Барлыбек Қарағаштағы «Мамания» мектебін аштырған

1980-1981 жылдан бастап барлыбектанудың жемісті кезеңі басталады. Академик С. Зимановтың кеңесімен сол уақыттағы жас ғалым Сәкен Өзбекұлы бұл іске білек сыбана кіріскен…

-Елдос, Барлыбектей тұлғаның өмір жолын зерттеп жүргендердің бірісіз, Сіздің ойыңызша жалпы Барлыбек қандай тұлға? Оның қазақ тарихындағы рөлі айқындалды ма?

-Барлыбек Сырттанұлы – қазақ тарихындағы аса көрнекті қайраткерлердің бірегейі. Ол – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы  тұрмысы мен тіршілігі орыс патшалығына бағынышты болып қалған бодан да, отар елдің құқығын қорғап, қазақтың бағы да, жаны болған  жерін орыстың мұжығы мен қара шекпенінен қайтарып алып, қазақты өз алдына дербес мемлекет ел қылуды арман етіп, ұлт-азаттық жолында теңдік іздеп күрескен Алаш ардақтысы еді! Ә. Бөкейхан, Ж. Ақбай, Б. Қаратайұлы, М. Тынышпайұлы сынды ұлт мақтаныштарымен иық тіресіп Алаш идеясын насихаттаған ұлт перзенті!

Барлыбек – өзінің бағасын фәни ғұмырында-ақ алып үлгерген тарихи тұлға. Замандасы, қоғам қайраткері Б. Қаратайұлы: «…Один ты по-моему, заслужил расположение народа. Один ты имеешь право сказать, что работал за народ. Кто же больше. Все остальные – сытые подлецы на казенных жалованьях –лишь умеют зло завидовать и змейным образом шипеть вокруг тех, кто работает, тогда как они сами пальзами не шевелят за народ», – деп оның қоғамдық-саяси қызметіне әділ бағасын берген. Ал, бүгінгі уақыттағы біздің міндетіміз – халқына, ұлтына адал қызмет еткен Алаш қайраткерлерінің еңбектері мен өнегелі ғұмырын жастар мен жасөспірімдерге насихаттау. Олар – Отан алдындағы ақ адал істерімен-ақ, өздерінің тарихтағы бағаларын алып, руханияттағы орындарын айқындап кеткен. Біздікі –  тек насихат, дәріптеу ісі!

Барлыбек дүниеге келген Қапал-Арасан өңірінің тумасымын. Арасандағы Барлыбек Сырттанов атындағы орта мектептің түлегі боламын. 2003 жылдың мамыр айындағы оқиға әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Соңғы қоңырау қарсаңында мектебімізге бір топ қонақтар келді. Бұлар – Барлыбектей арыстың ұрпақтары екен. Арасында Барлыбектің немересі Сәмет, оның қызы Альфия да бар. Бұл сапарды ұйымдастырған осы ауылдың тумасы, тарихшы-ғалым, марқұм Қайрат Адамбосынов еді. Барлыбектің ұрпақтары мектепке келіп, оқу жылын үздік бітірген оқушыларға «Б. Сырттанов  атындағы шәкіртақы» тағайындап, қуантты. Құланбаев Мұрат, Сағымбаева Маржан, Мәлтекбасов Диас сияқты сыныптастарыммен қатар мен де осы шәкіртақының иегері атандым. Бұл – бір. Екінші, 2006 жылы Барлыбектің туғанына 140 жыл толып, мектебімізде оның құрметіне аралған үлкен ғылыми конференция өткен-ді. Ол уақытта мен 7-сынып оқушысы едім. Сынып жетекшім Қ. Байтоғымова барлыбектанушы-ғалым С. Өзбекұлының «Барлыбек Сыртанов» деп аталған еңбегі негізінде оқушы тіліне лайықтап, «Барлыбек Сырттанов және оның замандастары» деген баяндама жазып берді. 7-сынып оқушылары атынан осы баяндаманы оқығаным және бар. Үшінші, студенттік жылдарымда, яғни 2 курс кезінде «құқық» пәнінен «Б. Сырттановтың құқықтық-саяси көзқарастары» деген реферат жазғанмын. Осы үштаған сәйкестік мені Барлыбектей тұлғаның ғұмыр жолын қарауыма, зерттеуіме жол ашқан болар. Оның үстіне студенттік кезеңімнен бастап алаш әдебиеті, алаш арыстарының түрмеде, қуғын-сүргінде жүріп жазған шығармаларын зерттеп жүрген соң, бұл тақырып жаныма жақын болып шығады.

