Ақтөбеделіктер мереке қарсаңында баспаналы болды
Жыл басынан бері Ақтөбеде мемлекет пен жекенің бірлесе отырып салған 200-ден астам пәтер пайдалануға берілді. Наурыз мейрамы қарсаңында 90 жас отбасы баспаналы болса, 1 мамыр күні 115 отбасы қоныс тойларын тойлады.
Мәдениет, білім, денсаулық саласында еңбек ететін оларға баспана кілттерін салтанатты жағдайда облыс басшысы Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат депутаты Сәния Қалдығұлова мен қала әкімі Ілияс Испанов тарту етті.
«Мемлекет басшысы жас отбасыларға, еңбек жастарына жағдай жасауды әрдайым назарда ұстап келеді. Кез келген елдің болашағы тұрақтылық пен бірлікте. Бүгін пәтерді жас отбасылар иеленеді. Олар мұнда тек коммуналдық қызметтерді ғана төлейді. Сіздер туған елдің көркеюі үшін тек сөзбен ғана емес, іспен де үлес қосуларың керек. Бұл біздің азаматтық борышымыз», — деді облыс әкімі.
«Бүгін біз үшін үлкен мереке. Таяуда ғана отбасын құрған едік. Елбасы мен облыс басшысына жас отбасыларды қолдағандары үшін алғыс айтқым келеді», — дейді баспаналы болғандардың бірі Әсел Әлібиқызы.
Ақтөбеде баспана мәселесін шешудің тағы бір амалы — аз қабатты тұрғын үйлер құрылысы. Елімізде мұндай жоба алғаш болып Ақтөбе өңірінде қолға алынып отыр.
Осы аптада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пилоттық жобамен жүзеге асырылатын «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй массивіне барды. Құрылыс басында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тез салынатын, аз қабатты, несиеге берілетін тұрғын үй құрылысының барысы баяндалды.
Аз қабатты тұрғын үй құрылысын «Нұр Ақтөбе» бірнеше шағын ауданында іске қосу жоспарлануда. Құрылыстың жалпы аумағы 150 гектардан асады. Бұл мақсатта облыс бюджетінде 2017 жылға аз қабатты тұрғын үйлерді, оның ішінде инженерлік коммуникацияларды жобалауға 150 миллион теңге бөлінген.
Тұрғын үй құрылысына пайдаланылатын материалдардың 80 пайызы жергілікті кәсіпорындарда өндіріледі.
«Танхаус» типіндегі 3 қабатты тұрғын үйлер құрылысын жүргізумен бірнеше құрылыс салушылар айналысуда, олардың ішінде «Үй құрылысы комбинаты» ЖШС, «Соллерс» ЖШС, «Рустал» ЖШС, «Сәулет құрылыс 2007» ЖШС, «Досқалиев» ЖК, «Крост» ЖШС және «Жидель+» ЖШС бар.
«Басты мақсат — «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша осы мақсатқа көзделген жерлерді құрылысқа толығымен пайдалану. Біз аталмыш жоба аясында сапалы материалдардан қысқа мерзім ішінде баспана сала аламыз. Біздің қысқа мерзімде Қазақстанда баламасы жоқ қалашық тұрғызуға толық мүмкіндігіміз бар», — деді Бердібек Сапарбаев.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары басталды. Атап айтқанда, жер қазу жұмыстары аяқталып, іргетасы қалануда. Облыс әкімі құрылысты сапалы жүргізіп, тұрғын үйлерді уақытында пайдалануды қамтамасыз етуді тапсырды.
Облыс әкімі Сазды ауылына да ат басын бұрды. Алдағы уақытта осы ауылдың жанынан шағын елді мекен салынады деп жоспарлануда. Осы маңайдағы 30 га жер учаскесінде бірқатар тез салынатын бір қабатты үйлер тұрғызылады. Қазіргі таңда жаңадан салынатын тұрғын үйлердің магистарльді және инженерлік желілерін өткізу, т.б жұмыстар пысықталуда.
Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев Кірпішті елді мекеніндегі «ЭКО» саяжай тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында жақын жердегі өзендердің арнасын тазарату, саяжайлардың мәртебесін өзгерту және қалалық әкімдіктің арнайы жұмыс тобының жұмыс барысы талқыланды.
Асқар Ақтілеу,
Ақтөбе