100 жаңа оқулық «Рухани жаңғыру» жастар көзімен     

 Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы жанданғаннан бері  өңір-өңірлерде өрісті қадамдар жасалып жатқаны белгілі. Міне, соның тағы бір айқын көрінісі ретінде Жамбыл облыстық  «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің ұйымдастыруымен М.Х.Дулати атындағы ТаразМУ-дің кітапханасында «Bookcrossing» акциясы өтті. Шарада «100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында қазақ тіліне аударылған кітаптардың мазмұны мен мағынасы көпшілікке түсіндірілді.

Белсенді жастар, ҮЕҰ көшбасшылары, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары мен оқырмандар клубының өкілдері қатысқан жиында облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Серікбол Берікқожа Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жарияланғанына биыл екі жыл толып отырғанын тілге тиек етіп, бағдарламалық мақаланы өңірімізде жүзеге асыруда екі жылдың ішінде бірқатар жұмыстар атқарылғанын жеткізді.

– Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғам тіршілігінің барлық саласын қамтып отыр. Облысымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруды ілгерілету мақсатында облыс әкімінің қаулысына сәйкес «Жамбыл облысының «Рухани жаңғыру» жобалық офисі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Қазіргі таңда аталмыш жобалық офистің бастамасымен М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-нің қолдауымен бүгінгі іс-шарамыз ұйымдастырылып отыр. Бұл шарамыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында қазақ тіліне аударылған кітаптарды жастарды оқуға дағдыландыру, – деді ол.

Мұнан соң М.Х.Дулати атындағы ТарМУ философия және саясаттану кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Дина Көлбаева Джерен Джексонның «Философияның таңдаулы 25 кітабы» туралы ойын ортаға салды. Ол өз сөзінде қазақ тіліне аударылған бұл кітаптың болашақ маман иелерін даярлауда алатын маңызы зор екен. Себебі онда студенттер үшін тың мәліметтер легі топтастырылған.  Сонымен қатар философия және саясаттану кафедрасының доценті ф.ғ.к., доцент Мейірхан Спанов Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» атты кітабын оқығаннан алған әсерлерімен бөлісті. Ал экономика және бизнес факультетінің PhD докторы Сұлтан Әбілдаев Грегори Мэнкьюдің «Экономикс» кітабы туралы пікірін білдіріп, жаһандану заманында техникамен қатар адамдардың да ойлау қабілеті бәсекеге сай болуы қажеттігін сөз етті.

 

Төлен Дедек