104 жаста шақырымдап жаяу жүретін қарт
Бүгін біз ғасырдан асқан ақсақал туралы сөз етпекпіз. Алдымен ақсақалдың балалық бал дәурені, жалындаған жігіттік шағы өткен мекенге барып қайттық. Жамбыл облысының Талас ауданына қарасты Үшаралда болдық. Үшарал жері тұнып тұрған байлық екен. Ауасы шәрбат, мұндай жерде ұзақ жасамау мүмкін емес.
Жолсерігіміз Ақберді Маханбетовтың да туған әкесі 68 жасында 18 жасар қызға үйленіп, 79 жасына дейін алты ұлды дүниеге әкеліпті. Біздің жанымыздағы Ақберді сол кісінің 74 жасында дүниеге келген ұрпағы болып шықты. Оразбек Маханбетұлы жүз жасап қайтыс болыпты. Бұл кісі де сөзіміздің тиегі, ғасырдан асқан ақсақал 1913 жылы сәуір айының 20 жұлдызында Үшаралда дүниеге келген Несіпбек Таңатарұлының жақын туысы болып келеді екен. Негізі, жүзден асқан, жүзге жақындаған ауыл адамдары Үшарал топырағында әлі де көп. Бізді жүз төртке келетін, жүрісі ширақ, күнде шақырымдап жаяу жүретін Несіпбек қарияның өмірі қызықтырды. Кешегі аштықты да, нәубеттерді де бастан кешкен атамыздың ІІ дүниежүзілік соғыстағы көрген азап-қорлықтарын тебіренбей тыңдау мүмкін емес.
ӨМІРІН ӨКСІТКЕН СОҒЫС
Несіпбек Таңатарұлы өміріне мәңгілікке қара таңба салған бұл алапат соғыс азаптарын ешқашан ұмыта алмайды. Сол аяғының башпайын майдан шебіне қалдырып, бомбының астында қалып, контузия алды, соғыс алаңында ІІ топтағы мүгедек болды. Немістердің қолына түсіп, он жылға жуық өмірін соғыста, түрмеде өткізді. Алғаш рет 24 жасында 1937 жылы Фин соғысына қатысты. Соғысқа алғашқы кірушілердің бірі болды. Несіпбектің пешенесіне тағдырдың жазғаны сол болды ма, майданда Власов деген сатқын генералдың армиясында болды. Власов армиясы фашистерге берілгенде, неміс фашистері бұларды ұрып-соғып, қара жұмысқа айдапты.
— Ең бір көрген қорлығым — Украинаның Житомир қаласынан Киев қаласына дейін 130 шақырым жерді үш күнде жаяу жүріп өттік. Тамақ жоқ, су бермейді, жолда жығылғандарын атып тастап отырды. Күн-түн демей жүре бердік. Немістердің астында машина, қолдарында автомат, ал қашып көр! Содан Киевке келген соң, үлкен казарманың алдына бәрімізді тізіп қойды. «Араларыңдағы еврей ұлты бір қадам алға шығыңдар, шешініңдер, іш киімдеріңді де!» — деп бұйрық берді де, бұларды тексере бастады. Сөйтіп, еврейлерді өзіндік белгісімен бізден бөліп алды. Бес жүзге жуық еврейді қоршаулы темір тордың ішіне тоғытты. Ол жерге адам жегіш неміс овчаркілерін жіберді. Біздің көзімізше әп-сәтте оларды қан қасап етіп иттер талап өлтірді. Жарақат алғандарын атып тастады. Ал бізді Гамбург қаласына алып кетті.
Бір күні кілең мұсылмандарды сапқа тұрғызды. Мұстафа Шоқай деген қазақ және оның француз әйелі мен Уәли Қайымхан деген өзбек жігіті бізбен кездесу жасады.
«Бауырлар, Орта Азия мен қазақстандықтар және бүкіл мұсылмандар! Мен мұсылман дінінің өкілі Мұстафа Шоқаймын. Сендер маған сеніңдер, неміс халқы сендерге тиіспейді. Әлі немістерше өмір сүресіңдер, сондықтан осы күннен бастап неміс халқының саясаты үшін күрес жүргізіңдер! Мен Түркістанның гүлденуі үшін күрес жүргіздім. Кеңес өкіметі маған «Алашордалық» деген айып тағып, өміріме қатер төндіре бастады. Содан жан сауғалап, осы неміс халқына қызмет етіп жатырмын. Босқа атылып кетпеңдер, сендер ел үшін қажет адамсыңдар, ал іске сәт!» — деді.
