Өмірі өнеге отбасы.

Ұстаз болу – жүректің батырлығы. Өйткені, бала тәрбиесі қоғам игілігіндегі ең жауапты іс. Ұстаз — шәкіртінің бойына білім нәрімен қатар, ақыл-парасат пен көркем мінез сіңіруші жан. Сондықтан болар, ұстаз есімі қашанда ұлағатты. Ал осы мамандық үлкен бір әулетте ұрпақтан ұрпаққа сабақтасып жатса, оның орны тіпті ерек.

Тұрар Рысқұлов өлкесінде еліміз үшін аянбай еңбек етіп, өзінің адалдығымен, парасаттылығымен ел аузында жүрген, ауыз толтырып айтарлық азаматтарымыз баршылық.

Осы азаматтарымызға лайықты құрмет көрсетіп, ғибратты ғұмырын басқаларға үлгі, жастарға өнеге ету біздің басты мақсатымыз.

Осындай азаматтарымыздың бірі де бірегейі,  бар саналы ғұмырын білім саласына арнаған  – Намазбаев Бауыржан Макұлбайұлы ағамыз бүгін  75 жасқа толып отыр.

Бауыржан Макұлбайұлы 47  жыл ғұмырында білім саласына айтарлықтай үлес қосты. Білім саласының жілігін шағып, майын ішкен білікті  мамандар қашан да ардақты. Білім керуенін бастаған ұстаз ретінде қандай құрмет көрсетсек те, қалай мақтасақ та жарасады.

Жарты ғасырдай уақыт ұстаздық қызмет атқарған Бауыржан ақсақал ұрпақтарына ұстаздық мамандықтың ұлағатты қасиеттерін сіңірген. Соның нәтижесі болар, апамыз, білікті кәсіпкер Серікгүл Намазбаева екеуінен тараған үш ұл, бір қыздан тараған сегіз немере, он шөбере мәуесін жайған жапырақтай өсіп өнген, өнегелі үлкен жанұяға айналып, ұрпақтары еліміздің түрлі салаларында абыройлы үлкен қызметтер атқаруда. 

«Оқ жонып, тон пішкен» азаматтар әке-шешесінің үлгі-өнегесін көріп, өз отбасында қалыптасатыны белгілі. Біз сөз еткелі отырған қара шаңырақ иелері — қажырлы еңбек етіп, Отанның амандығы үшін біршама іргелі істі атқарып жүрген сәулетті әулет.

 Бауыржан ағамыз ұлқыздарын әрқашан білімді болуға, адал еңбекпен өмір сүруге тәрбиеледі.

Міне, біз әңгіме еткелі отырған отбасында Отан алдында адал қызмет етуді ұрпақтан ұрпаққа ұлағат етіп келеді. Тәжірибесі тұтас құқық саласының мектебін құрап отыр деуге де болады.

Мұндай отбасы — әрқашан әулеттің абыройы мен жас ұрпақты тәрбиелеудегі ата-бабаларымыздың өмірлік ұстанымдарын жадында берік сақтаған және осы құндылықтар арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеген жандар.

Отбасылық істі жалғастырушылардың жарқын үлгісі  ұлдары: бірі Тимур Капитан, Руслан полковник, Исламбек Подполковник. Бұл отбасының барлық ер азаматтары  құқық қорғау қызметін таңдауымен ерекшеленеді.

Ал, бір тал гүлдері Индира әпкеміздің есеп қисап, ұйымдастыру жағынан Жамбыл төңірегінде абыройы асқақ. Білімі жоғары. Таптырмайтын маман екеніне ешкімнің дауы жоқ. 

Бүгінде 75 жасқа тың жігер, жарқын көңілмен жетіп отырған Бауыржан  ағамыз Оқу министрінің төрт дүркін алғыс хатымен, облыс, аудандық жүзге тарта марапаттар алып, төсіне тақса толардай түрлі жетістіктері үшін медалдардың иесі.

Еліміздің болашағы жастарға салауаттылықты сіңіріп, білім мен тәрбие беру жолындағы ұстаздық еңбегіңізді, салиқалы сөздеріңізді, сабырлы мінезіңізді, ұстазға тән ұстамдылығыңызды, шеберлігіңіз бен парасаттылығыңызды, еліміздің қоғам белсенділерін тәрбиелеу жолындағы табысты жұмыстарыңызды әрқашан үлгі тұта отырып, ғасыр жасаңыз, туған күніңіз құтты болсын дейміз!

Дариха Үмбетиярова, ҚР Журналистер одағының мүшесі