«100 ҚАДАМ» ҰЛТ ЖОСПАРЫ ЕЛ ҮМІТІН АҚТАЙДЫ
Балқаш ауданы — Алматы облысының солтүстікбатысындағы әкімшілік бөлініс. 1932 жылы құрылған. Жер аумағы — 37,4 мың км². Тұрғыны — 31 мың адам, Аудандағы 24 елді мекен 15 ауылдық әкімшілік округ құрамына енеді. Аудан орталығы — Бақанас ауылы. Аудан жері Жетісу (Жоңғар) Алатауының Малайсары жотасынан Іле бойымен Балқаш көлінің оңтүстік жағалауына дейін созылып жатыр. Солтүстігінде Сарыесік атырау шөлін, батысы мен оңтүстігінде Тауқұм құмды алқабын қамтиды. Жер бедері негізінен жазық. Аудан жеріндегі ең ірі өзен — Іле. Оның тармақтары ескі арналар мен көлшіктер құрай отырып, Балқаш көліне құяды. Аудан экономикасының негізгі саласы — ауыл шаруашылығы. Осы ауданға небәрі төрт ай бұрын ғана әкім болып Ғалым Қасымұлы Тоқпейісов тағайындалды. Жалпақ тілмен айтсақ, Ғалым Қасымұлы туған өңірі Балқашқа ел қамын ойлайтын тұлға болып оралды. Сонау жас кезінен бастап тынымсыз еңбектің дүбіріне ілесіп, мол тәжірибе жинақтаған азамат Алматы облысында бірталай мекемелерге басшылық етіп, кейіннен Көксу ауданының әкімі болып қызмет атқарды. Осындай ақ жарқын, қабілетті, іскер, жауапкершілікті жете түсінетін азаматпен біраз жылдар бірге қызмет атқарғандықтан, қандай лауазым тізгіні тапсырылса да, Ғалым Қасымұлы тындырымды, нәтижелі атқара алатынына сенімдімін. Өйткені ол — жақсы ұйымдастырушы, алдына мақсат қойып, оны орындай білетін басшы, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, қолынан келген жақсылығын аямайтын, тынымсыз тағлымды мінезі бар азамат. Тумысынан іскер Ғалым Қасымұлы сияқты басшылардың көп болғанын қалар едім. Осы Балқаш ауданының әкімі Ғалым Тоқпейісовтың «100 қадам» Ұлт жоспары бойынша атқарып жатқан жұмысы туралы мақаланы назарларыңызға ұсынамыз.
Кәсіби мемлекеттік аппарат құру
Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес Балқаш ауданында 19 қадамы бойынша нақты жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарлама біздің қоғамның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елімізді дамыған отыз мемлекеттің қатарына жетелейтіні анық. Атаулы құжатта әрбір қазақстандықтың мүддесі қозғалған. Кәсіби мемлекет, қызмет, бизнес құрудың жолдары көрсетілген. Осы тарихи құжаттың бірінші бөлімі «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» деп аталған. Бұл — мемлекеттік қызметтің беделін көтеретін бірден-бір тиімді талап. Бұл бағытта ауданда 6 қадам жүзеге асуда. «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік қызмет жүйесін құрудың мансаптық жоғарылату принципі енгізілген. Оның аясында бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілердің жеке іскерлік қасиеттері, сонымен қатар сатылық жоғарылату үшін төменгі лауазымдардағы тәжірибесі қойылған. Мемлекеттік қызметке жаңа келгендер міндетті түрде сынақ мерзімінен өтеді. Жыл басынан төменгі лауазымдарға ауданда 11 жалпы конкурс өткізілген. Сынақ мерзімінен 3 мемлекеттік қызметші өтуде. Жоғарғы мемлекеттік лауазымға орналасу үшін 23 ішкі конкурс өткізіліп, 10 мемлекеттік қызметкер қызметке қабылданған. Өткізілген конкурстардың тазалығы мен өзектілігін қамтамасыз ету үшін конкурстық комиссия отырыстарында бақылаушылар қатыстырылған.
