Әйелдің сиқыры

Әрбір әйел айналасынан өзі қалайтын әлемді жасай алады. Айналаңнан үйлесімділік пен жанға жайлылық жасай білудің түп-тамыры – өзіңнен және өмірден ләззат алу. Бақыт пен рақатты сезінген әйел оны өзгелерге де жасап, жүрегіндегі сезімді еселеп, әлемге таратып отырады.

Әйел өз сиқырын өмірдің барлық өрісіне қолдана алады
Үй жинай жүріп, тамақ пісіріп, өзін жасандырған сәттерде әйел тылсым күшке ие. Оның көңіл екпіні ғана бұл сыйқырдың қандай нәтижемен тәмамдалатынын біледі. Мәселен, ол жасаған тамақ жәй ғана энергетикалық азық немесе сыйқырлы дәм бола алады, яки у болып кетуі де ғажап емес. Әйелдің қолындағы дүниенің бәрі мазмұнға толады.

Әйел дүниенің төрт стихиясын өзінің болмысына бағындырған. Соған сай түрлі тұрғыда дами алады.
От стихиясы – әйел-ләззат беруші
Су стихиясы – бейкүнә қыз
Ауа стихиясы – патшайым
Жер стихиясы – салиқалы бәйбіше.

Жермен тығыз байланыс әйели сыйқырмен толысуға жол ашады. Қазіргі қоғамда бәйбіше атану бар болғаны ыдыс жуушы, үй жинаушы сияқты таяз оймен байланысты болып тұрады. Бірақ бәйбіше одан зор ұғым. Бәйбіше атану – сыйқырлы әлемге қадам басу. Сыйқыршы атану секілді. Славян аңыздарында бәйбіше атанған әйел балтадан ас пісіріп, еріне кестемен жебе өтпейтін жейде тігіп беретін сыйқыршы мәртебесін иеленген. Кез келген жарақатты бір сипап жаза алатын алапат күшке ие. Бір көзқараспен жүректі жаулай алатын ғажап сұлулық иесі болған. Мұндай әйел өзінің қалауымен келешегін қалап шығарады. Ол өз айналасына тыныштық пен үйлесімділік сыйлайды.
Ең бастысы — бұл қасиет барлық әйелге тән. Бірақ мұндай қуаты барын бәрі дерлік сезіне бермейді. Тек түйсікпен кей-кейде қолданып қалады. Тамақ пісіруді әр әйел үйренеді. Бірақ ешкім бізге ер адамды есінен тандырарлық сыйқырлы тамақ пісіруге үйретпеген. Үтіктің не екенін білеміз. Бірақ ешкім сүйіктіңнің жейдесін үтіктегенде оған сыйқыр дарытып, кез келген келіссөзден жеңімпаз болып шығатындай етуін үйретпеді.
Мәселе адамды бағындыру мен қара дұға оқыту турасында емес. Мақсат өзгенің меніне жаман пиғылмен қара дақ түсіру емес. Бұл әңгіме мүлде басқа сыйқыр туралы. Әйелдің күш-қуаты мен әйелдің мәнді ұғымның бәрін толыққанды мазмұнмен толтыра білетін тілегі туралы. Айналасына махаббат пен бақыт сыйлай алатын қабілеті хақында.
Тәжірибеде
— Өзіңнің әйелдік қуатыңды сезін. Оның қайнар көзі тәннің қай бөлігінде орналасқанын анықта. Сол табиғи күштің еркін болуын қадағала.

— Өзің бір нәрсе істегенде: үй жинағанда, тамақ пісіргенде, т.б; соның барлығын шын ниетпен жаса, үй жинасам үйім бақытқа толады деп сен, таза үй қуаныш пен көңілге дауа сыйлайтынын ұмытпа. Үйіңді тыныштықпен, бақытпен, махаббатпен толтыр.

— Тамақ пісіргенде құпия ас даярлайтындай бол. Әрбір азықты өзгеше қасиетке немесе ерекше ниетке бөле. Кеңістікке өзің ғана сезетін керемет сезімдерді жібер. Бастысы азықтың құрамына өзіңнің махаббатыңды араластыр. Әйелдің ыстық ықыласын дәмдеуіш ет. Шын ықыласпен жасалған тағамнан артық ас жер бетінде болмайтынына сенгін.

— Үй жинағанда – болмысыңдағы барлық жаман қылық пен жағымсыз ойды қоса тазалап жуып, шайып жібер. Сонда үйің таза, көңілің жайма-шуақ, жарқын болады. Үйің махаббатқа толады.

— Күйеуіңнің жейдесін үтіктегенде оның күш-қуатын сезін. Оның азаматтық болмысының алдындағы өзіңнің нәзіктігіңді сезін. Оның жейдесін махаббатпен үтікте. Сол махаббат оны барлық кедергілерден сақтайтын қорған болмақ. Бұл әйелдің бәрінің қолынан келетін құдірет.

— Өз махаббатыңды сылап-сипау арқылы жеткізіп үйрен. Махаббатты сезін. Ең оңайы балаға деген сүйіспеншілікті байқап, тексеріп көруге болады. Нәрестені алдыға алып, оны сылап-сипалау арқылы беймазалығын басуға болатынына көз жеткізесің. Бұл ғажайып екенін өзің де мойындайсың. Алақанның жылуы кез келген жан жарасын жазып, түрлі үрейді жеңеді. Адамға тыныштық береді.

— Әйел тіл табысқыш, бейбітсүйгіш жан. Ол кез келген кикілжіңді жоя алады. Әлемнің төрт бұрышына өзіңнің әйелдік нәзіктігіңді босатып жібер. Ішіңнен: «барлық тіршілік иесі бейбітсүйгіш, бәрі сабырлы» де. Сонда айналаң үйлесім мен тыныштыққа малынады. Әйел әлемге тыныштық сыйлайды.

Аударған Шынар Әбілдә