1500 отбасына азық-түлік жеткізілді
Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласы мен төрт ауданындағы 1500-ге жуық аз
қамтылған отбасы азық-түлік жиынтығы түрінде қайырымдылық көмегіне ие болды.
Қазақстан бойынша қолға алынған қайырымдылық акциясына "Халық" қайырымдылық
қоры мұрындық болған. Қор 20 мың азық-түлік жиынтығын қалыптастырып, төтенше
жағдай режимі мен карантиндік шараларға байланысты күрделі қаржылық жағдайда
қалған мұқтаж отбасыларға үлестірді. Өнімнің жалпы көлемі 1200 тоннаны құраған.
Игі бастаманы алғашқылардың бірі болып еріктілер қолдап, азық-түлікті жеткізіп беруді
қамтамасыз етуге барынша атсалысқан. Еріктілердің айтуынша, тұрғындар әлеуметтік
көмекті өте жылы қабылдап, ризашылықтарын білдірген. Бұл бүгінгі күні бизнес
тарапынан әлеуметтік қолдаудың, сондай-ақ азаматтық қоғамның бірігуінің қаншалықты
маңызды екенін тағы да бір айғақтай түсті десек артық айтпаймыз.
Бекнұр Сатыбалдиев