13-қадамға сәйкес жемқорлық қатеріне сараптама жасау жөнінде іс-шаралар жоспары және жемқорлыққа қатысты заңбұзушылықтың алдын алу және ескерту мақсатында жемқорлықпен күрес жөнінде жоспар бекітілген. Барлық мемлекеттік органдарда сенім телефондары орнатылып, ақпараттық құралда арнайы айдарлар ашылған. Жыл басынан бұл бағытта аудан әкімдігінің ұйымдастыру, мемлекеттік құқық бөлімі, ішкі саясат бөлімі және Мемлекеттік қызмет істері Алматы облысы бойынша департаментінің бірлесіп ұйымдастыруымен Бақанас ауылында мемлекеттік қызметкерлер, мекеме қызметкерлері арасында 5 семинар, 7 кездесу өткізіліп, оған 1800 адам қатысқан. Бұл сыбайлас жемқорлықтың, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар өз нәтижесін беретіні сөзсіз.
Жергілікті полиция қызметі жандандырылды
Ұлт жоспарының 30-қадамы талабын орындау үшін жергілікті атқарушы органдарға және қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметі ағымдағы жыл басынан бері өз қызметіне кіріскен. Балқаш АІІБ-нің Жергілікті полиция қызметінің штат кестесі бойынша барлығы 26 қызметкер аудандағы қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, ұсақ құқық бұзушылыққа жол бермеу және тағы басқа мәселелерді шешуде шұғыл шара қолданып отырады. Өткен мерзім ішінде аудан бойынша 203 қылмыс тіркелген. Осы кезеңде аудан көлемінде криминогендік жағдай жалпы тіркелген қылмыстардың саны 4,6 пайызға жоғарылауымен сипатталады. Есепті мерзім ішінде аудан көлемінде 2323 құқық бұзушылық анықталып, әкімшілік хаттама толтырылған. Аудан бойынша 987 азаматқа 8 963 128 теңге айыппұл салынып, оның 637-інен 6 055 821 теңге өндірілген. Осындай нәтижелі шаралардың барлығы халықтың тыныштығын сақтауға, құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіншілік тудыруда.
Жерді түгендеу — уақыт талабы
2016 жылы ауылшаруашылық мақсатында жер телімдерін пайдалануға беру туралы 1 конкурс өтіп, қорытындысында 7808 га жерді құрайтын 31 жер телімі пайдалануға берілді. Қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетімен, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына конкурс өткізу арқылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен беруді қарастыратын, «Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды), оның ішінде электрондық түрде ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы №290 бұйрығына өзгеріс және толықтырулар енгізу туралы» бұйрықтың жобасы әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуде. Осы бұйрық қабылданғаннан кейін жер учаскесін бөлу сауда-саттық (конкурстар, аукцион) арқылы берілуі мүмкін. Ауданда ауылшаруашылық және басқа да жер телімдерін пайдаланбай немесе иесіз бос қалдырған шаруа қожалықтардың жер телімдерін түгендеу жұмыстары жүргізіліп, жер телімдерін қайтару жұмыстары бақылауға алынып отырады. 2015 жылы аудан бойынша барлығы 4334,5 га жердің пайдаланылмағандығы анықталып, оның ішінде 1646,5 га жер телімі қайта пайдалануға енгізілген, 2234 га жер мемлекет меншігіне қайтарылған, 454 га жер теліміне Алматы облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы тарапынан 79280 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Алматы облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы тарапынан қосымша 5738 га жер көлемін құрайтын 9 шаруашылыққа тексеру жүргізіліп, 8 шаруашылыққа 634240 теңге айыппұл салынып, 1 шаруашылыққа ескерту берілген. Сонымен қатар 2016 жылдың 29 наурыздағы №22-ө санды аудан әкімінің өкіміне сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау жұмыстарын жүргізу үшін тұрақты жұмыс тобы құрылған. 2016 жылы өз еркімен және соттың шешімдерімен 1446.6 га жер телімін құрайтын 6 шаруашылықтың жер телімдері қайтарылды. Ауылдық округтер әкімдіктеріне ҚР «Жер Кодексінің» 92 бабының 3 тармағының 3) тармақшасына сәйкес ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жер учаскелеріне сараптама жасап, ауылшаруашылық малдары тіркелмеген, шаруа қожалықтары бойынша мәліметтер жиналып, қазіргі таңға пайдаланусыз қалдырылған жер телімдерін қайтару шаралары жүргізілуде.
