Қыздар тәрбиесінің өзекті мәселелері қандай?

Қыз — әдемілік пен іңкәрлік символы. Жібектей мінезімен, уыздай тәтті қылығымен, іскерлігімен, ұқыптылығымен, ізеттілігімен, иманды, инабаттылығымен сыйлы.

Демек, «не нәрсе ұятты болса, сол асыл» деген екен Ғабиден Мұстафин. «Қазақта «ұят болады» деген ұғым, түсінік болған. Басқа өзге бір ұлтта жоқ. Қазақ баласын жасынан кешегі күнге дейін сол «ұят боладымен» тәрбиелеп келді. Сондықтан ибалы, инабатты, арлы, ұятты болып ержетті. Бүгін сол халықтың «ұят боладысы» кеміп, «онда тұрған дәнеме жоғы» көбейді. Соның салдары көргенсіздікке әкеліп соқты.

Олай болса, ұрпақ тәрбиесіне халықтық педагогика мен ұлттық психология көмектеседі. Ата-бабамыздың салт-дәстүрін қыз бала тәрбиесіне пайдалана білсек, тәрбие көрген қазақ қыздары ерлерін пір тұтып, оның ата-анасы мен бауырларын құрметтеп, үлкеннің алдын кесіп өтпей сыйлап, қадірлейтін болады. Бұндай әйелдерді ер-азаматтар да қатты құрмет тұтады.

«Қызға қырық үйден тыйым» дегенді біз әлі де дұрыс түсінбей келе жатқан сияқтымыз. Бұлай деуім тыйым салып, ештеңеден хабарсыз, мақау болсын деген сөзім емес. Мәселен, байырғы қазақы отбасында ер балаларды ертеңгі мұрагер санағанымен, қыз балаларды олардан әсте кем көрмеген. Көп жағдайда қыз бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөлі-ніп, ата-аналар тіпті ұлдарынан гөрі қыздарын ерекше жақсы көріп, еркелетіп, еркін өсірген. Қазақ отбасында, мысалы, ұлды жазалау, шектен шығып бара жатқанда әкесінің, яки аға-сының ондай тентекке қамшы жұмсап, қайырып алған кездері жиі кездескен. Ондай жағдайда әкесі мен ағасының қаһарына ұшыраған ұл, қандай қыңыр болса да, қыңқ етіп дыбыс шығарып, қарсылық көрсете алмайтын. Ал қазақ отбасында қызды жазалау деген… мүлдем сирек кездесетін, мүлдем оқшау құбылыс еді. Әке-шешесінің қасында, аға-інілерінің қамқорында, ежелгі ұғыммен айтқанда, «оң жақта отырған» қыз баланы ол замандарда бетінен қағып, беделін түсіретін ешкім болмаған. Қазақ отбасында қыз баланы әсіресе әкесі мен ағалары ерекше еркелетер еді. Қызды «өрісімді кеңейтеді» деп әлпештеп өсіретін.

Қыз баланың келешегін о бастан осылай ойлаған отбасыларда бұрындары талай тыйымдар болатын. Оның біразы, бәлкім, ескі наным-сенімдерден, тұрмыс қажеттіліктерінен туындаған шығар. Соның біразы мақал-мәтел, ырым-тыйым, насихат сөз ретінде айтылады. Мысалы, «қызға қырық үйден тыю» дегенді бұрындары шешелеріміздің аузынан жиі еститінбіз. Бақсақ, мұның мағынасы қыз бала жасынан қыдырма, желөкпе, кезбе болмасын деген қағида екен. «Күн батқан соң, қызды су әкелуге жұмсама», «қызға құрық ұстатсаң да, малыңның күзетіне қойма», «қызы көптің уайымы көп» деген сияқты ұғымдар, түптеп келгенде, о бастан нәзік, көркем жаратылған ұрпақты әртүрлі аңдушылардан, зорлықшыдан, қаңқудан, жаладан қорғап, сақтап қалу ниетінен туғаны анық.

Иә, қазіргі таңдағы ұрпақ тәрбиесінде, оның ішінде қыз бала тәрбиесінде біраз күрделі мәселелердің күн тәртібіне шыққаны рас. Оны мына бір мақалдан-ақ байқауға болады: «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген мақал.

Біз енді ұлымыз бен қызымыздың тәрбиесін ойлайтын болсақ, отбасы тәрбиесіне көбірек көңіл аударуымыз керек. Ал отбасынан бұлақ сияқты таза тәрбие алып шыққан қыздарымыздан таза ұрпақ жайылатыны белгілі.

«Қызыңды дұрыстағаның — ізіңді дұрыстағаның» дейді. Қыздың ең үлкен жауһары, ең көркем әшекейі және оны безендіретін — оның ар-ұяты. Қыздың ар-ұяты — баға жетпес байлық. Қыздың ұяты ұлттан бөлінбейтін бөлшек ретінде келе жатыр. Осының бәріне жауапты қыздың өзі емес, оған жауапты ер-азаматтар, үлкендер. Шаңырағында құрмет көрген қыз, ертең құрметті анаға айналатын болған. Әже тәрбиесі үзіліп қалып, тамырымызды үзіп алған жайымыз бар. Олай дейтініміз, қазіргі аналардың аузында былапыт сөздерден басқа нені естиміз? Ал бұрынғы әжелеріміз, аналарымыз: «Тұқымың өскір, көбейгір, көп болғыр, намысы молайғыр» т.с.с. сөздермен ұрысқан.

Міне, отбасында дұрыс тәрбие алмаған қыз қайда барады?! Осындай қыздарымыздың арсыз, ұятсыз, баласын туып далаға тастаудың түпкі себебін білмей жатамыз. Себебі осы емес пе? Қазақ атамыз ұлын отбасының егесі болуға, іні-қарындастарының қамқоршысы болуға баулыған. Мұндей тәрбиеге баулынбаған ұл жыртқыш құстай қыздарға қырғидай тиетін болады. Міне, бұған дәлел жігіттеріміздің жауапсыздығынан. Ұлдарымыз бұрында қыздарға жыныстық құмарлықпен қарамаған, оған жұмсақтықпен, ағалық шапағатпен қараған. Міне, қазір осыларды жоғалтып алдық. Отбасында бала әр нәрсені естиді, көреді, қалай өмір сүру керек, өзін-өзі қалай ұстай білу керек, жағымды, жағымсыз мінез-құлықтарды байқайды. Сондықтан ата-ана балаға үңіле қарап, үнемі бақылап бала жан дүниесіне оң әсер ететін іс-әрекеттерді дағдыға айналдыру керек.

Жанат Сарыбекова