Қазақ – жайшылықта тәубешіл, жаугершілікте тәуекелшіл, әрі дініне берік халық

Адамзат түрлі халықтардан, ұлт пен ұлыстан тұрады. Әрқайсысының ұлттық ерекшеліктері мен дәстүрі, діни сенім-нанымдары бар. Бұндай алуан түрлілік Алла Тағаланың хикметі. Құранда: «Әй адам баласы! Шүбәсыз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауа ана) жараттық. Сондай-ақ бір біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтылырың – тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» — делінген. (Хужурат сүресі,13 аят). Осы аятта айтылғандай Алла Тағала адамдарды өздерін танулары үшін әр түрлі ұлт қылып жаратты. Адамдар бірін-бірі танулары арқылы өздерін таниды, ал өздерін танулары арқылы Алланы тани алады.

Әр ұлттың ұлтығын белгілейтін, басқалардан ерекшелендіріп жеке даралық беретін құндылықтары діні, тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрі екені баршамызға белгілі. Дін — адам баласының өмірлік ұстанымы, Жаратушыны тануы, ақ пен қараны қақ айырып, жаман мен жақсыны ажыратуы. Сонымен қатар мінез-құлқының тәрбиешісі де діні екендігін айта кетуге болады.

Ал ана тілі-қарым-қатынас құралы. Адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, ақыл-парасатын, рухани байлығын көрсететін айна. Тіл анасының сүтімен сіңіріліп, өмірлік дүниетанымының қалыптасуына ықпалын тигізеді. Тіл жоқ жерде-ұлт жоқ деп, бұрынғылар бекер ескертпеген.

Мәдениет пен салт дәстүр ол, ұлттың кешегісі мен бүгінгісі. Өткен ғасырлар бойы қалыптасқан руханияты, байлығы. Қазіргі кездегі дербестігі. Өзі жайында басқаларға хабар беретін ерекшелігі. Салт-дәстүр ұлт үшін өмір, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде қалыптасқан рухани байлық. Салт-дәстүр әр халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы; қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Күнделікті қолданыста бір мәдени топты екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін қабылданған мінез-кұлық ережесіне немесе әлеуметтік әрекеттерді жөнге келтіретін терминге жатады.Ұлт үшін өмір сүру қағидасы, қоғам заңы болып негізделеді.

Қазақ — көне дәуірден бастау алатын күрделі де бай тарихы, сан қырлы мәдениеті, өзіндік игі ғұрып – дәстүрі бар, этнографиялық ахуалы әр қилы, пейілі өзінің байтақ даласындай кең де қонақжай халық.
Халқымыздың бітім болмысын зерттеген этнограф ғалымдардың атап өткеніндей, қазақ – жайшылықта тәубешіл, жаугершілікте тәуекелшіл, зерделі де ойшыл, сабырлы да төзімді, шыдамды да жомарт, елгезек те еліктегіш, кеңпейіл де кішіпейіл, ерегескенмен ерегесетін, доспен дос бола алатын, әділдікті бағалай білетін, дініне берік халық. Мәдениеті мен салт-дәстүрі ислам дінімен тығыз байланысқан. Ислам өркениетінен алғаны қанша көп болса, қосқан үлесі де орасан.

Қазақ халқы ислам дінімен танысып, қабылдағанына мың екі жүз жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бір бөлігіне айналды. Мәдениетіміз бен әдебиетімізге де діннің ықпалы зор болған. Мәселен, ірі ағартушы Ыбырай Алтынсариннің балаларды білім алуға шақырған шумақтарында:

Бір құдайға сиынып,
Кел, балалар, оқылық ,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық,
Десе тағы бір өлеңдерінде де діни дүниетанымыдылықты насихаттайды:

Жаратты неше алуан жұрт бір Құдайым,
Тең етті бәрімізге күн мен айын.
Адамның адам біткен баласымыз,
Қайсың бөлек тудың деп айырайын,

Бәріміз бір адамның баласымыз,
Жігіттер бір — біріңе қарасыңыз.
Өмір деген бес күндік кетер өтіп,
Атаң барған орынға барасыңыз.

Пайғамбар бұрынғы уақытта Дәуіт өткен.
Патша боп бұл дүниеге даңқы кеткен.
Отыз ұлым бар ғой деп көптік ойлап,
Құдайым отызын да әлек еткен…

Жылаған Дәуіт патша тоба қылып,
Өзінің бенде екенін сонда біліп,
Мұнан соң тақ Сүлеймен туды дейді,
Отыз ұлға бір өзін жора қылып.