Ақдаланың ақ күріші
Ақдаланың ақ күріші ежелден-ақ елге белгілі. Бір кездері тың және тыңайған жерлерді игеру мақсатымен жаңа шаруашылықтар құрылып, сәнді ғимараттар мен үйлер бой көтерген, жолдар салынған өңір осы. Сонау жылдары-ақ Ақдала диқаншылары ақ күріш егіп, толағай табысқа жеткенін аудан тарихынан жақсы білеміз. Осы күріш өсірумен әлі күнге шейін шаруа қожалықтары айналысып келеді. Аудан бойынша барлық егіс көлемі 29809 гектарды құрайды, оның ішінде жаздық дәнді дақылдар егісі 16720 гектар жерді алып жатыр. Ал ақ күріш биылғы жылы 8325 гектар жерге егіліп, өсірілді. Көрсеткіштері көңіл қуантады. Қазіргі кезде жаздық дәнді дақылдарды жинау жұмыстары аяқталып, 6755 га арпабидай орылып, орташа өнімділігі гектарына 19,1 центнерден айналып, 12902 тонна өнім қамбаға түскен. Күріш дақылы бойынша 9 ай уақыт ішінде жоспарлы 8325 га күріш алқабының 6628 га, яғни 80 пайызы бастырылып, орташа өнімділік 41,3 центнерден айналып, 27373 тонна өнім алынды. Неғылса да, жаздайғы егіншілікпен айналысатын шаруа қожалықтарының еңбегі ақталды. Сүдігер тарту жұмыстары да басталып кетті, бүгінгі күнге 1750 га жер жыртылды.
Инвестиция тарту өңірге жаңа серпін әкелді
Балқаш ауданы — облыс орталығынан шалғай жатқан өңір. Сондықтан ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуын жақсарту үшін жергілікті органдардың міндеті инвестиция тарту болып табылады. Осы бағдарлама бағытында Ақжар ауылдық округінде «Жақсылық» шаруа қожалығы 3500 бас ірі қара малын бордақылауға арналған алаңын, жалпы құны 850,0 миллион теңгеге салуды жоспарлап, жүзеге асыруда. Бақбақты ауылдық округінде сүт-тауарлы кешенін (100,0 миллион теңге көлемінде) салу жобасы жүзеге асырылу туралы келісім жасалды. Аудан экономикасына 2016 жылдың 9 айы көлемінде 766,5 миллион теңге инвестиция тартылды, оның ішінде жергілікті бюджет есебінен 108,8 миллион теңге, жекеменшікті қаражат есебінен 657,6 миллион теңге. Қарой селолық округінде орналасқан «Рахымберлі» ЖШС 2015 жылы жалпы құны 248,0 миллион теңге тұратын қамыс өңдеу зауытын Ресей мемлекетінде жасалған құрал-жабдықтарды алып, іске қосты. Сол сияқты өткен жылы Бақанас селолық округінде жеке кәсіпкер Рысбике Амантаева өз қаражат есебінен «Ақ-Отау» тойханасын ел игілігіне ашты. Аудан көлемінде 9 ай ішінде 11400 тонна сүт сауылған. Сүт өнімдерінің өндірісін дамыту мақсатында Бақбақты ауылында орналасқан «Әсем» шаруа қожалығы 100 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылысын жоспарлауда. Сонымен қатар «Аңсар» және «Ынтықбай» шаруа қожалықтарында сүт қабылдау пункттерінің құрылысын жүргізу тиімді екені анықталды.