Өзбек те осы мазмұнда сөйледі. Ал Мұстафаның француз әйелі жұмған аузын ашпады. Осы күннен бастап мұсылман халқына аз да болса жылу лебі ескендей болды. Қара жұмыс істегенмен, ұрып-соғылудан біржотала құтылдық. Менімен тағы біраз мұсылмандарды нан содысы шығатын зауытқа жіберді. Бұл соғыс аяқтала бастаған кез, сол зауытта 1946 жылға дейін еңбек еттім. Сол жылы ауылға келсем, ағам Тұрысбек Тұңғатарұлы майданнан оралмапты. Артында 1941 жылы туылған Несіпбай қалыпты. Жастай қалған сол баланы қамқорлыққа алдым.
Соғыстың соңғы жылдары өмірім ойран болды. Власов армиясында болғаным үшін сұраққа алынып, қара тізімге ілініп, белгіленген жерден алысқа шықпай, шыға қалсам, солардың рұқсатымен ғана жүретін халге келдім. Соғыста көрген қиыншылықтарым, жарақат алғаным, бомбының астында көміліп жатқаным, немістердің қағажу көрсеткені түк емес, дүниедегі қорлық еңбегің мен ерлігіңнің еленбей, су құрдымға кетуі екен. Өз еліңде «сатқын» атану қандай қорлық десеңші! Осы жала өміріме біраз жыл көп қиындық әкелді. Ел ішінде еркін сөйлей алмайтын болдым. Бірақ бұған мұңайып, жасымадым, жалған жалаларға берілмедім. Туған жерім Үшаралдың тұғырын биікке көтеріп, өз үлесімді қостым. Мәскеуге тікелей бағынышты асылтұқымды 350 қошқарды отыз жыл бақтым. Ол кезде асылтұқымды Үшарал совхозының директоры қазіргі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың әкесі марқұм Әбдір Сағынтаев еді. Сол кісінің қамқорлығын көп көрдім. Жабырқаған жаныма жалау болды. Менің жаладан тез ақталып шығуыма осы кісінің үлкен көмегі тиді. «Аққа Құдай жақ» деген, біраз жылдан кейін ақталып шығып, дербес зейнеткер атандым. Ақталған, ақталмағанымды білмес едім, бір күні ұдайы мені ауданға шақырып немесе үйге келіп жүретін, көрінбес майдан шебіндегілердің екеуі үйге келіпті. Баяғы әуенмен тағы бірдеме дейтін шығар деп едім. Сөзді біреуі бастады.
— Аға, сіз толық ақталдыңыз, қанша жыл мұқият тексердік, оның үстіне Әбдір Сағынтаев пен елге сыйлы Ерман Үделбаевтар жиі-жиі кепілдеме, өтініш жаза берді. Сіз бізді кешіріңіз, қызмет жағдайы солай, — дегенде, қуанғаннан бір қойымды сойып, дастарқан жайдым, — деп, ақсақал сақалын сипап, бізге қарап күліп алды. — Сол күннен бастап мен өзімді еркін сезіндім, үстімнен ауыр жүк түскендей болды. Қазір, Құдайға шүкір, Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде халық отырғызбайды, мектеп оқушыларымен кездесулерге барамын. Халық «көп жасаған жан» деп, нәрестелеріне ат қойдырады, тұсауын кестіреді, сүндет тойында бата бергізеді, әйтеуір, Тараз қаласы ғана емес, облыс көлемінде құрметтеп, тойдан қалдырмайды.
Құдайға шүкір, бүгінде 132 мың теңге зейнетақы аламын. Бұның өзі әл-ауқатымыз түзелген, егеменді елдігіміздің арқасы деп ойлаймын. Елімізге тыныштық берсін, мен соғыстың отын белуардан кешкен адаммын. Ондай апат енді қайтып оралмасын, ұрпақтарым егемендікпен алға қадамдап, дами берсін, жүзден асқан менің батам осы, — деп, Қазақ еліне қолын жайып батасын берді.
Біз қоштасарда: «Мен күніне екі рет таңғы және кешкі мезгілде көше бойлап жаяу серуендейтінмін. Соңғы кездері кешкі мезгілде серуендеуді азайттым», — деді қынжылыс білдіріп. Ақсақал қазір Тараз қаласының орталығында екі қабатты үйде немере ұлы мен келінінің қолында тұрады. Әлі тың, сөзі тастай, бақуатты, шежірені жатқа айтады. «Ғұмырың ұзақ болсын, жасай бер, ақсақал!» — деп, біз қариямен қимай қоштастық.
Шаяхмет Құсайынұлы