Бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов боксшылар Саматәлі Төлтаев пен Абзал Серіктің тыйым салынған препараттарды қолданғанына байланысты пікір білдірді, деп хабарлады turkystan.kz sportpress.kz-ке сілтеме жасап.

«Бұл өзі бұрын болған жағдай. Неге десеңіз, тыйым салынған препараттар адамның азғасында 3-4 ай, кейде бір жылға дейін болады. Қаңтар айында Ұлттық допингке қарсы орталығы Саматәлі Төлтаев пен Абзал Серікті допингке тексергенде олар сынамадан өте алмаған», – деп бастады сөзін бас жаттықтырушы.

Оның айтуынша, мұндай жағдай бұған дейін де болған. Спортшылар өзім білемін деп, ережені сақтамай жүре берген.

«Үйде витамин ішсе, ол жарты жылдан кейін, кейде бір жылдан кейін адам ағзасынан шығады. Боксшыларға тыйым салынған дәрі-дірмектер, витаминдер ішпеңдер деп айтамыз. Ескертеміз. Ең алдымен ескертеміз. Ұлттық құраманың дәрігері Ирек Сатов ескерту жасайды, ғылыми топтың басшысы Ғалия Билялова спортшылармен семинар өткізеді. Сосын боксшылар оқу-жаттығу жиындарында допингке тексеріледі. Оларға тағы да ескерту жасалады. Қазір боксшылар демалысты. Демалыста да оларға тыйым салынған заттарды ішпеңдер деп ескерту жасаймыз», – деді бас бапкер.

Мырзағали Айтжанов құраманың алдағы жоспарларымен де бөлісті.

«Алда Түркияға он күнге барамыз. Осы шілде айында жол жүреміз. Түркияда боксшылар өздеріне қайта қалпына келу үшін жиынын өткіземіз. Олар теңізде шомылып, денесін қатайтады. Одан кейін «Ақбұлақ» олимпиадалық орталықтағы оқу-жаттығу жиынына қатысамыз. Сосын Алматыдағы тауларда дайындаламыз. Содан кейін Түркістан облысындағы «Алма-Тау» базасында Азия ойындарына дайындықты бастаймыз. Азия ойындарына құрамада өзгеріс болады. Азиадаға екі құраммен дайындаламыз», – деді бас жаттықтырушы.