Ет өндіру — табыс кепілі
Аудан көлемінде ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында мал шаруашылығы саласында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, «Өтес Био Азия» ЖШС және «Динара Ранч» ЖШС иеліктерінде әрқайсысында 5000 басқа арналған ірі қара мал бордақылау кешендері жұмыс атқарып тұр. Аталған кешендерде бүгінгі күнге дейін 13200 бас ірі қара малы бұқашықтары бордақыланса, «Бірлік» агрофирмасында 200 бас ірі қара малы бордақыланып, ішкі нарыққа жыл басынан 1038 тонна сиыр еті өткізіліп, ақшаға шаққанда 1141,8 млн. теңгені құрады. Ал 9 ай уақыт ішінде 10800 тонна тірі салмақта ірі қара мал еті өндірілді. Мысалы, 2008 жылы құрылған «Динара Ранч» ЖШС етті бағыттағы мал өсіруді қолға алып, жақсы жетістіктерге жетуде. Шаруашылық алғашқы ашылған жылы өз қаражатына Америка Құрама Штаттарынан 254 бас, кейіннен Канададан 400ге жуық ірі қара әкелген. Өткен жылы мал басын көбейту мақсатында 1300 бас ірі қара сатып алынған, Көк теңіздердің ар жағынан әкелінген малдар Балқаштың табиғатына бейімделіп, күніне екі келіден салмақ қосуда. Мысалы, «Герефорд» тұқымының аталық басының тірідей салмағы 1350 келі болса, аналық басының тірі салмағы 850 келі, жаңа туған бұзаудың салмағы 33 келіге дейін жетеді.
Сонымен қатар, Жақсылық Үшкемпіровтың иелігіндегі «Жақсылық» шаруа қожалығында мал бордақылау жұмыстары жолға қойылып, Қырғызстан Республикасына 80 тонна ірі қара мал етін экспорттады. Мұның сыртында Береке ауылында орналасқан «Дархан» шаруа қожалығы өз қаражаты есебінен 12 млн. теңгеге 200 бас ірі қара малын бордақылау алаңының құрылысын жүргізуде. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету және агроөнеркәсіп кешені өнімдерін өндіру, жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану жобасы бойынша «Жанұялық бордақылау алаңдары» бағдарламасының аясында Бақбақты ауылдық округінде «Игілік 2009» шаруа қожалығының 30 басқа, жеке кәсіпкер «Кәусардың» 50 басқа, Бақанас ауылдық округінен «Аңсар» шаруа қожалығының 40 басқа арналған жанұялық мал бордақылау алаңдары жұмыс жасауда.
Білім мазмұны жаңартылады
Ауданда 12 жылдық оқыту үлгісіне көшу 2019 жылдың 1 қыркүйегінен барлық 21 мектепте жоспарланып отыр. 12 жылдық білім беру жүйесін енгізу туралы құжаттамаларды таныстыру мақсатында мектеп басшыларына «12 жылдық білім беру жүйесі. Ерекшеліктері. Болашағы», қазақ тілі пәні мұғалімдері арасында «12 жылдық білім беру жағдайында қазақ тілі пәнін оқыту жолдары», орыс тілі мен ағылшын тілі пәні мұғалімдері арасында «12 жылдық білім беруге көшу жағдайында тілдерді оқыту жолдары» тақырыптарында арнайы семинарлар өткізілді. Семинарларда білім мазмұнын жаңарту жағдайындағы 5 күндік оқыту жүйесіне көшудің тиімділігі, дүниетану, жаратылыстану пәндерін оқытудағы өзгешеліктер, ағылшын тілі пәнінің 2 сағаттан оқытылуы, пәндердегі тақырыптық сабақтастық т.б. ерекшеліктер түсіндірілді. Педагог кадрларды кәсіби даярлауда және кәсіби біліктілігін көтеру мақсатында аудан орталығы — Бақанас ауылында көшпелі курстар ұйымдастырылуда. Биылғы жылы аудан білім мекемелерінде 608 оқушы білім алуда. 1-сыныпты оқытатын 41 мұғалім арнайы курстан өтті. Сондай-ақ, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі пәні және көркем еңбек, музыка пәні мұғалімдері де білімдерін көтермекші.
