КӨҢІЛ СҰРАУ

— Адам баласы, өз басына келмей, көп нәрсені түсінбейді екен…
Осылай деген Ерсайын аға сәл үнсіз қалды. «Айта беріңіз» дегенді аузымыз айтпаса да көзіміз білдіріп, тыныштала қалдық.
— Өткенде науқастанып қалып, емханаға жатуға тура келді. Жанымызға батпаса, елемей жүре береміз ғой… Ертесі түске дейін әйелім, түстен кейін үлкен ұлым келіп кетті. Оның ертесі екінші ұлым, сыныптас досым мен қызметтес жолдасым келіп кетті. Үшінші күні кеш батқанша ешкім келе қоймады. Терезеден далаға қарап-қарап қоям. Елегізіп, біреуді күтетін сияқтымын. «Кімді күтіп отырмын мен?.. Ә-ә-ә… Қайда жүр өзі? Бауыр деген… Ой, Алла-ай!..» Әрі таңырқап, әрі ұялып отырып қалдым. «Неге?» дерсіз. Айтайын: осыдан үш айдай бұрын жалғыз бауырым Әбдірайым аяқасты сырқаттанып, емханаға түскен. Хабарласып едім, бәрі жақсы екенін, алып бара жатқан ауруының жоқ екенін айтты. Содан «әне барам, міне барам» деп жүргенде, жазылып шыққанын естідім. Күйбең тірлікті күйттеп жүріп, үйіне баруға да қол тимеді. Ақыры немересінің тілашарында бір-ақ кездестік. Сөз арасында «Аға, көңілімді сұрап келмедіңіз ғой» деп қалды. Өзімізді ақтауға дайын тұратын пенде емеспіз бе? «Өй қойшы сондайыңды! Немене: көңіліңді сұрап барсам жазылып кетесің бе?!» деп дүңк еткізгем. Сол есіме түсіп, екі бетім дуылдап ала жөнелді. Ауруханаға түскен адамның сезімтал тартып, көңілі алабұртып тұратынын, біреу іздеп келсе, кәдімгідей қуанып қалатынын қайдан білейін?! Әсіресе бір ананың құрсағынан шыққан бауырыңды алабөтен тосатыныңды қайдан білейін?!.. «Бауырым-ай, мені де дәл осылай күткен екенсің ғой!.. Қайда жүрсің, Әбөтайым?! Сағындым ғой…» Бауырым арқылы анашым мен әкешім есіме түсіп, балалық шағым көз алдыма келіп, жүрегім шымылдап кетті…
— Ассаламуғалайкум! Қалыңыз қалай, аға?– Жалт қарасам, қолында пакеті бар, күлімсіреп Әбөтайым кіріп келеді! Орынымнан атып тұрып, құшағымды жая ұмтылдым!
— Уағалайкумуссалам! – Жалғыз бауырымды құшағыма қысып тұрып, көңілім босап кетті. – Қайда жүрсің?! Сонша күттіріп…
— Кешіріңіз, аға. Жұмыс бабымен сыртқа кетіп ем. Жаңа келе сала, бірден тарттым осында. Үйге барып та үлгерген жоқпын. Ренжімеңіз, ертең ыстық тамақ алып келем, қазірше мына… Ағатайым-ау, бұныңыз не?
Сезіп тұрмын: оның да кеудесі бүлк ете қалды. Сәл шегіне бере аңырайып бетіме қарады.
— Бір жеріңізге батып ауырып жатыр ма, аға? Мен сұрағанда дәрігер…
— Жо-жоқ, бәрі жақсы. Жеңіл-желпі ауру ғой. «Бір-екі апта ем қабылдасаңыз, жазылып кетесіз» деген…
— Е-е, бәсе! Адамның есін шығардыңыз ғой! Жазылып кетесіз әлі! Ешнәрсені уайымдамаңыз,аға!
— Жоқ, уайымдап тұрғам жоқ. Тек… өткенде көңіліңді сұрап келмегенімді ойлап… Кешір мені, Әбөтай! Кешір жаман ағаңды!.. – Бауырымды қайта құшақтай алдым.
— О не дегеніңіз, аға?! Ренжімеймін, ешқандай ренішім жоқ! Түсінем ғой: жұмыс бар, әртүрлі жағдай дегендей…
— Өй, жағдайының әкесінің!.. Көрге түспей күйбең тірлік бітуші ма еді?!.. «Немене: барсам, жазылып кетесің ба?!» деп сандалыппын ғой!.. Міне, өзіңді көріп, жазылып кеткендей болып тұр емеспін бе?! Кешір, бауырым! Кешір жаман ағаңды!..
Алғадай Әбілғазыұлы