Шырайлы Шу өңірі

      Жамбыл облысының  әкімі Кәрім Көкірекбаев Шу ауданында жұмыс сапарымен болып, өлкенің өндірісі мен әлеуметтік сала бағытындағы нысандарды аралады.  Аймақ басшысы аталмыш елді мекендегі іссапарын «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының бүгінгі тынысымен  танысудан  бастады.

Аумағы 505 гектарды  алып жатқан экономикалық аймақтың құрылысы 2013 жылы басталып, жоспар бойынша аталмыш  аумақта  16 кәсіпорын бой көтереді деп көзделген. Алайда жоба құнының қымбаттауы мен дағдарысқа байланысты 2020 жылға дейін мұнда 5 зауыттың құрылысы жүретін болып шешілген болатын. Осы кәсіпорындарды  инфрақұрылыммен қамтуалдағы 5 жылдың басты бағыты ретінде бекітілген еді. Алайда өткен жылдың қазан айынан бастап экономикалық аймақта бірқатар жұмыстар тұралап қалған. Атап айтсақ, су құбырлары мен  автомобиль  жолдары  өз деңгейінде жүргізілгенімен, газдандыру жұмыстары кенжелеген. Сондай-ақ, теміржол желісін тарту да аяғына дейін бітпеген.

     

Міне, осы жұмыстарды көзбен көріп, орын алған олқылықтарға  байланысты жауапты мамандардан түсініктеме алған облыс әкімі аудан әкімі Қайрат Досаевқа бірқатар тапсырмаларын берді.

-Мұнда бой көтетерін бір ғана «Химплюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің глифосат, каустикалық сода шығаратын кәсіпорынның құны 56 миллиард теңгені құрап отыр. Ол алдағы көктемде  іске қосылып, алғашқы өнімін шығара бастайды. Және зауыт  300-400 адамды жұмыспен қамтиды деп күтілуде. Сондықтан аудан әкімдігі құрылыс компанияларымен бірлесе отырып, инфрақұрылым мәселесіне жең түре кірісуі қажет. Сондай-ақ,  жұмысшыларға қажетті  жатын орын мен асхана сынды нысындардың құрылысын тездетіп бітіру керек. Бұған дейін, Шу ауданы жұртшылығының негізгі күнкөріс көзі теміржол болса, енді экономикалық аймақ  тұрғындарды жұмыспен қамтитын орынға айналуы тиіс. Міне, осынысы аудан әкімдігі ескеріп, құрылыс компанияларына жұмысты жоспарлы кезеңде аяқтауына барынша жәрдемдескені жөн,-деді аймақ басшысы.

Бұдан кейін, Кәрім Нәсбекұлы Қонаев ауылдық округіндегі «Алижан» шаруа қожалығының егістік алқабына ат басын бұрып, шаруалардың еңбегін көзбен көрді. 1999 жылы құрылған аталмыш шаруашылық  биыл 100 гектарға өнім еккен. Оның 20 гектары күздік бидай болса, 15 гектары жоңышқа, 20 гектары жүгері, 12 гектары қант қызылшасы және 30 гектарға жуық жері дәнді дақылдар. Қожалық иесі Ілияс Закиряевтың айтуынша, былтыр «Авантаж» тұқымын  себу арқылы тәтті түбірден мол өнім жиналған екен. Биыл да шаруа осы межеге жетуді көздеуде. Мұндай құлшынысты облыс әкімі деқолдап, шаруашылық жұмысына сәттілік тіледі.

      

         Егістік даласында аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбаев өңір басшысына сондай-ақ, ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарының көрсеткіштерімен таныстырды. Аудан әкімі орынбасарының сөзіне сүйенсек, Шу ауданы биыл жалпы аумағы  140 726 гектар жерге егіктік дала жұмыстарын жүргізіпті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 пайыздық өсімді көрсеткен. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы шулық шаруалар су үнемдеу технологияларын қолдануда ширақтық танытып, 1185 гектарға жаңа технологияны енгізген. Шаруалар қынт қызылшасынан мол өнім алу үшін биыл жаппай тек «Авантаж» тұқымын сеуіп, техниканың сапасын да сан есе жақсартқан. Мәселен былтыр шаруалар 123 миллион теңгеге 25 жаңа техника алса, ағымдағы жылдың бес айының өзінде 85 миллион теңгеге 18 техника сатып алған. Бұл көрсеткіштерге көңілі толған облыс әкімі  атқарылған жұмысқа оң бағасын берді.