Барлық білім мекемелерінде мектеп мұғалімдеріне қосымша ағылшын тілін оқыту ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне жүктелген. Жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша физика, информатика, химия және биология пәндері, қоғамдық-гуманитарлық бағытта STEM (біріктірілген оқыту және АКТ) арнайы жасалған кесте бойынша аптасына 2 сағаттан оқытылуда. Олардың ағылшын тілін меңгеру деңгейіне аралық бақылаулар жүргізілетін болады. Қазіргі кезде осы бағытта психологиялық дайындық мақсатында тренингтер, семинарлар, коучингтер өткізілуде. Педагог кадрлардың білімдерін арттыру мақсатында талдау, талқылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектептерде ағылшын тілін оқытуды жетілдіруге қажетті материалдық-техникалық базаны нығайту жұмыстары да қамтылуда.
Кедейшілік шегінен төмен отбасы жоқ
Аудан бойынша 1819 жұмыссыз азаматтар мен аз қамтамасыз етілген отбасыларының мүшелерімен түсіндірмелік жұмыстар өткізілді. Түсіндірме жұмыстары казіргі уақытқа дейін жалғасын табуда. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы табысы кедейшілік шегінен төмен аз қамтамасыз етілген отбасыларға төленеді. Атаулы әлеуметтік көмекке 2016 жылға қаралған қаржы — 102,0 мың теңге. Аудан бойынша кедейшілік шегінен төмен тұратын отбасылар тіркелмеген. 18 жасқа дейінгі балаларға жәрдемақы 2016 жылға 20 471,0 мың теңге қаралып, 239 отбасына немесе 928 балаға 15 009,1 мың теңге төленді. Аудан бойынша облыс әкімінің грантымен оқитын 3 студентке 2016 жылға 2 021,0 мың теңге қаралған, қазан айында төленеді. Аудандағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 185,0 мың теңге коммуналдық көмекке қаржы қаралып, 146,2 мың теңге төленді. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығына орай 2 ардагерге 300,0 мың теңге қаралып, игерілді. Ауған соғысының 21 қатысушыларына, ауған соғысында қайтыс болған 2 жауынгердің отбасына, Чернобыль апатынан зиян шеккен 1 отбасына барлығы 605,0 мың теңге қаралып, барлығы игерілді.
Тұрмысы төмен отбасыларына тұрғын үй көмегіне 2016 жылға 5241,0 мың теңге қаралып, 134 отбасына 4620,0 мың теңге төленді. Үйде оқытылатын мүгедек балаларға аудандық әкімдіктің қаулысына сәйкес әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Бұл мақсатта 2016 жылға мүмкіндігі шектеулі балаға үйде оқытылғаны үшін 865,0 мың теңге қаралып, 18 балаға 521,8 мың теңге төленді. Аудан бойынша 78 жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Облыстық басқармадан 11 кресло-коляска бөлініп, кезекте тұрған мүгедектерге таратылып берілді. Оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторлықкурорттық емделуге 1 азаматқа жолдама берілді.
«Мәңгілік ел» — іс-шаралар арқауы
Аудан бойынша желілік кестеге сай кездесулер, дөңгелек үстелдер, спорттық ойындар мен жарыстар, сыныптарда тәрбие сағаттары өткізілуде. Атап айтқанда: «Ұлт жоспары — қазақстандық арманға бастайтын жол» атты акциясы, «100 нақты қадам — ел болашағының тұғырнамасы» тақырыбында дөңгелек үстел, «Шаңырақ — Мәңгілік елдің тұғыры» атты суретшілер байқауы, «Қазақстан — біздің ортақ Отанымыз!» атты іс-шаралар өткізілді. «Мәңгілік ел» патриоттық ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында жыл басынан патриоттық ән және көркемөнерпаздар байқаулары, дөңгелек үстелдер, кездесулер өткізілді. Ауылдық округтер бойынша «Мәңгілік ел» тақырыбына Тәуелсіздіктің 25 жылдығына байланыстыра отырып, 15 көрнекі-үгіт құралдары орнатылды. Аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы арқылы құрылған ақпараттық-насихат тобымен бірлесіп, Ақдала ауылы тұрғындарымен және «Өтес-Ақдала» ЖШСнің жұмысшыларымен егіс алқабында, Бақбақты ауылы тұрғындарымен және «Киз-МТС», «Тұмар» және «Алмер» ЖШСнің жұмысшыларымен Миялы ауылы тұрғындарымен «Динара-Ранч» ЖШСнің және «Динара» өнеркәсіп кешенінің жұмысшыларымен, Ақжар ауылындағы «Ж.Бәрібаев атындағы орта мектебінің» күрделі жөндеу жүргізуші жұмысшыларымен және Береке ауылы тұрғындарымен және «Тамшыбұлақ» ЖШС-нің мүшелерімен күріш алқабында кездесулер өткізіліп, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының бағыттары туралы түсіндірілді.
