10 тамыз — Абай Құнанбайұлының күні

Қазақтың ұлы ақыны, жазушы, қоғам қайраткері, ағартушы, қазақ жазба әдебиеті мен әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туған күні  Алматыда кең көлемде аталып өтеді. Мерекелік датаға орай 7-11 тамыз аралығында кітап көрмелері, Абай оқулары, байқаулар мен викториналар, семинарлар мен тренингтер, шахмат турнирі, сондай-ақ «Абай әлемі» концерт-спектаклі сынды бірқатар іс-шара өтеді.

9 тамызда сағат 9:00-де Республика сарайының алдындағы Абай ескерткішіне гүл қою рәсімі өтеді. Одан кейін ұлы ойшылдың шығармашылығына арналған «Адамзаттың Абайы» мүшайрасы жоспарланған. Оған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, ҚР Мәжіліс депутаттары, жазушылар, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен қала қонақтары қатысады. Сонымен қатар Абай алаңында кітаптар мен этноөнімдер жәрмеңкесі ұйымдастырылады.

Абайдың туған күні, 10 тамызда сағат 16:00-де «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Абай әлемі» концерт-спектаклі өтеді. Режиссер Фархад Молдағалидің жетекшілігімен Болат Әбділманов, Ерлан Біләл, Нүркен Өтеуіл сынды танымал актерлер өнер көрсетеді. Олар ұлы ақынның өмір жолы туралы қойылым көрсетіп, Абай шығармашылығындағы жаһандық тақырыптарды қозғайды. Сонымен қатар, концертке «Музарт» тобы, Ерден Жақсыбек, IL Canto тобы, Steppe Sons тобы, Ернар Амандық және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының хоры қатысады.

Апта бойы қаланың барлық дерлік білім беру орталықтары мен кітапханаларында Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқу бойынша байқаулары өтеді. Түрксіб ауданындағы комьюнити орталығында «Абай Chess» шахмат турнирі өтеді.

Қала тұрғындарының арасында «Абай Құнанбайұлы туралы не білеміз?» атты блиц-сауалнама жүргізіледі. Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты сұрақтарға дұрыс жауап берген азаматтарға сыйлық беріледі. Үкіметтің арнайы қаулысымен 10 тамыз — «Абай күні» болып бекітіліп, мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Ұлы ақын, ғұлама, ойшыл, ағартушы, аудармашы, композитор, қазақ халқына біткен бірегей тұлға Абай Құнанбайұлының туылған күні ұлтымыз үшін ұлық мереке саналары сөзсіз!  М. Әуезов атап көрсеткендей, Абай мұрасының нәр алған рухани үш арнасы: өз халқының мәдени мұрасы мен Шығыс, Батыс елдерінің рухани қазынасы болды. Туған халқын сүйіп, оны қасіреттен құтқаруды, бодандыққа қарсы Абай халқын оятып, береке-бірлікке шақырды. Туған халқы да Абайын сүйіп, қатты құрметтеді. Өмірлік мағынасы зор өлеңдерін жатқа айтып, тұмардай сақтады. Шынында әр сөзі теңіздің тереңіне тартқандай мың батпан ойдан туған, кісіге берер шабыты мен шапағаты мол Абай әр қазақтың бағдаршамы іспетті.

Абай өлеңдері бай философиялық, курескерлік қасиетке ие. Ол ең алдымен қазақтың телегей – теңіз ауыз әдебиетінен сусындап, батырлар жыры мен ғашықтық жырларының үрдісіне мұрагерлік етті.  Абай қазақ өлең үлгісін жаңаша тұрғыдан байыта түсті. Сондықтан да Абай қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы деуге болады.

Абайдың ақындық дәстүрін ақынның көзі тірісінде тікелей дамытып, жалғастырған ақын шәкірттері болған. Солардың ішінде ерекше орын алатыны Абайдың өз балалары. Абайдың ән шығармашылығы қазақтың халық музыкасында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» т. б. әндері әлі күнге халық жүрегінен жылы орын алған. Абай поэзиясының арқауы ғылым, білім, еңбек – осы қара сөздерде жалғасып дамиды.

Қара сөздерден адамның көңіл-күйінің жарығы мен қараңғысының айнасы болған – күлкі мен қайғы туралы педагогтар арасында осы күнге дейін айтылмаған тың ой табамыз. Өйткені күлкі мен қайғы туралы ешкім Абайдай тап басып айта алмаған. Абай «күлме» демейді тек «орынсыз күлкіден сақ бол» дейді. Абай өз шығармалары арқылы рухани бірлікке шақырады. Абай өлеңдерінің тақырыбы жан-жақты әлеуметтік аясы кең. Өлеңдері халықты өнерге, білімге, ғылымға шақырады, әрі жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін махаббат өлеңдері болып келеді. Сондықтан Абай өлеңдері XIX ғасырдағы «қазақ қоғамының айнасы» деп те аталады.

«Абай күні — ғылым мен білімнің шырағы жанған күн» деп бекер айтылмаса керек. Абай – тұтастай адамзат ой-танымын жаңғыртуға жол сілтеген шамшырақ, әлемдік деңгейдегі кемеңгер.

Жаңа заманның, өркениеттің бастауы болған, қоғамдық сананың ілгерілеуіне қызмет еткен Абай болмысы қашанда үлгі. Баршаңызды рухани мереке – Абай күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Гауһар Тұрсынқожа