ТЫНЫМСЫЗ ЕҢБЕК БӘРІН ДЕ ЖЕҢБЕК

Құттықтаймыз!

Журналистер күні қарсаңында газетіміз үшін екі қуанышты жаңалық болды. Екі бірдей журналисіміз мемлекеттік деңгейдегі үлкен марапатқа ие болды. Екеуі де үлкен жүректі, халықшыл, рухты азаматтар. Біреуі алпысты алқымдаған, екіншісі жетпісті желкелеген ел ағалары. Екеуі де қаламы әбден төселген, қара сөзде арғымақтай көсілген, өмірлік тәжірибелері қыл арқандай есілген бірі жазушы, бірі ақын. Ертай Айғалиұлы – «Qazaqstan dauiri» газетінің, Дәулетбек Байтұрсынұлы – «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы. Екеуі де Журналистер мен Жазушылар одағының мүшелері. Атақ-абыройлары мен алған марапаттары да жетерлік. Бірақ бұл жолғы мемлекеттік деңгейдегі марапаттары бәрінен биік. Бәрінен асқақ. Себебі билік назар аударып, еңбектерін бағалап отыр. Бұдан асқан қандай қуаныш болмақ. «Ақ түйенің қарны жарылған күн» деп атамыз қазақ осыны айтқан болар. Ертай Айғалиұлына табысталған «Құрмет» ордені мен Дәулетбек Байтұрсынұлына берілген «Ерен еңбегі үшін» медалі қос азаматқа емес, қос бірдей ұжымға, «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналына берілген баға. Әділ баға!

Бұл қос басылым ұжымы алты ай жаз «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясымен шалғайдағы ел мен жерді, алыстағы ағайынды аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігін, шаруалар мен кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын билікке жеткізуде алдыңғы сапта жүр. Мемлекет басшысының саясатын насихаттауда да ерен еңбек сіңіруде. Олай болса қос басылым Бас редакторларына билік тарапынан көрсетілген құрмет – ел мен жерге көрсетілген құрмет деп түсінген абзал.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» дейтін қазақтың баласымыз ғой. Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, белгілі жазушы, журналист Бауыржан Омаров мырзаның ФБ әлеуметтік желісіндегі «Қадір мен Құрмет» деген жазбасына тәнті болдым. Біздің Ер-ағаң, Ертай Айғалиұлы жайлы. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген осы болар. Журналистік жолдағы әріптес ағасы туралы қалай толғанған. Тебіренбей оқу мүмкін емес. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Бауыржан мырзаға Бас редакторға көрсеткен құрметі үшін Еланасы ретінде алғысымды білдіре кеткенді жөн көріп отырмын. Өсе бер, өркендей бер, бауырым! Жазарың таусылмасын! Ойларың сарқылмасын!

Газет ұжымының тағы бір қуанышы, Мәдениет және ақпарат министрлігінің мақұлдауымен «Qazaqstan dauiri» газетінің бөлім редакторы, Журналистер одағының мүшесі Шаргүл Қасымханқызына «Ақпарат саласының үздігі» медалі табысталды. Өңірлердегі тілшілеріміз де сый-құрметтен ада емес. Мұның бәрі біздің көңілімізді көтеріп, шабытымызды қамшылайды. Басылымның Бас директоры ретінде барша журналистерді мерекелерімен шын жүрегіммен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ел мен жердің мұңы мен құнын бағалаудан, жоғы мен барын түгендеуден шаршамаңыздар! Билік басындағы азаматтар да ғұлама жазушы Әуезов жазғандай «Сын шын болсын, шын сын болсын» қағидатынан танбауын қалаймын! Ел мен жерге сіңірген еңбектер әрдайым бағалана берсін! «Жақсының жақсылығын жарнамалаудан әрқашан шаршамайық, ағайын!»
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болады. Президенттің алдында Ақорданың төрінде ағынан жарылып, ағалық ақ тілегін арнаған Бас редакторымыз Ертай Айғалиұлының мына бір сөзімен ойымды түйіндегім келіп отыр. Себебі бұл айтылған ақ тілек Ерекеңнің ғана емес, ел болашағына алаңдаған, жастардың келешегіне елеңдеген азаматтардың бәріне тән ақ ниет. Ақ бата!

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, қауырт жұмыстардың көптігіне қарамай, бүгінгі салтанатты жиынға келіп марапат тапсырып жатырсыз, алғысым шексіз! Бәріміз де ауылдан шықтық. «Ауыл – ел бесігі», қазақтың түп қазығы ауылда жатыр. Сіз Президент болған кезіңізде ең бірінші жарлығыңызды ауылға арнадыңыз. Сөйтіп елді қуанттыңыз! Сіздің жарлығыңыздан кейін «Ауыл аманаты» деген үлкен жоба пайда болды. Онда шаруаларға екі жарым пайызбен кредит берілетіні нақтыланды. Бұл – бұрын-соңды болмаған жеңілдік. Шаруа баққан халыққа үлкен көмек. Осы мүмкіндікті пайдаланып, халықтың атынан рақмет айтқым келеді. Тағы бір қуанышты жаңалық, былтыр жастарға баспана беру мәселесін қайталап көтердіңіз. Жиынымыздың алдында біраз адамдарға баспана берілді. Демек, биыл да сол үрдіс жалғасып жатыр екен. Бұл ел үшін, әсіресе жастар үшін үлкен демеу, асқан қамқорлық! Әсіресе Сіздің жаңа реформалар жөнінде айтқандарыңыз, «Жаңа Қазақстан құру, Әділетті Қазақстан құру» жайлы тамаша бастамаларыңыз бар. «ҚОРЫҚПАҢЫЗ», біз соны қолдаймыз!
Баспана мәселесінде жекеменшік басылымдар үнемі шет қалады. Меніңше, әділеттік тұрғыда мемлекеттік басылымдар мен жекеменшік басылымдар теңестірілсе деген өтінішім бар» – деді ол.
Оның сөздері шынайы шықты. Бұл тарихта қалатын сөз, игі тілек деп білемін. Майталман журналист қалың елдің сөзін, тілегін жеткізіп отыр. Осы тамаша бастаманы халық шынында да қолдап, еліміз нағыз Әділетті Қазақстанға айналса деп оң қабақ танытып, Президентімізге зор сенім артады. «Қорықпаңыз!» деген сөз елдің сөзі, қолдауы. Иә, қорықпаңыз! Алға, Қазақстан!

СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері