Серіктестік өзара тиімді болатынына сенім мол

Су ресурстарын басқару саласындағы жетекші израильдік компаниялардың консорциумымен кездестім. Израильдік делегацияны Value LBH компаниясының басқарушы серіктесі және Dan Capital инвестициялық компаниясының басқарма төрағасы Шимон Бен Хамо бастап келді.
Кездесуде су саласының түрлі бағыттары бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқыладық. Атап айтқанда, су шаруашылығы нысандарын салу және реконструкциялау, бірлесіп кадр даярлау жөнінде сөйлестік.
Сонымен қатар, су үнемдеу технологияларын енгізу, суды тазарту және қайта пайдалану, ауыз судың сапасын бақылау, су ресурстарын бөлу мен есепке алуды автоматтандыру мәселелері бойынша серіктестік орнату жөнінде пікір алмастық.
Израильдік бизнесмендер Қазақстанда су қоймаларын салу және реконструкциялау жұмыстарына инвестор ретінде қатысуға дайын екендіктерін білдірді. Бұдан бөлек, Израиль компаниялары су тасқынын болжау және одан қорғанудың заманауи жүйелерін ұсынуға дайын.
Кездесуде кадр даярлау мәселесіне жеке тоқталып, еліміздегі су шаруашылығы мамандарының біліктілігін арттыру бойынша бірлескен бағдарлама әзірлеу жөнінде бастама көтердім. Сондай-ақ, жоспарланған жобалар бойынша жұмыс тобын құруды ұсындым.
Біз нәтижелі ынтымақтастыққа ниеттіміз. Израильдік компаниялардың суды сапалы басқаруда мол тәжірибесі мен заманауи технологиялары бар. Кейбір компаниялар Қазақстанда бұрыннан бері табысты жұмыс істеп келеді. Біз барлық салада суды барынша тиімді пайдалануға ниеттіміз, сондықтан серіктестігіміз өзара тиімді болатынына сеніміміз мол.

Нұржан Нұржігітов,  ҚР Су ресурстары және ирригация министрі