Жаңа президент Мирзиеевтен ел не күтеді?

Сонымен, жексенбі күні (4 желтоқсан 2016 жыл) өткен президент сайлауы өз қорытындысын шығарды. Ережеге сәйкес, 33% дауыс берілгеннен-ақ, сайлау деп саналатынын ескерген Өзбекстанның Орталық Сайлау Комиссиясы (бұдан әрі — ОСК) жексенбі күні түс мезгілінде сайлаудың бастау алғанын, оған сайлаушылардың 45%-ы дауыс беріп үлгергенін жариялады. Дауыс беру 9383 бөлімшеде өткізілген, олардың 44-і шетелдерде өткен. Өзбекстанның ОСК-ның мәліметінше, сайлаушылардың жалпы саны 21 428, 891 мың адамға жеткен. Олардың 555 мыңы енді ғана 18 жасқа толған, яғни сайлауға алғаш рет қатысулары.

Бұл сайлауды шетелден бақылағандар аз болмады. ШЫҰ, ТМД тарапынан тағайындалған тұрақты бақылаушылардан бөлек, ОБСЕ-ға мүше 21 елден құралған 250 адамдық мониторингтік топпен бірге ОБСЕ тарапынан демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының толық масштабты күші де қатысты. Ал сайлау болған күннің ертесінде Өзбекстанның ОСК мерзімінен бұрын өткен президент сайлауында президент міндетін уақытша атқарушы Шавкат Мирзиеевтің сайлаушылардың 88 пайыздан көп дауысын жинап, жеңіске жеткенін хабарлады. Мирзиеевтан өзге ел басқаруға таласқа түскен үш кандидат — Хотамжон Кетмонов «Милли тикланиш» (Өзбекстан халықтық-демократиялық партиясынан), Сарвар Отамурадов (Ұлттық жаңғыру партиясынан) және Наримон Умаров («Адолат» социал-демократиялық партиясынан) билікшіл саяси ұйымдардан ұсынылған. «Өзбекстан халқы жаңа президенттен көп нәрсе күтеді. Ең бастысы мемлекеттік басқару бұрынғы деңгейде сақталса деген тілекте, ал үміттене күтетіні әсіресе шағын және орта кәсіпкерлік саласында қолдау болса екен деп тілейді. Бұған қатысты бірқатар шаралар да қолға алынды: мәселен, жемқорлыққа қарсы заңға қол қойылып, валюта бағамын ырықтандыру талқыланып, бастары дауға қалған кәсіпкерлерге амнистия жарияланды», — дейді мамандар.

%d0%ba%d0%b0%d1%80%d0%b8%d0%bc%d0%be%d0%b2%d0%bf%d0%b5%d0%bd

Жаңа басшы президенттікке сайланбай тұрып-ақ, оның уақытша міндетін атқару кезінде «Ислам Каримов салған сара жолды жалғастыруға» уәде берген-ді. Алайда ақпарат көздерінен куә болғанымыздай, бұл құрғақ уәдеге айналғандай. Себебі соңғы үш айда өзбек халқы үшін айтарлықтай өзгерістер орын алғаны анық. Ендеше, ол қандай өзгерістер?

ШАҒЫМДАРДЫ ВИРТУАЛДЫ ТҮРДЕ ҚАБЫЛДАУ

Өзбекстанның жаңа лидерімен бірге орын алған жаңалықтардың ішіндегі әлеуметтік желіде ең көп талқыланғандарының бірі — әрбір тұрғынның өз арыз-шағымын жеткізе алатын веб-сайттың ашылуы. Ресми деректерге қарағанда, екі-ақ аптаның ішінде Мирзиеевке 30 мыңнан астам талап-тілек келіп түскен. Олардың жартысынан көбі қанағаттандырылып, ел де дән риза. Ал Каримовтың кезінде президентпен байланысу көптің түсіне де кірмейтін. Қазіргі күні тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ асылып жатқандығын, бұл істің тек көзбояушылық емес екендігін дәлелдеп, баспасөз беттері мен сайттарда халықтың разылық мәндегі хаттары жарияланып тұрады. Бұндай арыз-шағым «жәшігінің» қашанға дейін жұмыс істейтіндігі, оның тек сайлауалды науқандық жұмыс екендігі туралы әзірге болжап білмеспіз. Бұған көз жеткізетін күн де алыс емес.

