144 павлодарлық отбасы елорда күні қарсаңында қоныс тойын тойлады

Жаңа пәтерлердің иелеріне кілттерді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов табыстады.

Екі бірдей тоғыз қабатты үй ген. Дүйсенов көшесі, 138/1 мекенжайы бойынша бой көтерді. Үйлердің бірінде 36 екі және үш бөлмелі пәтерлер болса, екіншісінде 10 бір бөлмелі, 27 екі бөлмелі және 35 үш бөлмелі пәтерлер бар. Үйлерге «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тапсырыс берді. Үйлердің құрылысымен белгілі құрылыс компаниясы – «БЕКАС» фирмасы» ЖШС-і «ГСУ Құрылыс» және «СТРОЙ-ТЕХ» серіктестіктерімен бірлесіп жүргізді.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов жаңа пәтер иелерін «Ел астанасы – Нұр-Сұлтан» эгидасы аясында тойланып жатқан елорда күнімен құттықтады. Аймақ басшысы өңірдегі тұрғын үй құрылысы одан сайын жандана түсетінін атап өтті.

— Әр отбасыға құт-береке тілеймін, — деді аймақ басшысы. – Сіздердің балаларыңыз бен немерелеріңіз өздеріңізге тірек болсын. Біз қала бойынша абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы жаңа үйлер де ұмыт қалмайды.

Жаңа пәтерлердің кілттеріне ие болғандардың қатарында Құсбековтердің де көп балалы отбасы болды. Қуат пен Жазира Құсбековтер үш ұл мен үш қызды тәрбиелеп отыр.

— Біз үшін бұл үлкен мереке. Отбасымыз көптен күткен пәтерге ие болдық, — деді Қуат Құсбеков. – Барлықтарыңызды қоныс тойымен және елорда күнімен құттықтаймын.

Айта кету керек, жаңа үйлердегі 20 пәтерді «Павлодар мұнай-химия зауыты» өз жұмыскерлері үшін сатып алды.

 

Әлихан Рахметоллаұлы