«10 оқиғаны» күтіп отыра береміз бе?
Бұрын «ажал айтып келмейді» деуші едік, енді «ауру айтып келмейді» дейтін жағдайға жеткен сияқтымыз. Онсыз да май шаммен қаралар мәселесі көп біздің қоғам үшін менингит нағыз бас ауруына айналып отыр. Әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде бұл ауруға қатысты ақпарат өте жылдам әрі көптеп таралғаны сондай, науқастардың «ауырды» дегенінен «қайтыс болды» деген хабары тез келгені…
Соңғы бір ай көлемінде елдің дегбірін қашырып, ұйқысын бұзған менингит мәселесі қашан ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің назарына ілігеді екен деп жүрген едік. Жыл басынан бері қауіпті менингококк вирусын жұқтырған 58 науқастың 12-сі жер қойнына тапсырылған соң ғана ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ел алдына шығып, журналистердің сұрағына жауап берді. 2015 жылдан бергі статистиканы алға тартып, сабырлы қалыппен халықты дүрлікпеуге шақырған министр баяндамасын бітірем дегенше алматылық және қызылордалық 27 жастағы екі бірдей сырқат менингит салдарынан қайтыс болғанын айтпай кетуге болмас. Десе де, Е.Біртанов карантин жариялауға асықпайтын секілді.
-Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабы бойынша бір аптаның ішінде менингококк инфекциясына шалдыққандар саны 2000-ға жетсе ғана карантин жариялай аламыз. Дәл қазір елімізде карантин жариялауға еш негіз жоқ. 100 мың адамға шаққанда менингит ауруына шалдығудың 10 оқиғасы тіркелсе ғана карантин туралы сөз қозғауға болады,-дейді министр.
Яғни, Е.Біртановтың бұл сөзін «10 оқиға» болмайынша менингит қалыпты індет түрінің бірі болып қала береді деп топшылаған жөн. Өйткені, аталмыш аурудан 2013 жылы 18, 2014 жылы 15, 2015 жылы 21, 2016 жылы 7, ал, былтыр 11 отандасымыз қайтыс болған. Бұдан бөлек, министр Қазақстан халқын әлеуметтік желілерде таралған ресми дерек көздерінен алынбаған ақпараттарға сенбеуге шақырды. Сондай-ақ, Алматыда қайтыс болған үш науқастың ораза ұстағаны анықталған дейді Е.Біртанов.
-Иммунитетті әлсіретіп алмау өте маңызды. Осыған дейін қайтыс болған үш науқастың ораза тұтып, күндіз дәрі-дәрмек қабылдаудан бас тартқаны белгілі болып отыр. Бұдан кейін біз тұрғындарға мүмкіндік болса оразаны тоқтатып, уақытылы дәрі-дәрмек арқылы ем-домды жасау керектігін айтып жатырмыз,-деген министр вакинациялау мәселесін де тілге тиек етті:
— Денсаулық сақтау министрлігі вакцинациялау туралы шешімді қолдап отырған жоқ. Иммунизациялау ұлттық комитеті де бұл шешімді қабылдамайды. Елімізде вакцинациялау бар, бөлшек саудада сатылып жатыр. Баға жоғарылап кетпеуі үшін Фармация комитеті өндірушілермен және жеткізушілермен де жұмыс жүргізіп жатыр.
Бұдан белгілі болғандай, менингококк инфекциясына қарсы вакцина едәуір қымбат тұрады. Министр Е.Біртанов бұл вакцинаның тіпті басқа екпе түрлерінен де қымбат екенін ескертіп, бөлшек саудадағы оның бағасын реттеп, әсіресе, осындай қиын кезеңде құнының шарықтап кетуіне бақылау жасап отырғанын да айтты.
Араға бір күн салып, Денсаулық сақтау министрі ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында аталмыш мәселеге қатысты есеп берді. Брифингте айтқанын кері қайталаған Біртанов премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың сынына ілікті. Үкімет басшысы мұндай жағдайда оперативті шешім қабылдау керектігін баса айтып, ауруханалардың науқастарды мекен-жайына қарап қабылдамай жатқанын да тілге тиек етті. Менингиттің қатерінен қайғылы жағдайға ұшырап отырған отбасыларға жаны ашыған Б.Сағынтаев Денсаулық сақтау министріне:
-Облыстық науқас, қалалық науқас деп ауруханалар қабылдамайды. Мұндай мәселелерді оперативті шешу керек қой, Елжан Амантайұлы. Кеше оқып отырмыз, бір кісі баласынан үш сағатта айырылып қалған. Талғардан Қаскелеңге жеткенше қай заман? Неге оны Алматыға жатқызу болмайды? Неге осындай мәселелерді жедел тапсырма беріп шешпейсіздер? Болмаса әкімдерге айту керек, барлық ауруханаларға осы инфекциямен келген адамдарға жедел көмек беруді тапсыру қажет. Бұл жөнінен жұмыстарыңда кемшілік көп, Елжан Амантайұлы,-деп дауысын көтере сөйледі.
«Жаман айтпай, тәуір жоқ» дегенмен, министр Е.Біртанов республика бойынша менингит ауруына қатысты ешқандай дерек жасырын қалмайды деп отыр. Сондай-ақ, Үкімет басшысының айтқандарына лезде кірісетінін жеткізді. Бұдан бөлек, инфекцияның таралу шеңберін азайту мақсатында балалардың да, ересектердің де көпшілік жиналатын қоғамдық орындарға көп бара бермеуін өтінді.
Ермұрат НАЗАРҰЛЫ