«ФЕЙСБУК» ПАРАҚШАСЫ

Өзбекстанда алғаш рет мемлекет басшысының атынан «фейсбук» әлеуметтік желісінде арнайы парақша жұмыс жүргізеді. Парақша негізінен Мирзиеевтің түрлі сапарларынан, шетелдік көшбасшылармен кездесу қорытындыларынан, кадрлық тағайындаулар мен жаңа жарлықтардан хабардар етіп отырады. Бұндай «жариялылыққа» үйренбеген Өзбекстан үшін бұл басқаша құбылыс болды. Бүгінгі таңда аталған парақшаға 22 мыңнан артық адам жазылған. Ал Каримовтың кезінде билік пен халық арасындағы көпір тек телеарна мен ресми сайттар арқылы жүзеге асырылатын.

КАДРЛЫҚ АУЫС-ТҮЙІСТЕР

Президент өкілеттілігін қолына алған сәттенақ, премьер-министр Ташкент пен басқа да аудандарда мемлекеттік құрылымдардағы маңызды кадрларды ауыстырудан бастады. Қысқа ғана уақыттың ішінде ол елдің түрлі аудандарында болып, табаны тиген жердің бәрінде жаңа қызметтік тағайындаулар жүргізді. Сыншы-саясаткерлерді ойландырып, көкейде сұрақ туындатқаны — кейбір жетекші қызметтерден Каримовтың бұйрығымен босатылған қызметкерлерді қайта тағайындауы. Осылайша, кейбір эксперттер Өзбекстанның жаңа басшысы «өзін президенттікке сайланбай тұрып-ақ, соған сай билік етті» әрі кадрлық тағайындаулары арқылы президент сайлауы қарсаңында өз билігін нығайтып алды деп есептейді.

КӘСІПКЕРЛІК СИГНАЛДАРЫ

Шавкат Мирзиеев уақытша билік құрған үш айда шағын және орта бизнеске баса мән бергендігі аңғарылады. Ол Өзбекстанда кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауға бағытталған уәкілетті институт құруды ұсынды. Әрі соңғы уақытта өз өнімдерін экспорттаушы өзбек фермерлерінің босаңсып кеткендігіне алаңдаушылық білдіріп, осы тұрғыда өзгеріс те енгізіп үлгерді. Олар енді мемлекетке өздерінің валюталық түсімдерінің 25 пайызын ғана сатуға міндеттелді. Бұл үлес бұрын 50 пайызды құраған, ал фермерлер валюта бағамындағы айырмашылықтар кесірінен (Өзбекстанда доллардың ресми бағамы нарықтағыдан екі есе төмен) кірістерінің маңызды бөліктерінен айырылып отырды.

АЯҚ АСТЫНАН ПАЙДА БОЛҒАН КӨРШІЛІК БІТІМГЕРЛІК

Өзбекстанның жаңа басшысы елдің сыртқы саясатында өзгерістер жасауға бірден білек сыбана кірісті. Тез арада біздің билікпен, Тәжікстанмен және Қырғызстанмен қарымқатынастарын жақсартуға қадамдар жасады. Мәселен, Өзбекстанды тым бұйығы, «жабық мемлекетке» айналдырған Каримовтың кезінде Қырғызстан және Тәжікстан елдерімен арақатынастары мәз емес болатын: ауылы аралас, қойы қоралас болса-дағы, Өзбекстанның осы елдермен шекарасы жабық болған еді. Каримов қайтыс болғаннан бірнеше күннен соң, Өзбекстан билігі шекарада даулы аймақ болып тұрған Ұңғар тауға қатысты қамауға алынған төрт қырғызды бостандыққа шығарды. Ал Өзбекстанның Әндіжан қаласына соңғы он шақты жылдан бері бірінші рет қырғыз журналистер мен шенеуніктерінен құралған делегация келген. Осындай делегация қазан айының басында Тәжікстанның шекаралық қаласы Худжандқа барды. Бұрын еш уақытта шекаралық көршілермен бұлай қоян-қолтық араласпаған Ташкенттің бұнысына қайран қалушылар да жетерлік.

