15 жылға сотталған Еңбек Ері
Социалистік Еңбек Ері,үш мәрте Ленин орденінің иегері,Қазақ КСР-ның Жоғары Кеңесінің депутаты , даңқты қызылшашы Дариханың тағдыр жолы тар жол тайғақ кешулерден тұрады.
Жан жары соғыстан оралмайды. Ұлы мен қызы шетінеп кетеді. 23 жасында жесір қалған жас келіншек 1947 жылы ерен еңбегінің арқасында Еңбек Ері атағын алады. Одақтың бүкіл газет-журналында Дариханың суреті басылып, қарапайым колхозшы еңбек адамының ерлігін паш етеді.
1953 жылы жалған жаланың кесірінен барлық атақ даңқынан
жұрдай болып 15 жылға сотталып кете барады. Қарағандыдағы әлемге әйгілі Долинкада азапты жылдарды басынан кешіреді. Аққа құдай жақ болып 1958 жылы ақаталып шығып ,Еңбек Ері атағын , Ленин ордендерін кеудесіне қайта тағады.
Сталиннің 70 жылдығын тойлауға барғанда Буденный,ХРУШЕВ, Брежневпен дастархандас болған. Асанбай Асқаров істі болғанда атақты Айтматов пен Ақаевтың алдында барып Асанбайға араша түскен.Асқаров үшін Назарбаев арқылы Горбачевпен тілдескен жан. Қонаевтың үйінде қонақта болып Зухрамен құрбы болған.
«Дүниеде үш нұр бар.Біріншісі -күннің нұры, екіншісі- ақылдың нұры, үшіншісі -ананың нұры» деуші еді атам қазақ. Осы үш нұрдың бәрі Дариханың тұла бойына тоғысқан. Даңқты ананың суреттері Мәскеудегі Третьяков галлереясында, Киевтегі мемлекеттік мұражайда дүниежүзіндегі рекордсмен ретінде ілініп тұр. Сонымен бірге бұл кісі Қиыр Шығыстағы теңіз флотының құрметті матросы.
Туған күні 8 наурыз. Ал, 9 мамыр абақтыдан ақталып шыққан күні және Социалистік Еңбек Ері атағын қайтарып алған күні.Отанның өнегесі -Отбасының өнегесінен басталатыны рас болса Дариханың ерлікке толы еңбек жолы мен өнегелі істері жас ұрпаққа үлгі болатыны сөзсіз. Тарихы терең Таразда тасада қалған танымал тұлғалар жетіп артылады. «Жизнь замечательных людей» деген айдармен деректі фильмдердің топтамасын шығарып руханиятқа құтты қадам жасасақ ғибратты іс емес пе ?. Қалай ойлайсыздар ?
Шоқан Сыздықұлы