-Барлыбектану саласы деп қалдыңыз. Жалпы Барлыбектің ғұмырнамасы қаншалықты зерттелді?

ХХ ғасыр басындағы халқымыздың ары мен ұяты болған перзенттеріміздің ғұмыр жолын, мол мұрасын қарастыратын ғылым саласын алаштану деп атайтынымыз белгілі. Ал, барлыбектану – алаштану ғылымының асыл өзек, бір бөлшегі!  Барлыбектей тұлғаны тану – оның фәниден бақиға өткен кезінен басталды десем артық айтпас болар ем. Мәселен, С. Қиясовтың «Айқап» жорналына жазған некрологы, замандасы Ә. Бөкейханның  «Барлыбекті ұмытпасқа» деп аталған некрологы және шәкірті М. Тынышпайұлының «Барлыбек Сыртанов» атты некрологы – барлыбектану деп аталған ғылым саласының іргетасы. 1960-1970 жылдары Барлыбектің ғұмырнамасына назар аударғанның бірі – белгілі өлкетанушы, жазушы  Тәңірберген Қалилаханов. Тәңірберген ақсақал 1965-1967 жылдары Барлыбектің үлкен ұлы Кәкемен (Абдулқадыр) кездесіп, әкесі туралы айтқан әңгімелерін жазып алған. Өлкетанушының «Сыртанов Барлыбек  кім еді?» деген көлемді мақаласы жарияланған. Кейін ақсақалдың денсаулығы сыр беріп, төсек тартып ауырып қалады.  National Digital History порталында осы деректер жайлы ақпарат жарияланды.

Ал, 1980-1981 жылдан бастап барлыбектанудың жемісті кезеңі басталады. Академик С. Зимановтың кеңесімен сол уақыттағы жас ғалым Сәкен Өзбекұлы бұл іске білек сыбана кіріскен екен. Сәкен ағамыздың табанды зерттеуінің нәтижесінде 1996 жылы «Барлыбек Сыртанов» атты еңбек жарық көрді. Ол халыққа Барлыбектей тұлғаны танытып, алаш арысын туған халқымен мәңгілікке қауыштырды. Бұл – алаш арысының 130 жылдық мерейтойына жасалған үлкен құрмет болатын. Сәкен ағамыз Барлыбектің қызы Қанипа әжемізді іздеп тауып, ол кісіден әкесінің «Дәрілік өсімдіктер» деп аталатын еңбегін тапты. Алғаш болып Барлыбектің «Қазақ елінің Уставы» деп аталған қазақтың тұңғыш конституциялық еңбегін көпке жария етті. Петербор, Ташкент, Алматы мұрағаттарынан тұлғаның өмір жолына қатысы бар көптеген тың деректерді тауып, мерзімді басылымдарға жариялады. Асылы Сәкен Өзбекұлы – Барлыбектей тұлғаның «бағын» ашқан үлкен ғалым. Марқұм Сәкен ағамыз ақтық демі таусылғанша  барлыбектану саласына  қажырлы еңбек сіңіріп өтті. Сәкен ағамыздың тағы бір үлкен еңбегі – Заң  ғылымы академиясын құрып, «Б. Сыртанов атындағы сыйлық» тағайындауы. Меніңше, бұл – Барлыбектей тұлғаны ұлықтау мен дәріптеудің айрықша белгісі. Барлыбек бабамыз туралы әр жылдары жазушы Шәкен Күмісбайұлы, ақын Өтепберген Ақыпбекұлы, жазушы Жемісбек Дулатбекұлы, өлкетанушы М. Қазбанбетов азаматтар да жазды.  Заң ғылымдарының докторлары Ш. Тлепина, Н. Дулатбеков, тарих ғылымдарының докторы О. Мұхатова, заң ғылымдарының кандидаты Б. Сыздықовтар да тұлғаның заңнамалық, құқықтық еңбектерін сөз етті. Бірқатар журналистер оның еңбектері, өмір жолы туралы жазған болатын. Бірақ, өкініштісі сол – жазылған дүниелердің бірсыпырасында авторлардың өз қолтаңбасы, өзіндік үні жоқ! Яғни, профессор С. Өзбекұлының еңбегінен көшіріп, жиендік еткен екен. Бұны біз Барлыбек Сырттанұлы туралы жинақты құрастыру барысында аңғардық.