АЗАМАТТЫҚ ТУРАЛЫ ЗАҢҒА ҚАТЫСТЫ ТҮЗЕТУЛЕР

Мирзиеевтің уақытша лауазымына кірісе сала қолға алған келесі ісі — азаматтықтан шығуға арналған негіздемелерді айқындайтын заңға түзетулер енгізуі. Бұрынғы заңда Өзбекстанның азаматтығынан шығу мүмкіндігінен айыратын бұндай негіздеме болмаған. Ал ендігі уақытта басқа мемлекеттің азаматтығын алған жағдайда өзбек азаматының өз елінің азаматтығынан шығуына тура келеді. Ресей құжатын алғанымен, өзбек азаматтығынан шыға алмай сарылған көптеген мигранттар үшін бұл таптырмас мүмкіндік болып тұр.

«ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН» ӘРТІСТЕРДІҢ АҚТАЛУЫ

Бұрын билік тарапынан қысым көрген Юлдуз Османова, Шерали Жураев, Обид Асомов сынды бізге азды-көпті танымал әншілер өзбек сахнасына қайта оралды. Бұл әншілерге соңғы бірнеше жылдың жүзінде концерт беріп, сахнаға шығуларына жасырын түрде тыйым салынып, тіпті телеарна мен радиоларда әндерінің таралуына қатаң қараған. Бұндай тыйым неге салынды, ол жағы әлі де белгісіз. Бізге белгілісі, Юлдуз Османова біздің елге келіп, сахнада шығыс халықтарына тән ибалылық пен инабаттылықтан ада, жартылай жалаңаштанып, өзін өрескел ұстап, халқымыздың наразылығына ұшыраған еді. Мүмкін, Каримов оның осындай қылығына бола тыйым салып, халқын ұлттық мінезінен айырғысы келмеген болар, ал Мирзиеев бұндай сеңді неге бұзды?

«МИРЗИЕЕВТІҢ» КЕРІГІ

Халықтың күнделікті өміріне қатысты мына бір жағдай өзбек билігі мен қадамын бақылап, сын көзбен қадағалап отырған сарапшылардың назарынан тыс қалмады. Яғни алғаш рет Өзбекстанның хайуанаттар бағына кәдімгі керік әкелінген. Алатау атты керікті мемлекет басшысының өзі әкелгені туралы әлеуметтік желілерде сан алуан мысқыл пікірлер мен қалжыңдар әлі де толастар емес. Алайда Ташкентке керіктің келуіне жаңа басшының қаншалықты қатысы бар, бұл да белгісіз.

АЛ НЕ ӨЗГЕРІССІЗ ҚАЛДЫ?

Жоғарыда аталған ірілі-уақты өзгерістерден бөлек, әлі күнге дейін өзбек басшысы өзгертуге асықпаған көптеген жәйттер де жоқ емес. Атап айтар болсақ, сөз бостандығын шектеу, оппозицияны қатаң бақылау, адам құқығын бұзу сынды жәйттер әлі де жалғасуда. Мысалы, адам құқығына байланысты елдің алғашқы президентін батыстық саясаткерлер мен халықаралық құқық қорғау ұйымдары үнемі сынап келген еді. Ал ВВС, «Азаттық» сынды халықаралық ақпарат құралдары да оларда әлі күнге дейін бұғаттаулы. Әлемнің екі-ақ елінде — Солтүстік Корея мен Өзбекстанда ғана бар «шетелге шығу визасы» да сол күйінде. Егін-терім кезінде он мыңдаған студент пен мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік плантацияларда мақта жинауға мәжбүр болды. Саяси тұтқындардың тағдырларына да үкімет тарапынан бәз-баяғыша немқұрайдылық басым. Сонымен қатар, Каримовтың билігі тұсында оның құрығына ілінбеген кейбір оппозициялық топтар (ақпарат құралдары да) шетелдерде өз позицияларын жалғастыру үстінде. Енді осы президенттік сайлаудан соң біз тізіп шыққан өзгерістер тағы қалай белең алып, жабулы қалған мәселелер қалай шешілетініне тағы куә боламыз. Қазіргі мәлімет бойынша, президент тағына Мирзиеев ие болды.

НҰРГҮЛ ЖАМБЫЛҚЫЗЫ