14 жылғы абырой 1-ақ күнде төгілді-ау…
Қара тастай берік тұлға көретін кей жандардың, уатылған құмдай әрекеттері қынжылтып кететіні қандай қиын. Сөйлеген сөзімен, жасаған ісі үйлеспейтін адамдар көп қоғамда. Лауазымды шенеуніктер қаншама? Олардың көбі биліктің атынан сөйлеуге құмар. Бір қарағанға беті жылтырап, сиқыр сөзі жалтырап тұрады. Содан да болар, көпке сүйкімді. Билікте өтімді. Жеке өміріне көз салсаң, жүрген жолы кедір-бұдыр. Ішетіні шарап, баратыны түнгі клуб. Ауыз қуысы боқауызға толы. Әдеп, ұяттан жұрдай. Ел олардың бейәдеп істерінің бірін біледі, бірін білмейді. Сайранды салып жүр шіркіндер. Көбінің бетінде бетперде. Оны шешсе, жинаған абыройы айрандай төгілуге шақ тұр.
14 жыл Парламент Мәжілісінің депутаты болып, талай қызық пен шыжықты бастан кешкен Мұхтар Бәкірұлы Тінекеевті ешкім жамандыққа қиған емес. Себебі ол 14 жылда ел өміріндегі ең өзекті проблемаларды Үкіметке депутаттық сауал етіп жолдауда алдына қара салмады. Пленарлық отырыстың бірде-біреуінде ол үнсіз қалмауға тырысатын. 14 жылдық депутаттық ғұмырында жолдаған депутаттық сауалдарын жинақтап, кітап етіп шығарса, том-том болып сөрелерді басып кетер еді-ау. Депутат Тінекеев ел өмірінің бар саласын қамтуға тырысқан депутаттық сауалдардың «көсемі» деуге тұрарлық адам. Өзі қазақ бола тұра, бірде-бір рет ана тілінде сөйлемеуінің өзі оны көп депутаттардан даралап тұратын. Тінекеев десе, шенеуніктердің көпшілігі ат-тонын ала қашатын. Өйткені оның мысы басатын. 14 жылдың ішінде депутаттық мандатты пайдаланып, уақыттың тамырын тап басып, жемқорлармен күресті, жалқау министрлермен тіресті, бірін алып жықты, бірін шалып жықты. Әйтеуір не керек, мәжілістің «гүлі» болды. Сөзіміз жалаң болмау үшін әлі күнге өзектілігін жоймаған депутаттық сауалдарына тоқтала кетейік. Өндірісте денсаулығынан айырылған азаматтарға жалақыларын қайта қалпына келтіру мәселесі жөнінде көтерген депутаттық сауалы діттеген жеріне дөп тиді. Көптің қолдауына ие болды. Халықшыл депутат атанды. Ал дәуірі жүріп тұрғанда Мұхаңның депутат Аманжол Жамаловпен арасындағы жанжалы бір тарих. Екі мәжілісменді қырқыстырып қойған «Коллекторлық қызмет туралы» Заң болатын. Осы құжатты дайындаған Ұлттық банк несиесін төлемей жүрген жұрттың қордаланып қалған қарызын қайтаруды жеке агенттіктерге бермек болғанды. Осыған төзбеген тәжірибелі, сары тіс Тінекеев коллекторларды халықты қанайтын нағыз «мафия» деп, айды аспанға шығарды. Бұл да өз жемісін беріп, атақабыройы аспандай түсті.
