14 жастағы кәсіпкер
«Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» дейді шығыс даналығы. Совет әулетінен тараған Қасиет пен келіні Гүлбану осы қағиданы ұстанады. Төрт перзентін еңбекке баулып, бейнеттің маңдай тері сіңген нанның ғана тәтті болатынын балаларының құлағына құйып отырады.
– Бала тәрбиесі отбасындағы ең құнды мәселе. Оларды жұмсап қана қоймай, санасып, тыңдап, әрдайым қолдау білдіріп отыру – ата- ананың басты міндеті. Баланы дүниеге алып келу бір бөлек, оларды азамат етіп тәрбиелеу – бөлек әңгіме. Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Біздің отбасымыздағы үлкендердің балаларға беретін ең үлкен үлгісі – ізденіс, білім мен еңбек. Әсіресе, еңбек баланың ел қатарлы ғұмыр кешіп, биік белестерді бағындыру үшін қолданатын ең қажетті құралы, – дейді отанасы Гүлбану.
Расында, Совет әулетінің ерекшелігі – әке-шешесі балаларын жастайынан еңбекпен тәрбиелеп, бір үзім нанның қадірін түсінуге баулыған. Олардың әрқайсысының атқаратын міндеті, өз шаруасы бар. Соны мұқият, тиянақты атқаруды өздеріне міндет санайды.
Әсіресе, үш қыздың ортасында өскен жалғыз ұлы Әділет әр іске икемді, зерек болып өсіп келеді. Өзге балалар сияқты қолына ұялы телефон ұстаған сайын, ойын ойнап, қызығына кірмейді. Ол әлеуметтік желі арқылы қолөнер бұйымдарын жасауды ғана ойлайды. Соған ғана қатты қызығады. Оның бала жүрегіне маза бермейтін бір тілегі – әке-шешесіне қолғабыс білдіріп, әжетіне жарататын қаражатты өз қолымен жасап, табыс табу болатын. Бірде өз ойын анасына жеткізеді. Балаларының әр ісін мақұлдап отыратын аналары бұл жолы да қажетті барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз етіп, баласының қызығатын ісін бастауына қолдау білдіреді.
– Мектеп қабырғасында жүріп те табыс табуға болатыны менің санамнан шықпайтын. Ата-анамыздан ақша сұрай бергенше, қайта оларға қажетін сыйлап, қолғабыс етіп, көмектесуді бауырларыммен бірге мақсат тұттық. Үнемі ізденісте жүрдім. Әпке- қарындастарыммен бірге өз ойымызды іске асыру үшін ақылдасып, әр қажетімізді жазып, қанша қаражат кететінін есептеп, нақтылап алған соң, анамызға «Осы дүниені үйреніп көрсек қайтеді?» деп өтініш білдірдік. Анам біздің ниетімізге сүйсініп, қуана келісті. Әкем екеуі әр қажетімізді сатып алып, демеушілік етті. Ең алдымен сабыннан гүл жасап үйрене бастадық. Оған қажетті заттарды Шымкент қаласынан алдырдық. Ең алғаш жасаған бұйымдарымыз дұрыс шықпай, алдымен біраз шығынданып қалдық. Бірақ, қолға алған кәсіпті игеріп, соңына апаруды ғана ниет етіп, әрбір жіберген қателігімізді саралап, сабыннан гүл жасаудағы түрлі қоспаларды түгендеп, тәжірибе жүзінде жүзеге асырып, үйренуге бел будық. Әбден ысылып, соңында сабыннан жасаған букеттеріміз жайқалып шыға келді. Сол букеттерді сатып, табыс көзіне кенелдік, – дейді 14 жасар Әділет.
Балалардың қолымен жасалған бұйымдар тез арада тарап кетті. Көздің жауын алған қызыл-жасыл сабын гүлдер таныстарының қызығушылығын тудырды. Туған-туыс, құда- жекжаттар тапсырыс беріп, бұл бұйым әсіресе мереке, туған күндерге сыйлық ретінде таптырмас кәдесыйға айналды. Қолына қаражат ұстап, кәсібін дөңгелеткен Әділет енді гипстан түрлі жан-жануар бейнеленген «копилка» жасаудың курсын сатып алады.
– Өнерді үйреніп, оны табыс көзіне айналдыру бізге ұнады. Тағы да курс оқып, ойымды іске асырғым келді. Бұл жолы да жасаған дүниелеріміз алғашында сынып, дұрыс шықпай, әбден қиналдық. Алайда, кәсіп игеру жолында берілмеу керектігін ұқтым. Бұл дүниені де әбден игеріп, қолым үйренгенше талпына бердім. Артқа қайтқым келмеді. «Түбі бұл қолөнерді жасауды да бар ынтаммен игеріп аламын» деп мойымай, алдыма мақсат қойдым. Қазір мереке-мейрамдарға, той- томалақтарға тапсырыс қабылдап жүрміз. Алдағы уақытта да түрлі бұйым үйреніп, соны адал еңбекпен табыс көзіне айналдырғым келеді, – дейді Әділет.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