-Елдос, «жинақ» деп қалдыңыз. Ол қандай жинақ? Қашан  жарық көрмек?

2016 жылы Барлыбек бабамыз 150 жасқа толды. Алайда, оның 150 жылдық мерейтойы атаусыз қалды. Тек туған өлкесі – Ақсу ауданында ғана аталып өтті. Тіпті, БАҚ -да Барлыбектей тұлғаның 150 жылдық мерейтойы туралы ләм-мим деген   жоқ! Міне, «жетім қыздың» кебін киген Барлыбектей арысты жаңа заманның жас буын ұрпағына қайтадан танытып, оның мол мұрасын қайтадан насихаттау керек деп шешім қабылдадым.  Мамандығым әдебиетші болған соң, алаш заманындағы әдеби процессті ғана зерттеп,  тарих ісіне араласа қоймаушы едім. Мынадай өкінішті жағдайдан соң, алаш тарихымен айналысуға тура келді. «Барлыбек атамыз жетім емес, артында жоқтайтын ел-жұрты бар оразды елдің аймаңдай ұлы ғой» деген ойменен тұлға туралы жазылған, БАҚ-та жарияланған дүниелерді жинастырып, оның өз туындыларымен біріктіріп, биылғы Алаштың 100 жылдық мерейтойы аясында оқырман назарына ұсынуды жөн санап отырмыз.

-Сізді Петербор мұрағатына барып, тың деректер тауып әкелді  деп естідік…

Алла сәтін салып, Петербор мұрағатымен жұмыс істеуге мүмкіндік болды. Петербордағы Орталық мемлекеттік тарихи архив пен кинофотофонограмалық архив, сонымен қатар Орталық мемлекеттік архив, Санкт-Петербор мемлекеттік университетінің архивтеріндегі құжаттармен танысып, бірқатар бұрын-соңды жарияланбаған құжаттарды тауып отырмыз. Бұйырса алдағы уақытта жарық көретін монографиялық еңбегімізге қосармыз. Петербор архивінен бөлек, жуырда алаштанушы-ғалым Б. Әбдіғалиұлы жетекшілік еткен «Алаш жолы: Өзбекстан бағыты» халықаралық ғылыми-танымдық экспедиция аясында Ташкент қаласында болдық. 1891-1894 жылдары Барлыбек Сырттанұлы Түркістан генерал-губернаторлығының кеңсесінде жауапты қызмет атқарған. Ол уақытта генерал-губернатордың резиденциясы Ташкент қаласында орналасқан болатын. Өзбек тарихшы-ғалымдарымен кездесіп, олармен әңгімелесіп келдік. Бәлкім, алдағы уақыттағы Б. Сырттанұлының ғұмырнамасындағы Ташкент кезеңін жаңаша көзқарас арқылы бағамдайтын боламыз.