                                                                              Шу аудандық «Төле би» мешіті

Аймақ басшысы Шу қаласында орналасқан «Жамбыл» атындағы метеп-гимназиясына да бас сұғып шықты. Оқу орны 1959 жылы ашылған болса, мұнда қазір 589 оқушы тәлім алуда. Өткен жылы білір ордасына қосымша дене шынықтыру , мәжіліс залы, оқу бөлмелері, асхана мен  жылыту қазандығын салу  жұмыстары  басталып, құрылысқа жауапты «Қаратау-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылы аяқтауды көздеуде. Мектеп директоры Элмира Ахметованың айтуынша, мұнда қазір жоғары санатты 18, бірінші санатты 17 және екінші санатты 11 мұғалім қызмет етуде екен.

         Мектептің тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысып шыққан Кәрім Нәсбекұлы атқарылған жұмысқа көңілі толатындығын айтып, алайда Тоғай мөлтек ауданындағы мектеп құрылысында дер кезінде аяқтауды  аудан әкіміне тапсырды. Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Клара Исакованың Алға ауылдық округіне 300 орындықты жаңа мектеп салу және Бірлікүстем ауылындағы Домалақ ене мектебі мен  Шу қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы ұсынысына облыс әкімі қолдан келгенше демеу болатындығын айтты.

Өңір басшысының  жұмыс сапарының басым бөлігі Шу қаласындағы «Қамқор Локомотив» ЖШС филиалы Шу локомотив жөндеу зауытында өтті. 1998 жылы іске қосылған зауытта  кезінде 2500 адамға дейін еңбек еткен. Алайда қазір сұраныстың азаюына байланысты жұмысшылар саны 286 адамға дейін қықарып кеткен. Міне, осы мәселені басты назарға алған облыс әкімі тапсырыс  азайды деп қол қусырып қарап отырмай, тығырықтан шығатын тың жолдарды табу қажеттігін айтты.

-Өткен ғасырдың соңында осы зауытты басқа өңірге салу керек деген ұсыныстар түскенде, «Шу жері тоғыз жолдың торабында орналасқан» деп қоймай зауытты осында салдырған болатынбыз. Ал бүгін осы кәсіпорын жұмысының тұралап қалуы қырық мың халқы бар Шу ауданы үшін қиынға соғып тұр. Өйткені халықтың күкөріс көзі теміржолмен тікелей байланысты болғандықтан, жұмысшылар саны жылда қысқартылуда. Мәселен, өткен жылы осы зауытта істеген 500 адам жұмыссыз қалды. Тапсырыс жоқ екен деп қарап отырмай, жан-жақпен келіссіөздер жүргізіп, кәсіпорынды қайта қуатты күшіне шығаратын тетік табуымыз қажет.Мүмкін, зауыт маңында қаңырап бос тұрған нысандарды теміржол саласына керекті мамандарды дайындайтын колледжге айналдыру қажет шығар? Осы жағын жан-жақты талқылап, зерделеуді орынбасарым Тимур Жанке мен кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбековаға тапсырамын, -деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, өңір басшысы Шу пайдалану локомотив депосына да кіріп, бірқатар сын-ескертпелерін айтты. Мәселен Кәрім Нәсбекұлы биыл мораторий жариялап жұмысшыларды  қысқартқан депо басшылығының жұмысын сынға алып, өзіміздің маневрлы локомотивтеріміз Шу қаласында тұрғанда сонау Балқаш қаласы мен Жаңаарқаға апарып, құрылғыларды жөндету қисынға келмейтінін жеткізді. Және «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде теміржолмен көп туристер қатынайтынын ескертіп, жұмыс кестесін түзетіп, жолаушылардың қауіпсіздігін жіті бақылауға алуды  мықтап тапсырды. Одан әрі К.Көкірекбаев Шу пайдалану локомотив депосының техникалық оқыту және 3D  форматта сабақ беретін бөлмелерімен танысып, машинист нұсқаушы мамандардың біліктілігін де бір тексеріп алды.

Облыс әкімі  іссапары  бұдан кейін  Шу қаласындағы теміржол вокзалының абаттандыру жұмыстарымен танысумен жалғасты. Мұнда жолаушыларды қабылдау-жөнелту және халыққа сапалы қызмет көрсету, сондай-ақ аумақтың абаттандыру жұмыстары өз деңгейінде жүріп жатыр екен. Вокзал қыс айларында 300 адамға, ал жазда  1000-нан аса жолаушыға қызмет көрсетуде. 35 жолаушы  және 40 жүк пойызын қабылдауға қауқарлы  станцияда  үш бірдей тексеру құрылғысы мен 19 бейнебақылаулар қалтқысыз жұмыс істеуде. Десе де, аймақ басшысы  «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде вокзал арқылы қатынайтын жолаушылардың саны артатынын ескертіп, сондықтан қызмет сапасын тағы жақсартуды жауапты басшыларға тапсырды.

Өңір басшысы  ауданда суықтай сығылған сафлор майын өндіретін «Кaz Ir Agro»жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де ат басын бұрды.  3554 гектар алқапты алып жатқан өндіріс орның жобалық құны 5,7 миллион долларды құрайды. Ирандық компаниялармен бірлесе жұмыс жасап жатқан  серіктестік тәулігіне 1,5 тонна сафлор майын өндіруге қауқарлы. Зауыт  өткен жылы 190 келіден аса өнім өндірсе, ағымдағы жылдың алғашқы бес айында 173 мың келіден аса өнім шығарған. Кәсіпорынның жұмысына жоғары баға берген К.Көкірекбаев  серіктестік басшысы  Алинагиян Хамдрезаға ирандық компаниялармен байланысты үзбей,Шу пайдалану локомотив депосында комбайн құрастыру жағын қолға алуды ұсынды. Аймақ басшысының айтуынша, ирандықтар қазіргі таңда сафлор майымен қатар, комбайн шығару жағынан да алдыңғы қатарда келеді екен. Сол себепті бұл байланыс  өңірдің ауыл шаруашылығы үшін тиімді мәміле болатынын тілге тиек еткен облыс әкімі осы жағын қарастыруды зауыт басшылығы мен құзырлы мамандарға жүктеді. 

Сонымен қатар, облыс әкімі «Шоқпар тас АТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Қиыршық тас өндіретін серіктестік 2011 жылы құрылып,  қазір  жылына 100 000 куб өнім шығарып отыр. Сондай-ақ, 65 адамды жұмыспен қамтып, 31 гектар жерде кәсіпорынның көкжиегін кеңейтуде.

Шырайлы Шу өңірінде емхана салу мәселесі де назардан тыс қалмаған. Биыл елді мекендегі орталық аурухана маңынан жаңа емхана салу жоспарлануда.Сыйымдылығы 240 адамға шақталған жаңа нысанның жобалық құны 600 миллион теңге. Құрылыстың сызбасымен танысқан облыс әкімі алдағы екі айдың ішінде емхананың  нақты жобасын дайындап, ұсынуды міндеттеді.

          Шу ауданына жұмыс сапарын  Кәрім Нәсбекұлы актив жиынында қорытындылады.  Басқосуда  облыс әкімі  Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы  аясында туындайтын тапсырмалар төңірегінде сөз қозғап, бұл бағытта атқарылар жұмыстар көп екенін баса айтты. Ал өз кезегінде сөз алған облыс әкімдігі  денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» Заңына сәйкес жүргізілуі тиіс жұмыстарға тоқталса,  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021» жылға арналған бағдарламасы  хақында  әңгіме өрбітті. Ал «Үштілді білім берудің тетіктері және ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықты ұйымдастыру» тақырыбында білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова баяндама жасаса,  кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова  өндіріс саласының бүгіні мен ертеңіне және  Шу ауданының жеткен жетістіктерінекеңінен  тоқталып өтті. 

Жиын соңында  аймақ басшысы «Химплюс» және «ҚазМия» сынды  жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өңірде өндіріс орындарын ашқанымен салықты өзге өңірге төлеп келе жатқанын айтып, осы мәселенің түйінін тарқатуды жауапты сала мамандарына  жүктеді. Сонымен қатар, «Меркі-Шу-Бурылбайтал»  автожолына жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Қазавтожол» акционерлік қоғамының облыстық филиалы өз міндетін тиісті деңгейде орындамай  отырғанын сынға алып,  филиал  директорының орынбасары Айжан Туғановаға қажетті  шараларды қолға алуды тапсырды.

         Ал жалпы жұмысқа жуырда ғана кіріскен Шу ауданының жаңа әкімі Қайрат Досаевтың  тырнақалды тірліктерін облыс әкімі жоғары бағалады.

САЯТХАН САТЫЛҒАНОВ