Қыркүйек айында Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесіп, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге 10 жұмыс беруші мекемемен 35 жұмыс іздеуші азамат қатысты. Жәрмеңке қорытындысы бойынша 16 жұмыссыз жұмысқа орналасты. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының І бағыты бойынша жоспарланған 30 жаңа жұмыс орны ашылды. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының ІІ бағыты бойынша 46 азаматқа 108,0 млн. теңге несие беріліп, жоспарланған жұмыс толық орындалды. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде қазақстандықтардың бірлігін арттырып, жарқын болашақты меңзеген басты құндылықтар қалыптасты.
Мемлекетіміздің тәуелсіздігі, ұлттық береке мен бірлік, қоғамдағы келісім мен ынтымақ — бүгінгі баға жетпес байлығымыз. Осы орайда Елбасының Ұлт жоспары «100 нақты қадамы» бойынша 89-қадам «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру аясында Балқаш аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен көптеген мәдени іс-шаралар, семинарлар өткізілуде. Ондағы мақсат Елбасымыз жария еткен 5 институттық реформаны «100 нақты қадам» Ұлт жоспары арқылы жүзеге асыру жолдарын насихаттау, оны оқырмандарға жан-жақты жеткізу болса, Елбасының «100 нақты қадамы» еліміздің келешекте одан әрі дамуының кепілі болып табылады. Аудандық кітапхананың ағымдағы жоспары аясында қоғамдық-саяси әдебиеттерді, Елбасының Жолдауын, ҚР Тәуелсіздігін, Елбасының «Қазақстан — 2050» бағдарламасын насихаттау барысында «Арайлап таңым атқан күн» атты тақырыптық шолу, «Келешегімен нұрланған кемел Қазақстан» атты дөңгелек үстел, «Қазақстан және жаһандық әлем» атты тақырыптық кеш, «Қазақстан әлемдік ұлттар шоқжұлдызында» атты дөңгелек үстел, «Мәңгілік ел — атабаба арманы» атты Отантану сабағы, «Нұрлы Отан — Қазақстан» атты тарихи панорама, «Ел мүддесімен жолдасқан Жолдау» атты жастар ойы, «Елбасы Жолдауы — біздің болашағымыз» атты әңгіме, «Туған елім — жасампаз Қазақстан» атты әдеби танымдық кеш, «Менің Қазақстаным — менің болашағым» атты тренинг, «Ұлт жоспары — болашақтың басты бағдары» атты конференция, «Туған елге ту болған Тәуелсіздік» атты патриоттық кеш, «Жас ұрпақ — Мәңгілік қазақтың перзенті» атты интеллектуалды ойын өткізілді.
ТҮЙІН СӨЗ: Балқаш ауданы — облыстың шалғай орналасқан аудандарының бірі. Талдықорғаннан 300 шақырым қашықтықта жатқан ауданның халқы өте ауызбіршілікті, ынтымақты, еңбекқор, ұйымшыл. Мал өсіріп, егін егіп, тіршілік жасап, өз шаруаларын өздері атқарып жатыр. Қойнауында құт-ырысы бар Ақдаланың да адамдарға берер нәсібі мол. Айдыны жарқырап алыстан көрінетін Іленің бойына жерленген әулие бабамыз Қабан жыраудың:
— Бақыт, қайда барасың?
Өсірген жақсы баласын.
Ұлан-асыр тойы көп,
Бейбіт елге барамын, — деген өлең жолдары балқаштықтарға дем берсін!
Дайындаған Нұрила Бектемірова