104-жасқа келген ақсақал Андрей Воронның 40 өсиеті

 

  1. Айналаңдағы тіршілікті жан-жүрегіңмен көруді үйрен, көз көргеннің бәріне қуана біл – шөпке, ағашқа, құсқа, жануарға, жерге, көкке. Оларға мейірімді көзбен, сезімтал жүрекпен қара – сонда кітапта жазылмаған білімді көресің. Сен олардан өзіңді көресің – жуасыған әрі жаңарған өзіңді.
  2. Жылдың кез келген уағында бірнеше минут жерде жалаңаяқ тұруды әдет қыл. Жер өзі шақырып алмай тұрғанда тәніңе жердің лебін сездір.
  3. Судың жағасында отыруға мұрсат бөл. Су шаршағаныңды басады, ойыңды тазартады.
  4. Шөлдемесең де сәті түскен жердің бәрінен таза су ішуді әдет қыл. Су бәріне ем.
  5. Дастарқаныңда күнделікті көкөніс болатын болсын. Күнннің жылуымен піскен көкөніс өте пайдалы. Бірінші орында – қызылша, жер бетінде оған жететін көкөніс жоқ. Сосын – бадана (фасоль), асқабақ, жидектер, сәбіз, қызанақ, бұрыш, саумалдық, салат, алма, жүзім, алхоры.
  6. Жаман тамақ – шұжық, қуырылған картоп, пішінә, тәттілер, консервілер, маринадтар. Менің асым – дақылдар, бадана, көк шөп. Жыртқыш ет жеп алады да, тойғаннан әрең қозғалады. Ал, жылқы сұлы жеп алады да, күні бойы арба сүйрейді. Шегіртке шөп жеген соң ұшып-қонып жүреді.
  7. Бір уыстан, бірақ жиі-жиі жеген жақсы. Аз тамақ ішу үшін суды көп ішем. Компот ішіп, дақыл тамақты көп жеймін. Шикі көкөністі жеймін. Бейсенбінің кешінен бастап жұманың кешіне дейін ауыз бекітемін. Тек су ішем.
  8. Ораза – барып тұрған қазына. Ораза ұстағаннан артық ештеңе де мені жасартып, жеңілдетпейді. Сүйектерім жеп-жеңіл, құстікіндей болады. Жүрегім жас жігіттікіндей жалындап тұрады. Ораза ұстаған сайын бірнеше жасқа жасарамын.
  9. Таңның атуы мен күннің батуы – сен үшін. Жұмыс тек таң атқанда қызады. Соған дағдылансаң, тәнің де, рухың да мықты болады. Кеш батқанда ми тезірек тынығып, ұйқыда тазарады. Монахтар мен сарбаздар осылай өмір сүреді. Сондықтан қызмет етуге күші көп.
  10. Ашық аспан астында көбірек жүруге тырыс. Салқын үйде тұрып үйрен. Аяқ-қолың жылы болса болғаны. Ал, басың – салқын ауада тез тынығады. Жылы үйден тәнің тез қартаяды. Уссурия ормандарында қарт қытай бар еді. Ол ылғи мақталы шалбар киетін, бірақ үйіне от жақпайтын.
  11. Әлжуаз, тоңып жатқан тәнді шөптермен күшейтеді. Бір уыс шөп: қарақаттың, құлпынайдың, таңқурайдың жидектерін, жапырақтарын, бұтақтарын уыстап алып қайнақ суға бұрқ еткізеді. Соны күні бойы іш. Қыстай пайдасын көресің.
  12. Жаңғақтың қасиеті туралы ұмытпаңыз. Грек жаңғағы ми үшін аса пайдалы. Күнделікті бір шай қасық жаңғақ майын жеген жақсы.
  13. Адамдарға мейірімді бол. Байқампаз бол. Бәрінен бірдеңе үйренуге болады. Тіпті бос кеуде біреуденде. Адамдардан өзіңе жау іздеме, оларды өзіңе дос қылма. Сонда еш қиянат көрмейсің.
  14. Маңдайыңа жазылған нәрсе болмай қоймайды. Тек күте біл. Саған берілмейтін нәсіпті күтіп әуре болма. Жаның жай болсын.
  15. Ырым-тыйымға сене берме. Біреудің басын дұғамен айналдырып алудан аулақ бол. Жаның мен жүрегіңді таза ұста.
  16. Жаның жабырқаған кезде көп жүру керек. Далада, орманда, су бойын жағалап. Су қайғыңды тартып алады. Есіңде болсын: жаның мен тәнің үшін ең жақсысы – ораза, дұға, ауыр жұмыс.
  17. Көп қозғал. Домалаған тасқа қына бітпейді. Уайым-қайғы бір жерде ұстап тұра береді. Олардан басыңды алып қашпа. Бірақ сені басқарып кетуіне де ырық берме. Жаңа істі үйренуден ешқашан қорықпа. Өзің жаңарасың, есейесің.