-Барлыбектің көпке беймәлім қандай қырлары бар?

Барлыбектің ұлттық руханиятқа қосқан үлесі ұшан-теңіз.  Кешегі жетпіс жылға созылған саяси қысым заманында, қазақ халқы өзінің түп тамырынан ажырап қалды. Оның үстіне, Барлыбек – арманда кеткен боздақ еді. Мысалы, қараңызшы: ол 1914 жылы дүниеден өтті. Алаш қозғалысының басы-қасында болып, жемісті идеяның жүзеге асуы барысында белсенділік танытып жүрген нағыз ердің жасына келер шағында, ғұмыр-жапырағы үзіліп, мерт болды.  «Жасасын, Алаш, жасасын!» деген 1917-1920 жылдардағы қозғалыстың ең керемет кезеңі болған партия мен үкіметтің құрылғанын көре алмай арманда кетті. Сосын жазықсыз адамзаттың қанын төккен қызыл ту салтанат құрған шақта, алаш қозғалысына нүкте қойылды. Алаш серкелері лек-легімен қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеге қамалды. Бұл  «байтал түгіл, бас қайғы» болған қиын заман еді. Артынан алашшылдар атылды. Осылай Барлыбектің аты өшіп, құмға сіңді. Оның халқына істеген игі ісі, еңбегі ұмыт қала берді.

Айтылуы тиіс бір жайт – Барлыбектің ақын Әсет Найманбайұлына  А. Пушкиннің «Евгений Онегинін» романын оқып беріп, оның аударуына көмектесуі. Яғни, орыстың әдеби тіліне жетік Бәкең өлең үлгісінде жазылған романды жолма-жол қазақшалап отырса, адуынды ақын оны кестелі тілімен өрнектеп отырған болатын. Екіншіден, Барлыбектің аталас туысы Маман қажының ұрпақтарына кеңес беріп, Қарағаштағы «Мамания» мектебін аштыруы, оның оқу бағдарламасының даярлануына атсалысуы, өзінің сол мектепте оқытушылық қызмет етуі. Петерборда оқып жүргенінде оқымысты бабамыз 2000-нан астам кітап жинапты, кейін оны еліне әкелген екен. Әлгі кітаптарды оқып, танымдық көзқарасын кеңейткеннің бірі – үлкен ақынымыз Ілияс Жансүгірұлы. Бұл кітаптардың дені – батыс әдебиетінің жауһарлары, әлемдік ақыл-ой адамдарының классикалық туындылары  екен. Тағы бір жұртқа белгісіз дерек: Барлыбек пен «Алаш «Алаш» болғанда…» деп аталатын кітаптың авторы, аумалы-төкпелі замандағы тарихи оқиғаларды басынан өткерген, белгілі жазушы, аудармашы Ғалым Ахмедов әулетінің бір-біріне құда болуы. Барлыбектің немересі  Ғалымның бауырына тұрмысқа шыққан екен. Бүгінде олардан өсіп-өнген ұрпақ қазақ ғылымына, руханиятына қызмет етіп жүр. Және де Алматы қаласы тарихы музейінің «Верный» залында  Б. Сырттанұлының ас  үй жиһазы (буфет) тұр. Бұл жиһазды музейіне қорына Барлыбектің күйеубаласы Тимур Ахмедов өткізген екен.

Міне, осы сияқты жұртқа беймәлім қаншама  дерек бар. Сәтін салса, шама-шарқымыз жеткенше, әрқайсысын танымдық мақала ретінде жазып, көпшілікке жариялаймыз. Бұйырса осы жылдың соңына дейін оқырман назарына бабамыздың өмір жолы мен шығармашылығы, қоғамдық-саяси қызметі және оның ұрпақтары, олардың Отанымыздың дамуына қосқан үлестері туралы жазылған монографиялық еңбегімізді ұсынамыз. 

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