124 жыл: ғұмыры ғасырдан асқан астаналық ұстаздар династиясы
Ел аумағында ұстаздықты таңдап, бүкіл саналы ғұмырын ұрпаққа білім беру ісіне арнаған мұғалімдер аз емес. Мұндай мәртебелі мамандықты жанына серік етіп, келер ұрпағына мирас қылып қалдырып келе жатқан ұстаздар династиясы елордамызда да баршылық. Біз сөз еткелі отырған Сәрсембековтер әулетінің бүгінде педагогикалық еңбек өтілі – 124 жыл толып отыр. Бір отбасының бірнеше буыны мұғалімдік мамандықты таңдаған екен.
Сәрсембековтер әулетінде 6 бірдей мұғалім бар. Бүгінде жасы жетпістен асып, осы әулеттің ақсақалы болып отырған Мұратқали Сәрсембековтің осы салада тер төгіп келе жатқанына 35 жыл болыпты.
«Мен Абай облысы Жарма ауданының Суықбұлақ орта мектебінде білім алдым. Әскерден келе сала бірден ұстаздық жолды таңдауды құп көрдім. Семейдегі пединститутты аяқтап, Суықбұлақ орта мектебіне химия және биология пәндерінің мұғалімі болып жұмысқа кірдім. Менен білім алған түлектерім бүгінде белді маман атанып, Қазақстанның әр қиырында түрлі салада абыройлы еңбек етіп жүр. Отбасымдағы балаларым да бұл саланы таңдағанына өте қуаныштымын», дейді ардагер ұстаз.
Мұратқали Сәрсембековтің зайыбы Зияш Сәрсембекова да ұзақ жылдар ұстаздық еткен аяулы жан. 36 жыл физика және математика пәні мұғалімі болып еңбек етіпті.
Осы ардагер ұстаздардың тұңғыш ұлдары Ерлан Сәрсембеков – Астана қаласының Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі болып жемісті жұмыс істеп жүр екен.
«Осы айтулы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Өмірлік жарымды да осы салада жүріп жолықтырдым. Ұстаздық етіп жүргеніме 16 жылдан асты. Мұғалім ретіндегібасты мақсатым – әр оқушының бойынан ерекше қабілеттерді тауып, оларды жаңа белестерге жеткізу», деді Ерлан.
Бұл әулеттің тағы бір ерекшелігі – шаңырақтың табалдырығын аттаған түскен үш келіннің үшеуі де мұғалімдер екен. Лаура Сәрсембекова – елордалық Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының директоры. 20 жыл ішінде ол Астананың бірқатар мектептерінде көптеген жауапты қызмет атқарыпты.
«Осы салада өсуіме демеу болып, қанат бітірген, қашанда қамшылап отырған менің ата-енеме алғысым шексіз. Келін болып түскенде, олар түсіністікпен қарап, дастархан басында отырғанның өзінде «барып сабағыңа дайындала бер» деп үнемі қолғабыс білдіріп отыратын», дейді Лаура Сәрсембекова.
Ерлан мен Лаура Сәрсембековтер – көпбалалы ата-ана. Үйдің тұңғышы Мәдина Мұратқали – Астана Халықаралық университетінде биология пәні мұғалімі мамандығының 2 курс студенті. Оның да осы мамандықты таңдауына отбасым себепші болыпты.
Жасұлан Бақытбекұлы