  18. Мен ешқашан шипажайда демалған емеспін, бір жексенбіде бос жатқан емеспін. Менің демалысым – жұмыс ауыстыру. Қолым қимылдағанда жүйкем демалады. Басым істеген кезде тәнім күшейеді.
  19. Аз сұрама. Бар қалауыңды айт. Түйе сұрасаң, бие береді.
  20. Бар дүниеден пайда табуды көздеме, өзің әжетке жарағаныңа қуан. Бүр жармаған бұтақ шіріп кетеді.
  21. Қылжақбас, мысқылшыл болма, бірақ көңілді бол.
  22. Тойып тамақ ішпе! Аш жыртқыш тоқ адамнан әлдеқайда ақылды, жылдам келеді. Бір уыс құрма мен бір құты шарап ішкен рим легионерлері бүкіл сауыт-сайманымен жаяу-жалпы 20 шақырым жүгіріп өтіп, тоқтамастан жау әскеріне соққы беріп, жарты күн тынбастан соғысқан. Тойыну мен азғындаудан Рим империясы құлады.
  23. Тамақ ішкенде сусын ішпе. Тамаққа дейін де, кейін де ештеңе ішпе.
  24. Балаң ауырып ауруханада жүрмеу үшін оны табиғаттың құшағына жібер. Бала күннен жалаңаяқ жүргенді үйрет. Жақсы жаттықтырады. Күнде күйсе – пайдасы тиеді, маса, ара шақса – ол да табиғат. Қалақай шақса, суық суға жуынса, тікен кірсе, шіріген алма жеп қойса – онда аурудың алдын алғаны, жаттыққаны, тәні де, жаны да мықты бола түседі.
  25. Көкөністі пышақпен турағанда ол жердің берген қуатын жояды. Оларды бүтіндей асып жеген пайдалы. Пиязды қолмен, не ағаш тақтаймен езгілеген дұрыс.
  26. Дүкеннің шайын іше берме. Мен үшін ең жақсы шай – алмұрттың жас талынан жасалған шай. Пайдалы, жұпар иісті, емдік қасиеті зор. Артық су мен тұзды шығарады. Буын қабынғанды басады. Кофе, шай, тәтті сусын, сыра жүрекке зиян.
  27. Егер шаршасаң, әлсіздік сезінсең, ағзаны тынықтыр. Ішкен асың жеңіл болсын. Ол үшін күні бойы бір ғана тамақты ішіп-жеу керек. Келесі күні басқа тамақты талғажау етеді. Осылай бір апта ағзаны сауықтырады.
  28. Қартайғың келмей ме? Аптасына бір рет алма-жаңғақ күнін жаса. Таңертең 8 алма мен 8 жаңғақ даярла. Шамамен, әр екі сағат сайын бір алма, бір жаңғақ же. Сонда асқазаның күні бойы бос болмайды.
  29. Тез шаршап қалатыныңды сезсең, жұмысқа зауқың болмаса, күніне екі-үш рет сәбіз жеу керек. Сол қуатыңды нығайтады.
  30. Ыстық тамақты 1-2 ретке ғана жаса, тамақ ылғи жаңадан жасалуы керек.
  31. Жидектер маусымы басталғанда тамақ жемесең жеме, тек жидек же. Күніне бір кесе болса да жеп тұр. Егер жұлдыз – аспанның көзі болса, жидек – жердің көзі. Олардың бәрі пайдалы. Әрбірі деніңе саулық береді. Шиеден қарбызға дейін.
  32. Өмірге ғашықтықты баптай біл. Ішкі махаббатыңды әлдиле.
  33. Үндемей қалатын уақытың болсын. Тыныштықты есту үшін, өзіңмен-өзің болу үшін.
  34. Ненің жақсы, ненің жаман екенін – жүрегің айтсын, елдің сөзіне сенбе.
  35. Сен туралы кім не деп жатқанына бас қатырма. Тазалық пен арлылық үшін өзіңе-өзің сот, өзіңе-өзің сыншы бол.
  36. Адамдарға ренжіме. Сынама. Сен кешірген әр адам сенің өзіңе деген махаббатыңның тамшысы болмақ.
  37. Егер жүрегіңде махаббат болса, онда үрейге орын қалмайды.
  38. Дауласпа. Әркімнің өз шындығы бар. Өз реніші болады.
  39. Қолында дымы жоқ емес, ылғи жоқ дей беретін адам кедей.
  40. Ешқашан балаға айқайлама, қол көтерме. Әйтпесе олардан құл тәрбиелеп шығарасың.

Аударған Шынар Әбілдә

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған