тілін 1-сыныптан бастап оқыту, бірнеше пәндерді кіріктіре оқыту мәселелері бүгінде өте өзекті, қоғамда қызу талқылауға  түсіп  жатқаны белгілі. Олардың  ішінде  бұл жаңалықты қолдаушылар да, жақтамайтындар да, немқұрайлылық танытушылар да жетерлік. Білім және ғылым министрінің  айтуынша, республикамыздың  30  мектебінде сынақтан өтіп, енді оны барлық мектептерге енгізу қажеттілігі туындап тұр екен. Бізде эксперименттердің бәрі дерлік  қағаз жүзінде теп-тегіс, тамаша болып өтетіні құпия  емес. Оның үстіне кез келген құжатқа көзді жұмып қол қоя беретін қабылдаушыларымыздың бар екенін де естен шығармайық.

zhas

Сонымен,  бұл жерде мені ойландыратыны мектеп түлектерінің үш тілді еркін меңгергендігі емес, 1-сыныптан бастап балаға үш тілде сабақ беріп, басын қатырудың қандай қажеттілігі бар деген сұрақ.

 Мен өз  балаларыма тіл үйретудегі тәжірибеммен бөлісейін.  Үлкен  балам  7 сыныптан бастап неміс тілін оқыды, бірақ ағылшын тілінің қажеттілігін  түсініп, оны 10-сыныпта 4 айлық ақылы ағылшын тілі курсына бердім. Аптасына екі рет барып оқып, сертификатын алды. 11-сыныпта тағы сол курсын 4 ай жалғастырды. Сол  біліммен Қазақ Ұлттық университетіне  түсіп, басқа  студенттермен  бірге ағылшынша білімін әрі жалғастырды. Магистратура, докторантура, «Болашақ» бағдарламасы  бойынша Англияда іс-тәжірибеден өту — бәрі ойдағыдай. Негізгі мамандығы — шығыстану, оның араб бөлімін бітірді. Түрік тілінің қажеттілігін түсініп, өздігінен оны да үйреніп алды. Қазір бес тілде еркін сөйлейді.  Ал мектепте оқыған неміс тілі  ұмытылып  қалды, бұл — бір.

 Ортаншы балам 7-сыныпта қазақтүрік лицейіне қабылданды. Бас-аяғы 4 айдың ішінде түрікше, ағылшынша   сөйлейтін дәрежеге жетті. Қазақша, орысшасы  және бар. Бүгінде қазақша, орысша, ағылшынша, түрікшесімен қоса   өз қызығушылығымен араб тілін үйренді. Туризм саласында қызмет жасайды. Үшінші балам да  қарапайым  қазақ орта мектебінде оқиды. Қазақша, орысша еркін, ағылшынша сөйлеу мәдениеті төмен, өйткені  тілді жетілдіретін орта жоқ, бірақ ағылшынша жақсы түсінеді.

 Түрік сериалдарына қызығушылығынан түрік тілін  өздігінен  үйренді. Бүгінде үш балам да үйренген тілдерін  қажеттіліктеріне қарай  қызметтерінде пайдалануда. Сонымен, жастардың ағылшын тілін үйренуіне мектепте 5 жыл (7-12-сынып), ЖОО-да 4 жыл, магистратурада 2 жыл,  сонда 11 жыл уақыт жетпей ме?

Менің ойымша, тіл  үйрену жылмен өлшенбейді, сапамен, қажетті орта құра білумен өлшенеді. Бір жыл, бір ай оқытсаң да сапалы оқыт, сонда нәтиже болады. Қаншама қаражатты босқа  жіберіп, барлық оқушыларды партаға таңып ұстаудың қанша қажеттілігі бар? Мектепте 11 жыл оқып, көбейту  кестесін білмей шығып жатқан  оқушылар да бар. Сонда біз  кімді  алдаймыз? Бізде үш тілде оқытылатын қанша мектеп, онда қанша оқушылар бар (Назарбаев Зияткерлік мектебі, қазақ-түрік лицейлері, дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын мектептер т.с.с.). Ал жалпыға бірдей  ағылшын тілін білу қаншалықты қажетті?

 Сондықтан қалаға, ауылға енді қанша үш тілді меңгерген  мектеп түлектері  керек деген стастикалық талдау қажет. Олар жетпей жатса, ақылы, ақысыз қосымша тіл үйрету курстарының жұмыстарын  жетілдіру қажет. Келесі жылдан  бастап оқушылар бес күндік оқу жүйесіне көшетіндіктен, оқушылардың да қосымша  оқуға уақыттары жеткілікті  болады. Бірінші сыныптан бастап үш тілде білім алған  бала қай тілде ойлап, қай тілде өлең-жыр, шығармашылық туындылар  жазады? Мен қазақ мектебінің  түлегімін, қазақша ойлап, қазақша жазам. Орыс мектебі түлектері орысша ойлап, орысша  жазады. Мүмкін менің көзқарасым ескіше болар, дегенмен эксперименттің нәтижесі ойымның дәлелі деп түсінемін.

…30 мектептегі  эксперимент  нәтижесін кімдер, қандай критерийлермен  саралапты? Қазба байлығы жоқ  Жапония  немесе Оңтүстік Корея  тілге байланысты тоқырауға түсті ме, алақандай Эстония тілін қалай құрметтейді? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Ә.П.Мұстафаев