16, 100 теңгені аналарға көп көргенің қалай, Мәдина ханым?
«Жаңа жылда еліміздегі көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы өседі екен» деген қауе-сет тарағанда қуанбаған ана жоқ шығар. Енді ше? Мемлекет ынталандырып, отырса, халықтың саны көбейгеннің үстіне көбейіп жатса, ұлт мерейінің көтерілгені емес пе? Иә, “Балалы үй базар” десек те, бүгінгідей нарық заманында оларды киіндіру, тамақтандыру, өзге де толып жатқан керек-жарағын тауып беру оңай іс емес. Және де соңғы жылдардағы қатты қарқын алған қымбатшылық көпбалалы отбасылардың қабырғасын қаусатып кеткені де рас. Сондықтан да аналардың Үкіметтен күткендері көп еді…
Өткен аптада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова Үкімет мүшелері алдында ресми тілде жорғадай тайпалып, көпбалалы аналарға жасалып жатқан жақсылықтарды тізбелей келіп: «В других странах такого практически нет. Есть капитал в России. У нас, если за все годы посчитать, выходит по нескольку миллионов тенге», — деп салды. Иә, жылдарға шақсақ көп қаржы көрінер, алайда көпбалалы аналар алатын жәрдемақыға қосылып жатқан 500-700 теңге аспанға бөрік атып қуанатын жаңалық па? Өзі мысалға алған Ресейдің ана капиталы бұл жәрдемақыдан көш ілгері… Салыстырудың да жөні бар ғой. Министр деген бірдеңе айтқанда ойланып алғаны дұрыс-ау тегінде.
“Көресіңді көрмей, көрге кірмейсің” демекші, қалың ел не көрмей келеді? Неге көнбей келеді? Қайтеді енді, бәріне шыдап жүр. Күледі. Күрсінеді. Кейде кіжінеді. “Өз қолыңды өзің кесе алмайсыңның” кебі ғой бәрі де. Өйткені аңдаусыз сөйлейтін депутат, ойланбай сөйлейтін министр, бет алды сөйлейтін әкім-қаралар бізде жиі кездеседі. “Жүйелі сөз киесін табады, жүйесіз сөз иесін табады” деген тәмсілді олардың ескермейтіні жанға батады. Әйт-песе бейәдеп істерге бармаса керек-ті. Ел алдында жүрген лауазымды адамдардың әр сөзі-не абай болуы — президенттің де абыройы екені белгілі. Әттең, соны ескеріп жатқан бірі жоқ. Мәдина қызымның іс-әрекетін көріп тұрып есіме қайдағы-жайдағылар түсіп тұрғаны… Ертерек-те Бақыт деген депутат қыз, “еркектер екі әйел алуға қол жеткізсе, бізде екі күйеуге тиюді заңдастыруымыз керек” деп айды аспанға шығарғанда ел шошып жағасын ұстап еді. Бұл ұлттық менталитеттен жұрдай адамның сөзі емей не? Елдің тағдыры шешілетін өкілеттік органда мынадай адамдар жүрсе жетіскен екенбіз деп халықтың дүр еткені есімізде. Ол аз десең, депутат Қарақұсова ханымның да (кезінде министр болған) шатып-бұтып айтқандары бір аңыз. Әйелдердің зейнеткерлік жасын көтеруді қолдаймын деп аналардың ашуына тигені де тарихта қалары анық. “Екі елі ауызға төрт елі қақпақ” деген қайда? — дейсің осындай да ашынып. Қызметтік этикадан жұрдай қаншама шенеунік жүр, сөзі басқа, ісі басқа. Қазақ ондайларды “Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын” деп бір-ақ қайырыпты-ау…
Тәуелсіздік алып, өзгелермен тереземіз тең болады, салауатты ұрпақ өсіріп кең байтақ даланы түрлендіреміз деген арман-тілекте көптің көкейіндегі бір арман-тұғын. Сөйтсек, оның да өз қиындығы бар болып шықты…
Елдің тұтқасы болады деген шенді шекпенділердің ерсі қылықтары, өрескел істері атан түйенің белін қайыстырып жіберер еді, артып қойса…”. Әттең, “Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ”.
Елі сенім артқан Елбасы осының бірін білсе, бірін білмейді. Әйтпесе, жүріс-тұрысымен, сөйлеген сөзімен халықтан алыстап бара жатқан шенеуніктерді аямас еді.
Баяғыда біреу “Кіші қызым үлкен қызымнан сорақы” деген екен күйініп. Соның күйін біз де бастан кешіп отырғандаймыз бүгінде. Әйтпесе министрлер, әкімдер әрбір сөзімен, ісімен Елбасымыздың абыройын аспандатып, тіреу болатын лауазымды тұлғалар емес пе?!
Бірді айтып бірге кете бердім-ау, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова: “Еліміздегі көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы өсті”, — деп жаһанға жар салып, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері 15,400 ден 16,100 теңгеге өскенін сүйіншілегенін жоғарыда айттық.
Оның айтуынша, жәрдемақы мөлшері елдегі инфляция деңгейіне байланысты индекстеледі екен. “Биыл инфляцияның орташа дәлізі бес пайыз және соған байланысты жәрдемақы көтерілді”, — деді ол. Құдайым-ау, елді дүрліктіріп, елеңдетіп, емексітіп жатқандағы жәрдемақыға қосылғаны 700-ақ теңге. Бұл соншалықты көп ақша ма? Бұл кей шенеуніктердің таңғы асына да аздық етуі мүмкін қаржы ғой.
Ұлан байтақ жерді демография дүмпуі ғана сақтап қалатынын қаперге алсақ, көпбалалы аналарды қолдап, қорғау алдыңғы орынға шығары анық. Онда 700 теңге қай жыртыққа жамау болмақ, Мәдина ханым? Мынау сөзің тіпті сорақы ғой. Бүгінгі таңда 16,100 теңгені көп қаржы көрген сен ғанасың ба деп қорқамын. Сені де түсінемін қызым, мемлекеттік қызмет базар аралауға, дүкенге азық-түлікке баруға мұрша бермейтін шығар. Сондықтан қолың қалт етіп жатса, 16,100 теңгеңді сөмкеңе салып алып қарапайым халықтың тыныс-тіршілігімен де танысып қайтуға кеңес беремін. Сонда көп нәрсеге көзің жетеріне бәс тігемін. Өзің де анасың ғой. Неге аналарға жаның ашымайды? Қарағым, келешекте мынаны есіңде мықтап ұстағайсың: елдің болашағы саналатын ұрпақтан қаржы аяған мемлекеттің ешбірі ұшпаққа шықпаған…
Сөз соңында айтарым мынау: Министр қызым жастықпен айтып қалды дейік, оған Парламентте отырған көпті көрген қақсал депутаттардың тым құрыса біреуі: “Сіз көпбалалы аналардың жәрдемақысына 700 теңгенің қосылғанын сөз етіп жатырсыз. Алайда Астаналық кей шенеуніктердің жаңа жылдан кейін жалақысы 330 мың теңгеге өскенінен хабарыңыз жоқ па?” — дегенде мен бұл мақаланы жазбаған болар едім… Сөзімді депутат сөйлесе, тілім қышып бара ма?!…
Бет қатталып жатқанда
Мәдина ханым, бұл ұшқары пікіріне ел шулап кеткен соң сейсенбіде журналистердің алдында ақталғансыды. Бірақ айтқан уәжі бірінші пікірін қайта тереңдеткендей көрінді. Ел күткен «кешіріңіздер, ағат кетіппін» деген сөз айтылмады. Сірә, бары да, базары да сол болар…