116916 гектар алқапқа шалғы түсті
Қолдағы мәліметке сүйенсек, биыл облыс бойынша 347045 гектар шабындық жерге орақ түсуі тиіс. Оның ішінде көпжылдық шөп – 192284, бір жылдық шөп – 27125, табиғи шабындық шөп – 122569, сүрлемдік жүгері – 5067 гектар. 13 маусымға дейін 116916 гектар шабындыққа шалғы түскен. Облыстағы ең іргелі Қордай ауданы 52325 гектар жерден мал азығын дайындау қажет болса, 22317 гектардан көпжылдық шөп орып үлгеріпті. Тағы бір іргелі аудандардың бірі – Байзақта 30397 гектар алқаптың 20670 гектары орылып, межені еңсеріп қалған. Сарысулық шаруалар 34720 гектар шабындыққа шалғы салуы тиіс болса, осы күнге дейін 18820 гектар жердің шөбі шабылған. Кеңес заманында Талас және Мойынқұм аудандары сияқты шөл және шөлейтті үш ауданның бірі болып келген Сарысуда да жерасты су қоры аз, Таластың суына да қарық болып жатқан жоқ. Биылғы көктемдегі ағыл-тегіл жауынның бұл өңірге де түскенінен шығар, межеленген жоспардың жартысынан астамын орындап тастағаны.
Басқа аудандардың шаруалары да аса жауапты мал азығын дайындау науқанын ойдағыдай өткізгені абзал. Енді он күннен кейін шіліңгір шілде түседі. Қазірдің өзінде күн күйіп тұр. Қырық күн аптап ыстық болса, шөп күйіп кетеді. Әр ауданда жауапты науқанды ұйымшылдықпен өткізу шаруашылық құрылымдарының міндеті деп қарамай, ауылдық окург әкімдері, аудандық ауылшаруашылық бөлімдерінің басшылары, аудан әкімдері шаруаларға мейлінше қолдау, көмек көрсетулері керек.
Суретте: Сарысу ауданы,
Игілік ауылдық округінің шаруалары
мал азығының берік қорын жасауда.
Ақ жол газеті