Ескендір патша болып дүниені алған,
Қалмаған бұл жалғанда ешбір арман.
Жалғыз — ақ өлмеске айла табамын деп,
Ізденіп мәңгі суын соған барған.

Бала дүниеге келіп, өз еркімен сөйлеп, жан-жағын тани бастағанда бәріміздің ата-аналарымыздан естіп, үйренген нәрселеріміз және бәріміздің өз балаларымызға үйрететін нәрселерімізде осы діннен алынған жақсылықтар. Мысалға тамақ ішкенде «бісмиллә» деген сөзбен бастау керектігі әр қазақ бесіктен білген. Бұл жайында Алланың елшісі(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде:
«Сендердің біреулерің тамақтанса Алла Тағаланың атын зікір етсін. Егер басында Алла Тағаланың атын еске алуды ұмыт қылса, есіне түскенде дереу; «Бисмилләһи әуаләһу уа ахираһу» (Алғашында және соңында Алланың атымен) десін»- делінген.

Сонымен қатар бәріміздің бала күнімізден жадымызға жат болып, күнделікті өмірімізге қатты ықпал ететін нәрсе ол, қандайда бір істі бастарда оң жақпен бастау. Келін табалдырық аттаса оң аяқпен аттауы, киім кисек немесе жазу жазсақ оң қолмен бастау. Атқа міну және сол сияқты көптеген тұрмыс пен күнделікті тіршілікте барлық нәрсе оң жақтан басталып сол жақтан аяқталады. Дәл осылай ислам шариғаты да барлық амалдарды оң жақтан басталуын талаб етеді. Ғұсыл, дәрет, таямум басталуы оң жақпен басталған сияқты мешітке кіру, киім киу, тырнақ алуда да оң жақпен басталуы керектігі айтылады. Хадисте: «Алланың елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тамақ жеп, сусын ішіп, киім кигенде оң жағымен бастайтын» делінген.

Біздің айтып жүрген мақал мәтелдеріміздің де астарында дін жатыр. Бала күнімізде әкемізбен бірге шөп шапқанда немесе далады мал бағып жүрген үйден екеуімізге деп алып шыққан азықты ішерде кездейсоқ кездескен кейбір адамдарды әкелеріміз сол асқа шақырып; «бір адамға жеткен тамақ екеуге, екеуге жеткен төртеуге де жетеді» деп, айтып жататын. Дәл осылай Пайғамбарымыздың(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқанын оқығанда қазағымның дінін қай кезде болса да ұмытпағанына риза боламыз. Мына хадисте Алланың елшісі Мұхаммед(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Екі адамның тамағы үш адамға да жетеді. Үш адамның тамағы төрт адамға да жетеді» десе, Жабир(Оған Алла разы болсын) мен Алланың елшісінен(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) естідім: «Бір адамға жеткен тамақ екі адамға да жетеді.Екі адамға жеткен тамақ төрт адамға да жетеді. Төрт адамға жеткен тамақ сегіз адамға да жетеді»- деген.(Сахих Муслим).

Ең аяғы біздің сәлем беруіміз бен сәлем алуымыздың өзі көптеген ережелелерге сүйенеді. Кішінің үлкенге бірінші сәлем беруі немесе атты кісінің атынан түсі немесе сол аттың үстінде болса да жаяу адамға сәлем беруі. Сол сияқты аз адамның көпке сәлем беруінің бәрінде ата-бабаларымыз Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетінен алғандығы айқын. Өйткені қазақ халқы діндар, дархан халық болған. Солай бола да береді. Абу Хурайрадан(Оған Алла разы болсын) келіп жеткен хадисте Алланың елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : «Атқа мінген адам жаяу жүрушіге, жүріп келген адам отырғанға, аз көпке және жас үлкенге сәлем береді»-деген. (Сахих Бухари).

Міне осы айтқандарымыз халқымыздың діні, тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрі бір-бірімен тығыз байланысқанының азғантай ғана дәлелі. Келер ұрпақты қазақ халқы дінге аса мән бермей көшіп-қонып жүрген халық болған деген жансақ пікірлерден сақтауымыз керек. Дінімізге бекем болып, өз тілімізде сөйлеп, еліміздің жанашыры бола білейік ағайын!

Райымбек Әділ