Оны айтасыз, «Спортты дамытуға бөлінген миллиондаған қаржы далаға кетті» деп, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын Үкімет сағатында тығырыққа тірегені бар. Елдің айызы сонда бір қанды. Сөзіңді біреу сөйлеп тұрса, құмарың қанбағанда қайтеді?! Ұлттық спорттың келешегіне алаңдаған депутаттың: «Аршавинге миллион доллардан астам жалақы төленгелі отыр. Жылына миллион доллардан асады. Айына 30 мың доллар алатын легионерлер бар. Ал бізге осындай футбол керек пе? Бұл қаражат неге балалар спортына жолданбайды?» — деген жанайқайы халықтың құлағында әлі жаңғырып тұр. Қауіпсіз жұмыс жүргізу үшін көмір шахталарындағы жұмысшылардың санын нормаға сәйкестендіруді жұмыс берушілерге міндеттеуді ҚР Бас прокурорына депутаттық сауал етіп жолдағаны да өз кезегінде дәл ондыққа тиген еді. Депутат Тінекеевтің мәжілістегі 14 жылдық «өмірбаянын» парақтай берсек, ел қамын жеген депутаттық сауалдарының жүзін мысалға келтіру түк емес. 14 жыл бойы Мәжілістің ауасын жұтқан депутаттың белсенділігі мен қоғамдағы өзекті мәселелерге дер кезінде үн қатуы нағыз депутат осындай болуы керек деген көзқарас қалыптастырғанын жасырғымыз келмейді. Алайда «Жылқы аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген бабалар тәмсілінің текке айтылмағанына куә болдық. «Бақсақ, бақа екен» демекші, бажайлап қарасақ, Тінекеев те пенде екен. Пенде болған ірі екен.
Жаңа жылға санаулы күндер қалғанда ішімдік толы дастарханның басында, Қарағанды облысы мәслихатының экс-депутатын шапалақпен ұрып, аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққан депутат Мұхтар Тінекеевтің әрекетін естіген халық шошыды, көрген жұрты шоршыды. Басынан құс ұшырмай жүрген халық қалаулысының дөрекі мінезі, адамшылыққа жат бейәдеп қылығы әлеуметтік желіде кең талқыланып, көпшіліктің ашу-ызасын туғызды. «Сенген серкем сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» деп кіжінгендер қарасы мол болғанын айтып жатудың өзі артық. Видео жалпақ елге жария болғаннан кейін мақтаулы депутат ауруханаға жатып шықты. Тек мадақ пен марапатқа, өзгелерді сынау мен мінеуге үйренген жүрек, өзгелердің сыни пікірлерін қабылдай алмай, біраз «туласа» керек. Басында бұл былтырғы әзіл ғой деп бұлтақтағанымен, дамыған технология оның тәуелсіздік қарсаңында болған оқиға екенін дәледеп берді. Обалы нешік, жүрегі жазылып, ауруханадан шыққан бетте мәжілісмен хат жазып, қазақстандықтар мен әріптестерінен кешірім сұрады. Өз ісінің депутатқа тән еместігін мойындады. Өкінішін білдірді. Артынша Мұхтар Тінекеевтің тәртібін Мәжілістің этика жөніндегі комитеті қарады. Әрине, маңдайынан сипаған жан болмады. «Тауда бұғының мүйізі сынса, ойда сиырдың мүйізі қақсайды» дегендей, әріптестері іштей болса да қынжылғандары анық. Әйтсе де Мәжілістің беделін түсіріп, депутаттық атаққа күйе жаққанын кешере алмағандары жүздерінен көрініп тұрды. 14 жылдық депутаттық қызмет — екінің бірінің басына бұйырмаған бақ. Ол Мұхтар Тінекеевтің пешенесіне жазылыпты. Бірақ оны абыроймен аяқтауға шама-шарқы жетпегені өкінішті. Сонда дейміз-ау, ата қазақтың «қате болайын десе, быламыққа да тіс сынады» деуі бекер болмады ғой. Қарап тұрсақ, дамыған технология дәуірі әлі талай шендінің артын ашып, халықтың қамын жеп «жайнаң қаққан» талай депутаттың былық-шылығын көрсетпесіне кім кепіл?! Біз қауіп еткесін айтамыз. «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға» деген Абай неткен данышпан!
P.S. 2004 жылы саясаткер Болат Әбіловтың «Мен Мұхтар Тінекеевтің депутаттық мандатты сатып алғандығын дәлелдей аламын» деп соттасқанын ұмыта қойған жоқпыз. Ол кезде көпшілік «Ит үреді, керуен көшеді» деп, соншалықты көңіл аудара қоймағаны белгілі. Одан бері Парламент неше мәрте тарап, неше мәрте қайта сайланды. Бірақ Тінекеев жылы орнын суытпады. Жаңа құрамда жаңарып отырды. 14 жыл. Енді міне, шалыс басқан бір қадамы бетпердесін сыпырып, жылдар бойы жинаған абыройын айрандай төкті. Осындай келеңсіздіктен сақтай көр бізді, Жаратқан!
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК